• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Спорт 07 Желтоқсан, 2022

Алтын медальдің нағыз иесі

186 рет
көрсетілді

Еркін күрес шебері Лаура Әлмағанбетова бес айға созылған допинг дауынан кейін Азия чемпионатының жеңімпазы атанды.

Қазақстан грек-рим, еркін және әйелдер кү­ресі фе­де­рациясының мәлі­метінше, 30 қарашада Лаураға United World Wrestling ұйымынан хат келіпті. Онда «Бішкек Аре­на» кілемінде өткен фи­нал­дық белдесуде қазақ палуанын ұтып, Азияның алтын медалін иеленген үндістандық спортшының допингке қар­сы талаптарды бұзғаны анық­талды деп жазылған.

21 мемлекеттің спортшылары бақ сынасқан дүбірлі додада Лаура Әлмағанбетова кү­міс медаль алған еді. Қо­ла қыр­­ғыз спортшысына бұйыр­ған.

Қостанайлық палуан қазір Қарағандыда Нұркен Әб­ді­ров­ті еске алуға арналған рес­­­пуб­­ликалық турнирде жүр екен.

– Ойда жоқта алтын медаль алғанымды естіп, өзім де таңғалып жатырмын. Бір­ақ Бішкекте үнді палуанын ұтуым керек еді, қуаныштың көкесі сол болар еді. Әрине, спорттың аты – спорт, бірде ұтасың, бірде ұтыласың. Ал­тын алғанымды естіп туыс­­тарым да қуанып жатыр. Ендігі басты мақсатым – ке­лесі жылы басталатын олим­пиадалық іріктеу жарыстарына дайындалу, – дейді палуан қыз.

Лаура 2004 жылдан бері Сарыкөл аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мек­тебінде жаттығады. Спорт шебері, Қазақстан Респуб­ли­ка­­сының алты дүркін чемпио­ны, Азия чемпионатының екі дүркін күміс, Әлем чем­пио­на­тының қола жүлдегері.

Қазақ палуаны енді 57 кило салмақ дәрежесі бойынша Азия­ның алтын медалін алатын болды.

 

Қостанай облысы