Тыныштығымызды бұзып, амандығымызға қауіп төндірген коронавирус инфекциясының дүрбелеңі басылғанымен, әлі күнге дейін арамыздан іргесін ажырата қойған жоқ. Былайғы жұртқа байқала қоймас, бірақ күн сайын бұл бәлекет індетке шалдыққан жүзден аса адам анықталып жатыр, арасында бірлі-жарым қайтыс болғандар да бар.
Бүгінгі таңда елімізде індет жұқтыру көрсеткішінің артуы байқалады. Коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның дерегі бойынша, қараша айында алдыңғы аймен салыстырғанда індет жұқтыру 1,6 есе өскен. Еліміздің 3 өңірінде – Алматы, Астана және Қарағанды облысында аурушаңдық апта сайын 2,2 есеге дейін өсіп жатыр екен. Сондай-ақ 5 өңірде (Ақмола, Атырау, Жамбыл, Ұлытау облыстары, Шымкент қаласы) кейінгі аптадан бастап сырқаттанушылық аптасына 3,5 есеге дейін біртіндеп өсіп келеді.
Коронавирусқа қарсы тұрар түрлі амал тауып, күресіп баққанымызбен, жағдайға бейімделгіш «жаны сірі» індет мутацияға ұшырап, айналып келіп жаудай тиюін тыяр емес. Қайтпайтын вирустың осы күнге дейін бірнеше штамы пайда болып, қаншама жұртты қан қақсатты. Енді «Цербер» дейтін тағы бір түрі шығып, елімізден мұны жұқтырған адам да анықталды. Алайда мамандар «Омикрон» штамының мутацияланған түріне жататын бұл «Цербердің» аса қауіпті емес екенін айтып отыр.
Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәліметі бойынша, Қазақстанда «Омикрон» штамының «Цербер» субгенетикалық желісі толық геномдық секвенирлеу нәтижесінде табылды. Аталған комитеттің өкілі Жасұлан Алпысбаев жаңа штамм жеңіл өтетінін, бұны емдеу коронавирус инфекциясының басқа штамдарынан ерекшеленбейтінін айтты.
«SARS-CoV-2 вирусының генетикалық сипаттамасын толық геномдық секвенирлеу әдісімен қараша айында «Омикрон» нұсқасының айналымы анықталды. Оның 0,5%-да BQ.1.1 субгенетикалық желісі («Цербер») табылды, ал 99,5%-да – «Омикрон» штамының басқа нұсқалары. «Цербер» штамының белгілері «Омикронның» бұрынғы кіші түрлерінен айтарлықтай ерекшеленбейді. Ауру көбінесе жіті респираторлық аурудың жеңіл түрінде өтеді. Қызудың көтерілуі, буын ауруы, аздап мұрыннан су ағу, әлсіздік болуы мүмкін, кейбіреулерінде ішек аурулары болады», дейді Ж.Алпысбаев.
Оның сөзіне қарағанда, штамм тез жұғады, алайда аса қауіпті емес. Науқастарды диагностикалау және емдеу басқа COVID-19 штамдарынан ерекшеленбейді. Инфекциядан қорғанудың тәсілі – COVID-19-ға қарсы вакциналау мен ревакциналау.
Қазіргі уақытта мутацияланған «Цербер» 65-тен аса елде, соның ішінде Ресейде, АҚШ-та, Еуропа елдерінде анықталды.
Жалпы, елімізде 6 желтоқсандағы дерекке сүйенсек, коронавирус инфекциясынан барлығы 1 374 адам емделіп жатыр. Бұл қатарда коронавирус пневмониясына шалдыққан 191 науқас стационарда, ал 1 183 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдап жатыр. Індет жұқтырғандардың ішінде 5 адамның жағдайы ауыр, 3 пациенттің жағдайы өте ауыр, 4 науқас өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған.
Өткен тәулікте коронавирус жұқтырған 140 адам анықталды. Ал коронавирус пневмониясына шалдыққандар тіркелген жоқ. Бірақ бұрнағы күні бір адамның пневмониядан қайтыс болғаны белгілі болды.
Миллионнан аса халқы бар Астанадағы ахуалға тоқталсақ, коронавирус жұқтырған 99 адам инфекциялық стационарда емделіп жатыр. Оның ішінде 19 адам пневмонияға шалдыққан. Ал жансақтау бөлімшесінде 8 пациент жатыр, оның төртеуі ӨЖЖ аппаратына қосылған.
Жалпы, елордада бүгінге дейін 265 921 КВИ жұқтыру жағдайы тіркелсе, оның 99%-ы ауруынан айыққан. Күн сайын жедел медициналық жәрдем стансасына КВИ бойынша орта есеппен 8 адам жүгініп жатыр екен. Ал бір тәулікте 400-ден аса адамға ПТР зерттеуі жүргізіліп, 64 адамның індет жұқтырғаны анықталған. Оның ішінде 6 адам індетті қайта жұқтырыпты.
Жоғарыда айтылғандай, бұл індетке қарсы тұрудың бірден-бір жолы – вакцина салдыру. Қалай дегенмен, коронавирусқа қарсы вакцинаның толық компонентін қабылдағандардың иммунитеті жаңа штамдарға төтеп бере алатындай әлеуетті болатынын мамандар қаперге салып отыр. Бұл ретте елімізде бүгінге дейін коронавирусқа қарсы вакциналардың бірінші компонентін 10 849 289 адам, ал екінші компонентн 10 613 754 адам салдырғанын айта кеткен жөн.
Халықты коронавирус инфекциясына қарсы вакцинлаумен қамтамасыз ету мақсатында өңірлерге 12 жастан асқандарды вакциналау және ревакциналау үшін Pfizer вакцинасының 200 мың дозасы жеткізілді. Ұжымдық иммунитетті сақтау үшін соңғы вакциналаудан кейін 6 ай аралықпен коронавирус инфекциясына қарсы ревакциналау алу қажет. Бұл үшін республикада коронавирус инфекциясына қарсы вакциналар мөлшері жеткілікті.