• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
28 Мамыр, 2010

ЖОЛЫ ЖІҢІШКЕ АЛТЫН ЖҮЛДЕ

542 рет
көрсетілді

Астанада таэквондодан WTF тұ­жы­рымы бойынша ХІХ Азия чем­пио­наты аяқталды. Үш күн бойы 24 елдің 260-тан астам спортшылары қатысқан байрақты бәсекеде Қазақстан құра­масының қыз-жігіттері бір алтын, бір күміс және үш қола медальді иеленді. Бұл сында ұлттық құрама сапында алғашқы жүлдені 54 кило салмақта Нариман Шәкіров, Сұлтан Қасымов (80 кг.) және қыздар арасында 46 килода татамиге шыққан Айжан Әлижанова жеңіп алды. Чемпионаттың бірінші күні Қа­зақ­стан құрамасының қоржынына үш бірдей қола медаль түскенімен, жүл­делі орындарға ие болады деп үміт арт­қан кейбір спортшыларымыз қар­сы­ластарынан жеңіліп қалды. Мұнда қыз­дар арасында 67 килода сынға түс­кен студенттер арасындағы дүние­жү­зілік универсиаданың жеңімпазы Гүл­нафиз Айтмұхамедова, 57 килода Ека­терина Дмитриева мен жауын­гер­лік жекпе-жектен Азия ойындарының кү­міс жүлдегері Қайрат Сарымсақов (67 кг.) бәсекелестеріне есе жіберіп алды. Бәсекенің екінші күні отан­дас­та­рымыздың бабы мен бағы тағы келісе қоймады. 63 килода Дархан Қа­сым­құлов, Айбар Дүйсебаев (74 кг.), Дәурен Ризаев (87 кг.), қыздар ара­сын­да Азия ойындарының күміс жүлдегері Сәуле Сардарова (53 кг.) мен 63 килода татамиге шыққан Эльвира Қабырбаева жарыстарын аяқтады. Осы күні Феруза Еркешова (73 кг.) болмағанда, ұлттық құрама тағы да жүлделі орындардан құралақан қалатын еді. Өз салмағында ақтық сынға дейін қарсыластарының бәрін таза жеңген Феруза қытайлық спорт­шы Хан Юингюингті 3:0 есебімен ұтты. Бұл оның Азия чемпионатында жеңіп алған алғашқы алтын жүлдесі болғаннан кейін көңіліміз бір серпіліп қалғаны жасырын емес. Енді жүлденің бірінен соң бірі келетінін күткен біз татамиге келесі болып шығатын басқа да спортшыларымызға зор үміт артқан едік. Алайда 57 килода бәсекеге түскен жастар арасындағы әлем чем­пио­ны Жалғас Бектасов, Әлмира Ес­мұрзаева (49 кг.) мен Жұлдыз Кү­міс­бекова (74 кг.) үмітті ақтай алмады. Осыдан кейін бар үміт ақтық сынға дейін кездесулердің бәрін таза ұтқан Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері Арман Шілманов та ғана қалған болатын. Бірақ Арман Иран спортшысымен болған финалдық бәсекеде бар күш-жігерін салғанымен, қарсыласын жеңе алмады. Сөйтіп, тағы бір күміс қоржынымызға түсті. Ақтық айқас аяқталған соң жекпе-жектерге байланысты пікірін білдірген Шілманов финалда бар күш-қайратын жұмсағанымен бабында болмағанын, өйткені, оның екі айна­лым­нан кейін бірден финалға жібе­рілгенін айтты. Дегенмен ол алдағы Қытайда өтетін Азия ойындары мен Ташкентте болатын әлем чем­пио­на­тында жүлделі орынды міндетті түрде жеңіп алатынына сендірді. Астанада осынау бәсеке алдында алғаш рет таэквондоның іргетасы саналатын “пумсе” түрі бойынша жа­лауын көтерген Азия чемпионатында Қа­з­ақстан құрамасының бір алтын, екі күміс және екі қола медальді жеңіп алғанын да атап өткеніміз жөн. Сары құрлықтың 15-тен астам елдерінің саңлақтары қатысқан бұл сында Бақытжан Аязбаев пен Наталья Югай бір жұпта өнер көрсетіп, бас жүлдені жеңіп алды. Дастан КЕНЖАЛИН.