• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 05 Желтоқсан, 2022

Елімізде АЕК-тен бас тарту ұсынылды

536 рет
көрсетілді

Мәжіліс депутаты Жәмилә Нұрманбетова айлық есептік көрсеткішті (АЕК) қолданудан бас тартуды ұсынды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Депутат әлеуметтік төлемдерді бір көрсеткіш бойынша есептеуді ұсынып отыр.

«Тәуелсіздік табалдырығында енгізілген айлық есептік көрсеткішті (АЕК) пайдалану жалғасып келеді. Иә, бұл жоспарлауға ыңғайлы болар, бірақ АЕК экономикаға да, жалақыға да байланысты емес. Сондықтан алдағы уақытта әлеуметтік төлемдерді бір көрсеткіш бойынша аударуды мақсатқа сай деп санаймыз. Не ең төменгі күнкөріс, не ең төменгі жалақы мөлшері шамасында», деді депутат Мәжілісте өткен Үкімет сағатында.

Ол әлеуметтік параметрлерді өлшеудің адекватты әдістемелерінің жоқтығы да алаңдаушылық туғызатынын атап өтті. Осылайша, Нұрманбетованың айтуынша, биылғы жылдың 10 айында азық-түлік инфляциясы шамамен 20 пайызға жеткен.

«Яғни, зейнетақы мен жәрдемақыны есептеу үшін белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейі енді азаматтарды тиісті әлеуметтік төлемдермен қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейді. Сондықтан министрлікке ең төменгі күнкөріс деңгейін есептеу әдістемесін жетілдіру жұмыстарын бастауды ұсынамыз», деп қорытындылады депутат.

Айта кетейік, «2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға енгізілген түзетулерге сәйкес, Қазақстан 2022 жылы бірқатар есептік көрсеткіштердің көлемін ұлғайтты.