Орталық сайлау комиссиясы еліміздің барлық 239 аумақтық сайлау комиссиясының басшылық құрамына арналған үшкүндік республикалық семинар өткізіп жатыр.
Орталық сайлау комиссиясының мүшелері негізгі спикерлер ретінде таңдалды. Семинардың мақсаты – сайлау заңнамасы және оны сайлау процесінде қолдану тәжірибесі бойынша теориялық және қолданбалы білімдерін кеңейту арқылы сайлауды ұйымдастырушылардың кәсіби құзыреттілік деңгейін арттыру.
Семинар барысында бірнеше оқу блогі қарастырылған. Мәселен, 2022 жылғы 20 қарашада өткен кезектен тыс президент сайлауын дайындау мен өткізу бойынша сайлау комиссиялары жұмысының қорытындылары, сайлау заңнамасына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды түсіндіру, әсіресе аралас және мажоритарлық сайлау жүйелерінің енгізілуін, әлеуметтік желілердегі сайлауалды үгіт, қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдарды сайлауды байқау үшін аккредиттеу, сондай-ақ сайлауды мемлекеттік емес қаржыландыру тақырыптары бар. Бұдан бөлек семинарда коммуникациялық әдістер мен сайлау комиссиялары мүшелерінің саяси партиялармен, масс-медиа өкілдерімен, үкіметтік емес ұйымдармен және басқа да сайлау процесінің қатысушыларымен өзара қарым-қатынас машықтарын дамыту бойынша тренингтер өткізіледі.