Желтоқсан тумай қыс қаһарын көрсетіп үлгерді. Алдымен ақ түтек боран соқты, артынша аяз қысты. Өскеменнің өзінде сынап бағанасы -30-35 градусты көрсетсе, Алтай ауданында -45 градусқа дейін жетті. Бұл күндері төтенше жағдайлар мен жол полиция қызметкерлерінде тыным болмады.
Күн райы биыл күрт бұзылды. Әйтпесе, қарашада қар бұрқасындатқанымен, мұншалықты аяз қыспайтын. Жолдар жабылды, дизельді көліктердің жүруіне шектеу қойылды, сабақтар қашықтан оқуға көшірілді. Әрине, уақытша бәрі. Қауіптің алдын алу шаралары жан-жақты жүргізілгенімен, бірқатар оқыс оқиға да орын алды. Бұл туралы ТЖД мамандары өткізген баспасөз мәслихатында айтылды.
Қарашаның соңғы күндері сары аяз сақылдап тұрған. Мұндай күндері көлікпен жолға шығудың өзі қауіпті. Айтамыз ғой. Сол қауіпке қарамастан қар құрсауына қамалып, жолда қалғандар аз емес. Зайсан ауданының Сарытерек ауылындағы Жирентай учаскесінде УАЗ көлігі қарға батып, жүрмей қалған. Ол аздай, жанар-жағармайы таусылған. Басқа амалдары қалмаған қос жолаушы құтқарушылардың көмегіне жүгінген. Қыстың көзі қырауда айдалада қалып қою оңай емес. Хабар түсе сала №25 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері жол талғамайтын «КУНГ» техникасына мініп, айтылған аумаққа қарай аттанған. Қақаған аязды күні қар алған жолды тілгілеп отырып, көп ұзамай Жирентай учаскесіне ілінген. Жете сала жолда қалған екі азаматты жылы көлікке орналастырып, жақын маңдағы елді мекенге жеткізген.
Бұл оқиға қарашаның 28-і күні болса, оның алдында тағы да осы Зайсан ауданында бір топ жүргізушілер құтқарылды. ТЖД мәліметінше, Омбы – Майқапшағай тас жолында он шақты жүк фургондары қар құрсауына қамалған. Көмекке жеткен құтқарушылар 16 жүргізушіні жылы көлікке жайғастырған. Оның ішіндегі бір азаматқа медициналық көмек қажет болып, жақын жердегі емханаға жөнелткен. Дәрігерлердің айтуынша, қолын жеңіл дәрежеде үсік шалған екен. Ал өзге жүргізушілерді құтқарушылар Қаратал ауылына апарып, жайлы орынға жайғастырыпты.
Айта кетсек, аяздатқан үш-төрт күн ішінде үсікке шалдыққан өскемендіктер де болған. Алыс ешқайда шықпай-ақ, қала ішінде жүріп, қол-аяқтарын үсіткен жеті тұрғын дәрігердің көмегіне жүгінген. Иә, аязды күні аса абай болған жөн. Қалта телефонға келіп түскен смс хабарламаларға құлақ асып, жол жабық болған жағдайда елді мекен сыртына шықпауға тырысу керек. Өкініштісі, ескертулерді кейбіреу елей бермейді. Елей бермеген соң, төтенше жағдайға тап болып жатады. Жалпы, ТЖД тарапынан алдын ала ескерту шаралары жүйелі түрде жүргізіліп отыр. Мысалы, Өскемен – Таулы Үлбі, Алтай бағыттарындағы күре жолда қар көшкінін түсіру үшін уақытша жолды жапты. Бұл учаскелердегі 26 нүктеде қар көшкіні жиналыпты. Мамандар қауіптің алдын алу үшін сол учаскелерде жасанды жолмен көшкінді түсірді. Бес жерде жарылыс жасап, 4 100 текше метр қар түсірген. Алайда профилактикалық бұл шара сәуірге дейін жалғасады. Халық мейлінше таулы жерге бармауға тырысуы керек.
Сондай-ақ күннің күрт суып кетуіне байланысты өрт те жиіледі. Өткен жексенбі күні ғана облыста алты бірдей өрт оқиғасы тіркелген. Оның көбі пеш жағудағы қарапайым ережелердің сақталмауы салдарынан орын алған.
– Аяз күшейсе, өрт оқиғалары көбейеді. Тілсіз жау әсіресе жер үйлерден шығады. Оның бірден бір себебі – пештегі ақаулар. Тұрғындардың кейбіреуі «пешіміз тағы бір жыл шыдайды» деп отырады да, оқыс оқиғаға тап болады. Ол деген үлкен шығын. Тіпті қайғылы жағдайлар да орын алып жатады. Сонымен қатар үйдің шатырында да өрт қауіпсіздігінің шарттары сақталмайды. Мәселен, шатырды ағаш үгінділерімен жылылайды немесе сабан төсеп жібереді. Сөйтіп, мұржаның ыстығымен тұтанып, алапат өртке айналады. Сондықтан да, пеш жүйесіне асқан жауапкершілікпен қараңыздар, құрметті тұрғындар! – дейді, мысал келтіре отырып өтініш айтқан облыстық ТЖД бастығының орынбасары Серік Амангелдин.
Айтқандай, пеш жағудағы қауіпсіздік ережелерін де түсіндіріп өтті. Білмегендер біліп жүрсін десе керек. Айтуынша, пешті бір қыздырып алғанша, аз-аздан жағу керек екен. Пештің алдындағы еден үстіне қаңылтыр шегеленуге тиіс. Отты керосинмен немесе басқа жанғыш сұйықтықтармен жағуға болмайды. Ұйықтар алдында да отты лапылдатып қоюға тағы болмайды. Күлді, қожды қора-қопсыдан алыстау жерге апарып төккен жөн. Аталған ережелерді сақтамаса керек, Желтоқсанның 2-сі күні Өскемендегі жер үйлердің бірінен өрт шығып, 45 жастағы ер адам қайтыс болған. Осы тұста айта кетерлігі, аязды күні автокөліктердің де өртеніп кетуі жиілейді. Жыл басынан бері пештің ақауынан 124 өрт шыққан, 87 автокөлік өртенген. Брифингте хабарлағандай, ТЖД мамандары тұрғын үй секторындағы өрттердің алдын алу бойынша профилактикалық жұмыс жүргізуінің нәтижесінде адам өлімі 44%-ға азайған.
– ТЖД мамандары жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, облыстағы пеш жағатын үйлерді түгелдей аралап шықты. Нәтижесінде, 2 357 бұзушылық анықталды, оның
1 613-і пешпен жылытуға, 573-і электр желілері мен электр жабдықтарын пайдалануға байланысты. 171-і газ баллондарын сақтаудағы ережелерді елемеу секілді бұзушылықтар, – деді ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бас маманы Анастасия Скляр.
Жалпы, тұрғындар жоғарыда айтылған ережелерді есте ұстап, заңға бағынса, ешқандай оқыс оқиғалар орын алмасы анық. Алайда қандай да төтенше жағдайға тап болсаңыз, 112 нөміріне хабарласуға болады. Сондай-ақ қалта телефондағы «Darmen» қосымшасы арқылы жолдың ашықтығын, күн райындағы болжамдарды біліп отыруға болады.
Шығыс Қазақстан облысы