• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 08 Желтоқсан, 2022

Жақып Асанов Жоғарғы сот төрағасы қызметінен босатылды

392 рет
көрсетілді

Сенат 8 желтоқсанда Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асановты қызметінен босатты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес Президенттің ұсынуы бойынша Жоғарғы Сот төрағасын сайлау және қызметтен босату және қызметке ант қабылдау тек Сенаттың құзырында екенін айтты.

Жақып Асанов 2017 жылдан бері Жоғарғы сот төрағасы қызметін атқарып келді. 1985 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 

Жақып Асанов 1963 жылы 17 тамызда Қызылорда қаласында дүниеге келген.

Университетті аяқтағаннан кейін Қызылорда облыстық адвокаттар коллегиясына тағылымдамашы болып қабылданады.

1986 жылдан 1993 жылға дейін Қызылорда облысының прокуратура органдарында қызмет атқарып, Қызылорда қаласы прокурорының аға көмекшісі, облыс прокурорының көмекшісі, аға көмекшісі және облыстық прокуратураның бөлім бастығы лауазымдарында жұмыс істеді.

1993 жылдан 1994 жылға дейін Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Жалпы қадағалау басқармасының аға прокуроры, Жалпы қадағалау басқармасының банктер, қаржы-несие саласындағы және тексеру органдарындағы заңнаманың сақталуын қадағалау бөлімінің бастығы қызметтерін атқарады.

1994 жылдың қараша айынан 1996 жылдың қарашасына дейін Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Заңдылық, құқықтық тәртіп және сот реформасын қамтамасыз ету бөлімінде консультант, сектор меңгерушісі болып жұмыс істейді.

1996 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Салық полициясы басқармасы бастығының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалады.

1997 жылдан 2001 жылға дейін Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасында Бас Прокурордың аға көмекшісі – Әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты қадағалау басқармасы бастығының орынбасары, кейін осы басқарманың бастығы, одан кейін Бас прокуратураның Мемлекеттік органдар қызметіндегі заңдылықты қадағалау департаментінің бастығы қызметіне тағайындалады.

2001 жылғы ақпаннан 2002 жылғы ақпанға дейін Алматы қаласы прокурорының бірінші орынбасары, 2002 жылдың ақпан айынан 2003 жылдың маусым айына дейін Павлодар облысының прокуроры болып қызмет атқарады.

2003 жылдың маусым айында Асанов Ж.Қ. Қазақстан Республикасының Әділет вице-министрі қызметіне тағайындалады.

2005 жылдан 2006 жылға дейін Қазақстан кәсіпкерлері мен жұмыс берушілерінің «Атамекен» Жалпыұлттық Одағының атқарушы директорының орынбасары, «Қазақстан коммуналдық жүйелері» АҚ-ның директорлар кеңесінің төрағасы, «Ордабасы» корпорациясы» АҚ-ның президенті және директорлар кеңесінің мүшесі қызметтерін атқарды.

2007 жылдан 2012 жылға дейін «Нұр Отан» ХДП партиялық тізімі бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің IV және V шақырылымдарының депутаты, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі болды.

2012 жылдың 6 қыркүйегінде Мемлекет басшысының Өкімімен Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары болып тағайындалды.

2016 жылғы 25 сәуірде Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры лауазымына тағайындалды.

Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынуы бойынша Жақып Қажыманұлы Асанов Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 2017 жылғы 11 желтоқсандағы № 273-VI ПС қаулысымен Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының төрағасы қызметіне сайланды.