Мемлекет басшысының тапсырмасымен еліміздегі құзырлы органдар шетелдік әріптестермен баянды байланыс орнатып, 2019-2021 жылдар аралығында «Жусан» арнайы гуманитарлық операциясы сәтті жүзеге асқаны мәлім. Сол уақыт аралығында 700-ге жуық қазақстандық Отанына оралған болатын. Қазақстанның бұл тәжірибесін шетелдік сарапшылар жоғары бағалап отыр.
Шетелдік меймандар Астанада өткен «Қақтығыс аймақтарынан қайтарылған тұлғаларды оңалту және реинтеграциялау: Орталық Азия елдерінің тәжірибесі» атты халықаралық конференцияда өз ойларын ортаға салып, тәжірибе алмасуға ынталы екендерін жеткізді.
Конференцияда сөз алған Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі БҰҰ, Еуропалық одақ, халықаралық ұйым өкілдері, дипломаттар, AQNIET қоры, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бірлесіп ұйымдастырған алқалы жиынның еліміз үшін маңызы аса зор екенін айтты.
– Қазақстан әлемде қақтығыс аймақтары – Сирия сергелдеңінен, Шам шырғалаңынан, оттың ортасынан отандастарын алып шыққан аз мемлекеттердің бірі. Конференцияда әлемнің бірнеше елінен және көршілес Орталық Азия мемлекеттерінен келген ғалымдар мен сарапшылар Қазақстанның бұл бағыттағы тәжірибесін жоғары бағалады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен азаматтарымызды қайтару шешімнің дұрыс болғандығына қазір бәріміз куә болып отырмыз. Бүгінде елге қайтарылған отандастарымыз өз орталарына қосылып, қоғамымызға қайта сіңісіп, қалыпты, бейбіт өмір сүріп жатыр. Оларға барлық қолдау көрсетіліп отыр, – деді Дархан Қыдырәлі.
Айта кету керек, биыл қараша айында Human Rights Watch ұйымы Сириядан елдеріне қайтарылған балалар туралы арнайы есеп жариялады. Ұйым Қазақстан өз азаматтарын елге қайтарып, олардың қоғамға бейімделуіне жүйелі түрде жағдай жасап келе жатқан аз елдің бірі екенін атап өтті.
Жиынға қатысқан БҰҰ Есірткі және қылмыс бойынша Орталық Азиядағы өңірлік өкілі Ашита Миттал Қазақстанның қақтығыс аймақтарынан қайтарылған адамдарды оңалту бойынша атқарып жатқан жұмысын жоғары бағалады.
– Қазақстан экстремизмге қарсы сауатты, кешенді стратегия құрған. Онда әртүрлі шаралар қарастырылған. Мәселен, терроризм өршіп тұрған аумаққа түскендерді елге қайтару шарасы туралы атап өтуге болады. Дәлірек айтсақ, «Жусан» операциясы барысында балалар мен әйелдер Отанына оралып, бүгінде оларға жан-жақты көмек көрсетіліп жатыр, – деді Ашита Миттал.
Америкалық сарапшы, профессор Стивен Уэйн де «Жусан» операциясы – қақтығыс аймақтарынан отандастарын қайтаруға тырысқан өзге мемлекеттерге үлгі етерлік бірден-бір жоба екенін ерекше атап өтті. Ол Қазақстанның Отанына оралған әйелдер мен балаларға деген әлеуметтік қолдауын жоғары бағалады.