• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Саясат 05 Желтоқсан, 2022

Мемлекетке қайтарылғаны – 3 миллион гектар жер

303 рет
көрсетілді

«Amanat» партиясының Орталық аппаратын­да «Жер аманаты» комис­сиясы­ның кеңейтіл­ген оты­рысы өтті. Жиын ба­ры­сында атқарыл­ғ­ан жұ­мыстың аралық қо­ры­тын­дысы шығары­лып, алдағы міндеттер айқындалды.

Іс-шараға Мәжілістегі «Amanat» партиясы фрак­ция­сы­­ның депутаттары, Бас прокуратура, Ауыл шаруа­шылығы министрлігінің бас­шылығы, қоғам қайрат­керлері, партияның өңір­лік филиалдарының ат­қарушы хатшылары және тағы басқалар қатысты.

Отырысты ашқан партия Төр­ағасы Ерлан Қошанов жайы­лымдық жер мәселесі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың жеке бақылауында екенін атап өтті.

«Былтыр Президент игеріл­мей жатқан жерлерді мемлекетке қайтарып алу туралы Үкімет пен Бас прокуратураға арнайы тапсырма берді. Бұл жұмысқа партия жанынан құрылған «Жер аманаты» комиссиясы да белсенді атсалысып келеді. Мәселен, бүгінде еліміз бойынша 5 миллион гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылса, оның нақты 3 миллион гектары «Жер аманаты» комиссиясының тікелей араласуымен іске асты», деді Ерлан Қошанов.

Ол аз уақыт ішінде комис­сия­ның «жедел желісіне» тұр­ғын­дардан 2,5 мыңнан астам өті­ніш келіп түскенін атап өтті. Халық­тан келіп кеткен өтініш-арыз­дың барлығы жергілікті әкім­дік­термен және бейінді ми­нистр­лікпен бірлесіп мұқият қаралды.

Сондай-ақ партия төр­ағасы алдағы уақытта атқары­ла­тын жұмыстардың негізгі міндеттерін атап өтті. Мәселен, өңірлік комиссиялар мемлекетке қайтарылған ауыл шаруа­шылығы жерлерінің халық арасында әділ бөлінуіне қатаң бақылау жасауы қажет. Сондай-ақ жерді заңсыз бөлген лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тарту және болашақта осындай фактілерге жол бермеу үшін тиісті шаралар қабылдау керек.

«Жер аманаты» комиссия­сы­ның мүшелері әрбір ауыл­дық елді мекендегі жайылым тап­шылығы мен мемлекет мен­шігіне қайтарылған жер учас­келерінің тізбесін көрсе­тетін интерактивті карта әзірлеуді ұсынды.

Сондай-ақ отырыс барысында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев, заңгер Бақытжан Базарбек, қоғам қай­рат­к­ерлері Мұрат Әбенов, Ға­лым Байтоқ, журналист Мақ­сат Толықбай, пар­тия фи­лиал­дарының ат­қарушы хатшылары және тағы ба­с­қалар сөз сөйлеп, игерілмей жатқан жерлерді мемлекетке қайтару жұмыстарына қатысты ойларын ортаға салды.