Қазақстанда 2022 жылғы 20 қарашада өткен президенттік сайлау іс басындағы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты жалпыхалықтық қолдау күніне айналды. Мен үшін сайлау жаңа және әділетті Қазақстан құрудың стратегиялық бағытын қолдайтын жалпыхалықтық плебисцит болды. Президент бұл бағытты Қасіретті қаңтардың қайғылы күндерінде белгіледі.
Мемлекет басшысы батыл әрекет етіп, мемлекеттік төңкерістің алдын алды, азаматтық қақтығысқа жол бермей, мемлекеттілігіміздің негізін сақтап қалды. Конституциялық реформа және басқа да бірқатар бастама арқылы Президент Қ.Тоқаев еліміздің жаңа мемлекеттік-саяси құрылымы мен жаңа қоғамдық-экономикалық өмір салтын құру стратегиясын нақтылады. Халық үніне құлақ асатын мемлекеттегі көпұлтты Қазақстан халқының жауабы болжамды еді. Сайлауда Қасым-Жомарт Тоқаев 81 пайыздан астам дауыс жинады және бұл көрсеткіш – халық сенімнің дәлелі.
Көпшілік күні бүгінге дейін «Жаңа Қазақстан деген не?», «Оның ескіден айырмашылығы қандай?», «Неліктен әділдік жастардың сөзімен айтқанда «трендте» емес?», «Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасының өзегі не?», «Оның саяси көзқарасының, алдағы 7 жылға арналған бағдарламасының негізі қандай?» деген көкейде жүрген сұрақтарына жауап іздеп келді.
Әділеттіліктің болмауы – бүкіл әлемдегі наразылықтардың, азаматтық қақтығыстардың және революциялардың басты себебі. Қазақстандағы қаңтар оқиғасы да асқынған әділетсіздіктің салдарынан көрініс тапты. Теңсіздік мәселесі шиеленісіп кетті. Олигополиялар мен қаржы-олигархиялық топтар экономикалық өсудің негізгі бенефициары атанды. Қазақстанның жарты байлығын 162 адам иемденді. Шетелдік офшорларға Қазақстаннан шамамен 140-160 млрд теңге жылыстатылды.
Біздің алдымызда балама таңдау тұрды: саясатты өзгертіп, елімізді дамыту немесе тоқырауға тап болып, елді жоғалту қаупіне ұрыну. Толыққанды Президент атанып және 2022 жылғы қаңтарда Қауіпсіздік кеңесінің тізгінін қолына алған Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамның сұранысын сезіне отырып, мемлекеттік саясатты халыққа бағыттады.
Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасында экономика мен әлеуметтік салада жинақталып қалған жүйелі проблемаларды шешудің нақты реформалары мен шараларын ұсынды.
Мемлекет басшысы Қарағанды облысының жұртшылығы алдында сөйлеген сөзінде: «Қазақстандағы олигархиялық капитализм дәуірі аяқталып келеді, ел азаматтары алдында жоғары әлеуметтік жауапкершілік кезеңі басталады», деді. Бұл сөзі оның социал-демократия принциптеріне деген адалдығын айқын көрсетеді.
Мұндай өткір «солшыл» бұрылыс халықтың тамырын тап басты. Бұған жалдамалы еңбек адамдарының, шағын және орта бизнес өкілдерінің, студент жастардың, зейнеткерлердің – қарапайым тілмен айтқанда, әлеуметтік әділдікті қалайтын қарапайым азаматтардың сайлауда жоғары белсенділік танытуы дәлел болды.
Социал-демократия дегеніміз не? Социал-демократия – әлеуметтік әділдікке қол жеткізуге бағытталған идеология, яғни жеке топтардың емес, халықтың мүддесіне сүйену. Социал-демократияға ең жақсы сипаттама болатын үш сөз: Бостандық, Әділдік, Ынтымақтастық.
Социал-демократияның классикалық мысалы – Скандинав елдері. Швеция, Дания, Норвегия әдеттегідей түрлі халықаралық индекстерде ең жоғары орындарға ие – ЭЫДҰ-ның ең жақсы өмір индексі, адам дамуының индексі, бақыт индексі және т.б.
Олардың табысының құпиясы – әлеуметтік теңсіздікті азайту және қауіпсіз әрі тең қоғам құруды мақсат еткен әлеуметке бағдарланған экономика. Мұндай саясаттың «Welfare state» немесе «Әл-ауқат мемлекеті» деп аталуы бекер емес. Скандинав елдеріндегі кедейшілік деңгейі ЭЫДҰ елдерінде ең төмен көрсеткішке ие және 1 пайыздан аспайды. Тек бюджеттің әлеуметтік шығыстары ІЖӨ-нің шамамен 25 пайызды құрайды. Салыстыру үшін, Қазақстанда бюджеттің әлеуметтік шығыстары ІЖӨ-нің 10 пайызына жетер-жетпес деңгейде.
5,4 млн адам тұратын Норвегия ІЖӨ-ге шамамен 500 миллиард доллар өндіреді. Яғни әрбір норвегиялық үшін 89 мың доллар. Норвегиядағы барлық табиғи ресурс халық меншігінде. Норвегия мұнай өнеркәсібінің үстеме кірісі мемлекеттік зейнетақы қорына аударылады. Оның активтері 1,1 трлн доллардан асады. Қазір қор әлемдегі барлық акцияның шамамен 1,4%-ына ие. Оған 70-тен астам елдегі 9 мыңнан жоғары компанияның үлесі тиесілі. Қарапайым тілмен айтсақ, Норвегияның әрбір азаматында мұнайдан түскен табыстан құралған 238 мың доллар жинақ бар. Норвегиялық модель – халықтың меншігі мен мемлекеттің жоғары әлеуметтік жауапкершілігіне негізделген. Бұл «скандинавиялық социализм» деп аталады.
Қасым-Жомарт Тоқаев осы жолды ұсынды, бұл – біз баратын жол. Жаңа мемлекеттік-саяси және жаңа қоғамдық-саяси құрылымның негізі – халық капитализмі, халық экономикасы. Осылайша, олигархиялық капитализмнің орнына халықтық капитализм келеді.
Халықтың жер мен табиғи ресурстардың иесі екені туралы конституциялық норма бар. Бұл – биыл 4 сәуірде Қазақстан Халық партиясы жариялаған Конституцияға енгізілген түзету. Осы конституциялық норманы іске асыру мақсатында Президенттің бастамасымен «Ұлттық қор – балаларға» атты жаңа бағдарлама іске қосылады. Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50%-ы балалардың арнайы жинақтау шотына аударылады.
Мемлекет басшысы кәсіпкерлік рухты тежейтін кедергілер мен шектеулерді жою, шағын және орта бизнесті дамыту сынды мәселелерге басымдық береді.
Қаржы-олигархиялық топтардың орнына түрлі өндіріс пен қызмет көрсету салаларындағы шағын кәсіпорындардың шоғыры келуі керек. Біз ірі өндірістерден бас тартпаймыз. Алайда көзқарас өзгереді. Жапондық «Тойота» концернін барлығы біледі. Бұл алып құрастыру зауыты, оның айналасында ондаған мың шағын кәсіпкер – өз бизнесінің иесі жұмыс істейді. Яғни бұл – әлеуметтік жауапкершілігі жоғары ірі бизнес.
Халықтық капитализм идеологиясы Қазақстан Халық партиясының құндылықтарына толық сәйкес келеді. Жыл басынан бастап олигополияларға қарсы күресті және заңсыз шығарылған активтерді қайтаруды қоса алғанда ауқымды саяси және экономикалық трансформация басталды.
Қазақстан тұрақты дамуға жеті жыл кепілдік алды. Конституциялық реформа жүзеге асырылды. Жалпыхалықтық референдумда қабылданған жаңа Конституция ауқымды қайта құрулардың берік конституциялық негізін қалады.
Суперпрезиденттік басқару формасынан ықпалды Парламенті мен есеп беретін Үкіметі бар президенттік республикаға көшу басталды. Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, президент – халық белгілі бір мерзімге келісімшарт жасайтын жалдамалы менеджер. Осы лауазымды атқарған және атқаратын әр адам ең талапшыл үш судьяның алдында жауап береді: халық, тарих және ар-ождан.
Биліктің өкілді тармағы күшейтілді, тежеу мен тепе-теңдік жүйесі нығайтылды. Мәжіліс пен облыстық мәслихаттар депутаттарын сайлаудың аралас мажоритарлық-пропорционалды моделі, аудандық және қалалық мәслихаттар депутаттарын сайлаудың толық мажоритарлық жүйесі енгізілді.
Конституциялық сот құрылды, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мәртебесі конституциялық деңгейде бекітілді, өлім жазасына түбегейлі тыйым салынды.
Конституциялық реформадан кейін жаңа стратегияға сәйкес негізгі мемлекеттік институттарды жылдам және кешенді түрде қайта құру қажет болды. Сондықтан президенттік сайлау мерзімінен бұрын өткізілді.
Біздің партия кезектен тыс президенттік сайлауда басқа партиялардан бұрын Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдады. Қазақстан Халық партиясының бастамасына «Amanat» және «Ақ жол» партиялары үн қатты. Осылайша, Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдайтын Халық коалициясы құрылды.
Әлем тарихында тұңғыш рет барлық парламенттік партиялар халықтық кандидаттың бірыңғай коалициясына бірікті. Партиялар, азаматтық қоғамдастық, қарапайым адамдар іс басындағы президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа сенім мандатын берді.
Сайлау алдындағы үгіт аясында Халық коалициясы мүшелері 14 өңірде болып, халықпен 100-ден астам кездесу өткізді. Қазақстандықтар Қ.Тоқаевқа сенеді және оның бастамаларына жан-жақты қолдау көрсетеді. Жалпы, Қ.Тоқаевты қолдаудағы Халық коалициясының рөлін бағалау қиын. Бір айда орасан зор іс атқарылды, коалиция сайлауға көптеген сайлаушыны тартты. Ел азаматтарымен болған барлық кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаевтың бағдарламасын мықты саяси және рухани-эмоционалды қолдау айқын сезілді.
Халықаралық геосаяси күрделі жағдайда біздің елге мемлекеттік басқару тәжірибесі мол және халықаралық саясатта беделі зор адам керек. Қ.Тоқаев – бұрынғы Одақтың ең беделді жоғары оқу орындарының бірі – ММХҚИ түлегі, тәжірибелі саясаткер, дипломат, басқарушы және мінсіз беделі бар мемлекеттік қызметкер.
Сайлау нәтижесінде сайлаушылар елді дамыту үшін ұсынылған бағдарламаға үлкен үміт артып отырғанын көрсетті. Бағдарламаның жекелеген бастамаларының бірі – 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен 100 пайыз қамту және 1,5 млн жаңа оқушы орнын ашу. Сондай-ақ балаларға арналған тегін спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелерін ашу да күн тәртібінен түспейді. Бала күтімі бойынша әлеуметтік төлемдерді 1 жастан 1,5 жасқа дейін ұлғайту, шәкіртақының 2 есе өсуі, 700 жаңа медициналық нысан ашу да маңызды. Сонымен қатар бағдарламада 111 млн шаршы метр тұрғын үй тұрғызу мен 3,3 млн азаматқа жаңа жұмыс орнын ашу міндеті де қарастырылған. Жас кәсіпкерлерге жылына 2,5% жеңілдікпен несие беру, ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытуға 1 трлн теңге бөлу, Ұлттық қор активтерін 100 млрд долларға дейін ұлғайту, елді мекенді 100% сумен қамту, 22 мың шақырым автожол салу және реконструкциялауға да басымдық беріледі.
Президентте жоғарыда көрсетілгендерді жүзеге асыру бойынша үлкен жауапкершілік бар. Қызметке кірісе салысымен Мемлекет басшысы арнайы Жарлыққа қол қойып, онда сайлау алдындағы бағдарламаны іске асыру жөніндегі нақты шараларды бекітті.
Осыған орай біз Халықтық коалицияны сақтауды ұсындық. Біздің міндетіміз – Президенттің стратегиялық бағыты мен реформаларына одан әрі қолдау көрсету, өйткені ол – Халық коалициясының кандидаты. Сонымен қатар біз Президенттің сайлауалды бағдарламасының орындалуын бақылаймыз. Тек осылай ғана әділетті Қазақстанға қарай ілгерілеу жолындағы бірлігіміздің күшін сақтаймыз.
Ермұхамет ЕРТІСБАЕВ,
Қазақстан Халық партиясының төрағасы