Скрининг – дерт белгісі әлі болмаған кезде ауруды ерте кезеңде анықтау мақсатында жүргізілетін профилактикалық медициналық тексеру және қосымша тексеру әдістерін қамтитын іс-шаралар кешені. Қала және ауыл тұрғындары арасында медициналық қызметтердің қолжетімділігі тең еместігіне және ауылды жерлерде сақтандырылмаған азаматтардың көп болуына байланысты, 20 қазаннан бастап ауыл тұрғындары үшін профилактикалық тексерулердің жаңа пакеті енгізілді.
Ауыл тұрғындарына профилактикалық тексерулер жүргізу үшін 18 жастан бастап жаңа нысаналы топтарды айқындау есебінен тұрғындарды қамтуды ұлғайту көзделіп отыр. Бұған дейін скринингтік зерттеулермен 30-дан 70 жасқа дейінгі тұрғындар ғана қамтылып, жастар одан шет қалған еді. Енді кәсіби тексерулер жүргізу үшін 4 нысаналы топ – 18 жастан 29 жасқа дейінгі жастар, 30 жастан 44 жасқа дейінгі «Еңбек – 1», 45 жастан 65 жасқа дейінгі «Еңбек – 2» және 66 жастан асқан «Зейнеткер» санаттары белгіленді.
Профилактикалық тексеру жүргізу үшін клиникалық-диагностикалық қызметтер тізбесі кеңейтіліп отыр. Мысалы, қан мен зәрді жалпы клиникалық зерттеулер енгізілді, глаукоманы ерте бастан анықтау үшін «Еңбек – 1» нысаналы тобында көзішілік қысымды зерттеуді 30 жастан бастау көзделді. Жыныстық жолмен берілетін инфекцияларды, қуық асты безінің, асқазан-ішек жолдарының және бүйрек ауруларын ерте анықтау мақсатында жаңа зерттеулер енгізілді. Бұдан басқа, қолға алынып отырған өзгерістер мектепке дейінгі, мектеп жасындағы балаларды, сондай-ақ техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беру ұйымдарының оқушыларын қоса алғанда, халықтың нысаналы топтарына профилактикалық медициналық қарап-тексеру жүргізу қағидаларына, көлеміне және кезеңділігіне қатысты болады. Қабылданған тиісті бұйрыққа профилактикалық зерттеулерге жататын ауыл тұрғындары қатарындағы адамдардың нысаналы тобы кеңейтіліп, мынадай толықтырулар енгізілді:
18 бен 29 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер (кейбір санаттағы адамдар) скринингтік тексеруден өтеді; артериялық гипертензия, жүректің ишемиялық ауруы және қант диабеті, глаукома бойынша динамикалық бақылауда тұрмайтын 18 бен 39 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер (адамдардың кейбір санаттары); асқазан-ішек жолдарының ауруларымен және созылмалы бүйрек аурулары бойынша динамикалық бақылауда тұрмаған 18 бен 70 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер (адамдардың кейбір санаттары); тыныс алу органдарының туберкулезі бойынша динамикалық бақылауда тұрмайтын 50-70 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер (адамдардың кейбір санаттары); қуық асты безі обыры бойынша динамикалық бақылауда тұрмайтын 55 пен 70 жас аралығындағы және одан жоғары жастағы ер адамдар (адамдардың кейбір санаттары) скринингтік зерттеулерден өтеді.Профилактикалық тексерулер учаскелік қызметтің шақыруы бойынша жүргізіледі. Пациенттер тіркеуге жүгінбей, әлеуметтік-психологиялық көмектің алдын алу бөлімшесіне жіберіледі, онда қалған скринингтік зерттеулер жүргізіледі. Скрининг көлеміне мыналар кіреді: антропометриялық өлшеулер (бой, дене салмағы, бел шеңбері, қан қысымын өлшеу, мақсатты топқа байланысты зертханалық және аспаптық зерттеулер жүргізу (адамдардың кейбір санаттары).
Бүгінгі таңда Қордай ауданы бойынша 7 066 адам кәсіптік тексеруден өтті, оның ішінде 18-29 жас аралығындағылар – 3 306 адам, 30-44 жастағылар – 3 503, 45-65 жастағылар – 53, 66-70 жастағылар – 204. Бұл 78,8%-ды құрады. 2022 жылдың 18 қарашасына дейін науқасқа шалдыққан 148 адам анықталды, оның ішінде 18-29 жас аралығындағы 42 адам (асқазан-ішек жолдары бойынша), 30-44 жастағы 64 адам (асқазан-ішек жолдары бойынша – 34, бүйрек ауруы бойынша – 26, сүт безінің қатерлі ісігі бойынша – 4 адам), 45-65 жастағы 18 адам (сүт безі қатерлі ісігі бойынша –15, ПСА бойынша – 3 адам), 66-70 жастағы 24 адам (тыныс алу органдары бойынша – 16, ПСА бойынша – 8 адам) бар. Қазіргі уақытта дерті бар екені белгілі болған адамдар сауықтырылу үстінде.
Қордай ауылының тұрғындары – аудандық орталық емханада, ал басқа елді мекендердің тұрғындары өз ауылдарындағы емдеу-профилактикалық мекемелерінде профилактикалық тексеруден өте алады. Профилактикалық тексеру тұрғындар тіркелген медициналық ұйымда тегін жүргізіледі. Оларға «Егер сізді скринингке шақырса, уақтылы келіңіз!» дейміз.
Зәуреш ҚАДЫРБЕКОВА,
Қордай аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері
Жамбыл облысы