Елдің есін алған коронавирус инфекиясы қазір халық арасында көп айтылмаса да, мутацияланған вирустың жаңа түрлеріне нақты тосқауыл табылмай тұр. Ал эпидемиолог дәрігерлер вирустың тарауына жол бермеудің жалғыз амалы қоғамдық иммунитет қалыптастыру екенін бұған дейін де талай мәрте айтқан.
Қазір Астана қаласында коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиялогиялық жағдайды тұрақты деп айтуға келмейді. Себебі 24 қазаннан бүгінге дейін вирус жұқтырғандардың саны тәулігіне 61-ден 69-ға дейін жетті. Вирустың таралу жиілігі желтоқсан айында 4,6 пайызға артып, сырқаттанғандардың саны 70-тен 322 жағдайға дейін өскен. Соңғы аптада, яғни 29 қарашадан 7 желтоқсанға дейін коронавирус инфекциясының 432 жағдайы тіркелген. Бұл коронавирус жұқтырғандардың саны алдыңғы аптамен салыстырғанда 1,8 есе өскенін көрсетеді. Ал өткен тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырғаны алғашқы зертханада расталған 67 жағдай тіркеліпті. Соған қарамастан, Астана қаласы эпидемиологиялық жағдай бойынша жасыл аймақта қала бермек. Сондықтан елорданың санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Жанна Пралиева коронавирустың алдын алу үшін тұрғындарды санитарлық талаптарды сақтап, вакцина алуға шақыруда.
«Омикрон» штамынан вирустың «Цербер» деген түрі шықты. Коронавирус инфекциясының «Цербер» штамынан вирус жұқтырғандардың саны артуы мүмкін. Мамандардың айтуынша, «Цербер» тез тарайды. Вирустың мутацияға ұшыраған жаңа түрінің симптомы жіті респираторлық вирустық инфекцияға, яғни тұмауға ұқсас. Дене қызуы көтеріліп, буын ауыруы мүмкін. Сондай-ақ әлсіздік байқалады. Соған қарамастан, мамандар Церберден адам өміріне айтарлықтай қауіп жоқ екенін айтады. Кейінгі 48 аптадағы эпидемиологиялық жағдай бойынша қалада жіті респираторлық вирустық инфекцияның 6 648 жағдайы тіркелген. Коронавирус инфекциясы мен тұмаудың өршуіне байланысты тұрғындарға вакцина алып, тұрғылықты мекенжай бойынша емханаларға жүгінуге кеңес беремін. Себебі вирустың алдын алудың ең тиімді әдісі – вакциналау. Коронавирус инфекциясының тоқтап, мутацияланбауына қоғамдық иммунитет қарсы тұра алады», дейді Ж.Пралиева.
Астана қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Берік Қайкенов те вакцина алған тұрғындар сырқаттанған күннің өзінде вирустың белгілері жеңіл өтетінін айтады.
– Қазір Астана қаласында 6 инфекциялық стационар жабдықталған. Онда 184 төсектік орын бар. Қазір инфекциялық стационарларда 105 адам ем алып жатыр. Олардың ішінде 85 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны белгілі болса, 20-сы пневмониямен түскен. Реанимацияда 7 науқас ем алуда. Вакциналау мен ревакциналауды уақтылы алған адам өзін вирустан 90 пайызға дейін қорғайды. Нақ қазір елордада 12 мың вакцина бар (QazVac, Sinopharm, Pfizer). Өздеріңіз білетіндей, осыған дейін пандемия салдары сырқатты емдеуден бұрын алдын алу шаралары тиімдірек екенін көрсетті. Ал вирусты алдын алудың бірден-бір жолы – вакциналау, – дейді ол.
Мамандар вирус жұқтырғандардың дерегін талдап, сырқаттанғандардың басым көпшілігі вакцина салдырмағанын анықтаған. Сондықтан эпидемиолог дәрігерлер қала тұрғындарын вакцина алып, санитарлық ережені сақтауға шақыруда.