Мәдениет және спорт министрлігі биыл тұңғыш рет шығармашыл жандарға арналған «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығын жариялаған еді. Жалпы жүлде қоры 35 млн теңгені құрайтын ауқымды байқаудан үміттілер көп болды. Десек те бақ шаба ма, бап шаба ма?..
Жеті аталым бойынша берілетін әдеби сыйлыққа барлығы 402 өтінім келіп түскен. Оның ішінде қазылар алқасының таңдауымен 49 шығарма (әр аталым бойынша 7 шығармадан) ақтық кезеңге өтті. Бүгін, міне, бірнеше айға созылған дүбірлі дода мәресіне жетіп, жеңімпаздары анықталды.
Сонымен «Үздік поэзия» номинациясы бойынша «Жұмбақ арал» поэмасымен «Egemen Qazaqstan» газетінің қызметкері Батырхан Сәрсенхан, «Үздік проза» аталымында «Тырнақ» әңгімесімен Айгүл Кемелбаева, «Үздік драматургия» номинациясы бойынша «Мың мен жалғыз...» пьесасымен Талғат Теменов, «Үздік аударма» – Стефан Цвейгтің «Амок», «Бақилық ағаның көз жасы» новеллаларымен Кенжебай Ахметов, «Үздік балалар әдебиеті» – «Іздер құпиясы» детективтік романымен Бекен Ыбырайым, «Үздік комикс» – «Жетпіс палуан» комиксімен Жантас Набиоллаұлы, «Үздік кітап дизайны» – «Кенесары хан уа сұлтан Сыдық» кітабымен «AmalBooks» баспасы үздік деп танылды. Әр номинацияның жеңімпазына 5 млн теңге сыйақы тапсырылады.
Айта кетейік, биыл алғаш рет өткізіліп отырған ұлттық әдеби сыйлықтың лауреаттарын марапаттау рәсімі 8 желтоқсан күні Алматы қаласы, Жамбыл атындағы филармония залында, сағат 16:00-де өтеді.