Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның отырысында балалардың панасыз және қараусыз қалуының алдын алу мәселелері қаралды.
Ұлттық комиссияның сарапшылар тобы өңірлерге барып, осы мәселенің жай-күйін егжей-тегжей зерттеді. Отырыс жұмысына сараптамалық және ғылыми қоғамдастық өкілдері, уәкілетті органдардың басшылары, өңірлердегі әкімдерінің орынбасарлары мен бала құқықтары жөніндегі уәкілдер, орталық мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Ұлттық комиссия төрағасы, Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Аида Балаева балалар үшін қолайлы жағдай жасау, оларды панасыз қалдырмау, шарасыз күйге түсірмеу – мемлекетіміздің әлеуметтік саясатының маңызды бағыты екенін атап өтті. Осы мақсатта әлеуметтік және профилактикалық шаралар кешені іске асырылып жатыр.
«Балалардың панасыз және қараусыз қалуының алдын алу мәселесі әлі де өткір тұр. Бұл балалардың қараусыз қалуының алдын алу кешенін қалыптастырудың жаңа тәсілдерін іздеуді талап етеді. Кәмелетке толмағандардың қадағалаусыз қалу тәуекелдерінің алдын алу жүйесін жетілдіру қажет. «Қазақстандағы отбасын мемлекеттік қолдау негіздері туралы» тұжырымдамасын әзірлеу керек. Құжатта отбасын қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары бекітілуге тиіс. Қосымша білім беру және бос уақытты ұйымдастыру бағытында шешілмеген мәселелер бар. Қылмыс жасаған балаларға арнайы қалпына келтіру әлеуметтік бағдарламалар қажет. Бұл баланың жеке басымен жұмыс істеуге мүмкіндік береді», деді Ұлттық комиссия төрағасы.
Комиссия отырысында Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов балалардың қараусыз және панасыз қалуының алдын алу бағытында қолға алынған іс-шаралар және осы саладағы жұмыс жүйесін жетілдіру жайында сөз сөйледі.
Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха ата-аналардың балаларының мінез-құлқын бақыламауы салдарынан олардың құқық бұзушылыққа барып, қылмыс жасайтынын атап өтті. Жыл басынан бері 73 мыңнан астам ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылып, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта мекемелерде болуына жол бергені үшін 1,5 мыңға жуық ойын-сауық мекеме иесіне жаза тағайындалған.
Профилактикалық жұмыстың қазіргі заманғы тәжірибесі қорғау-сақтау тұжырымдамасы қағидаттарына негізделеді және «тәуекел тобындағы» балалар мен отбасыларға әлеуметтік-құқықтық, психологиялық-медициналық-педагогикалық көмек көрсететін әртүрлі ведомстволық мекемелердің кең желісін қамтиды.
БҰҰ Даму бағдарламасының әлеуметтік мәселелер жөніндегі ұлттық сарапшысы Светлана Жақыпова жедел шаралар қабылдау және балалардың панасыз қалуы проблемаларын шешу үшін интеграцияланған әлеуметтік қызметтер институтын енгізу қажеттілігі туралы толығырақ айтып берді.
«Бір цифрлы платформада әртүрлі салалардың (білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, құқық қорғау органдары – әрқайсысы өз құзыреті шегінде) сарапшылары жұмыс істейді. Бұл мұқтаж отбасыларға қажетті мемлекеттік қызметтерді жедел және тиімді көрсетуге мүмкіндік береді. Назардан тыс қалған әр істі Мемлекеттік қызмет істері агенттігі бақылайды. Бұл шешім осындай отбасыларға қолдау шараларын көрсету мерзімдерін және тиісінше мемлекеттік органдардың әкімшілік шығыстарын қысқартуға мүмкіндік береді», деп атап өтті спикер.
Отбасылық даму және балалар қауіпсіздігі мәселелері жөніндегі ұлттық комиссияның сарапшылары бірқатар өзекті мәселеге тоқталды. Олардың қатарында ата-ана жауапкершілігін күшейту, ювеналды полицияның рөлін арттыру, кешенді алдын алу шараларын ұйымдастырудың жаңа тәсілдері бар.
Ұлттық комиссия төрағасы А.Балаева Оқу-ағарту министрлігіне мектептердегі профилактикалық қызмет пен бақылаудың бірыңғай стандарттарын әзірлеп, енгізуді тапсырды. Бұл ретте ол осы бағыттағы барлық уәкілетті органдардың белсенді дәйекті жұмысы қажет екенін атап өтті.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі әлеуметтік осал отбасыларды қолдау, сондай-ақ профилактикалық есепте тұрған кәмелетке толмағандардың бос уақытын ұйымдастыру жөніндегі жұмысқа азаматтық секторды кеңінен тарта отырып, алдын алу шараларын әзірлеуге тиіс.
Қараусыз қалған балалардың қылмысқа үйір келетіні ешкімге жасырын емес. Осыған орай отырыс барысында бақылаусыз жүрген жеткіншектердің қылмыстылығының алдын алуда ювеналды полицияның рөлін арттырудың маңызы да сөз болды. Мүдделі құрылымдар мен жергілікті атқарушы органдарды тарта отырып, қараусыз қалған балаларды анықтау мақсатында тоқсан сайын кең ауқымды рейд жүргізуді қайта бастау қажет. Ұлттық комиссия өңірлік деңгейде балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу саласына толыққанды мониторинг жүргізуді жалғастырады.