«Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағының ел экономикасына қосып келе жатқан үлесін біреу білсе, біреу біле бермес. Бұдан жиырма жыл бұрын құрылып, қазіргі таңда 2 140 га аумақты алып жатқан алып алаңда тоғыз жеке субаймақ орналасқан.
Жиырма жыл бойы өз тірлігін жүргізіп, өнімді сақтау және жеңіл өнеркәсіптік өнімдер шығарумен айналысқан аймақтың жұмысын жандандыру ел Президенті Қ.Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған экономиканың нақты секторын дамыту, арнайы экономикалық аймақтарды дамыту үшін мүлде басқа саясатқа көшу туралы бірқатар нақты тапсырмасы аясында жүргізіліп келеді.
Ақтаудағы экономикалық аймақта тіркелген 47 компания тұрғындарды 1 700-ден астам жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз етіп отыр. Аймаққа жалпы көлемі 266,1 млрд теңгені құрайтын инвестиция, яғни 168,7 млрд теңгеге шетелдік инвестиция салынса, 406,7 млрд теңгеге өнім өндіріліп, 54,2 млрд теңге салық төленді. Көзге көрінбегенімен, бұл экономика үшін айтарлықтай қолдау. «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағының еліміздегі экономикалық аймақтар арасында көшбасшылар қатарынан табылуына тағы бір себеп – аталған аймақты құруға жұмсалған бюджет қаражатының 1 теңгесіне 34,1 теңге жеке инвестиция тартылып, 6,9 теңге салық аударымдары төленгендігінде. Бұл да өзге өңірлермен салыстырғанда теңіз жағалауында орналасқан аймақтың шоқтығын биіктете түседі.
Экспортқа бағытталған экономикалық аймақтардың бірі болғандықтан, экспорттың негізгі арналары Әзербайжан, Ресей, Өзбекстан, Украина, Германия, Франция елдері. Ал Ақтау аймағына маңдай тіреген шетелдік инвесторлар арасында Қытай, Ұлыбритания, Әзербайжан, Сингапур, Түркия, Германия.
Ақтаудағы экономикалық аймақта қызметтің 25 басым түрі аясында өндіріс бар. Аймақта материалдар өндірісі, мұнай-химия, құрылыс өнеркәсібі үшін материалдар, машиналар мен жабдықтар өндіру сынды өңдеу өнеркәсібі, қойма және логистика, туризмді дамыту негізгі бағыттар болып отыр. Сондай-ақ жобаларды іске асыруға жағдай жасалып, қажетті инфрақұрылым жүргізілген, салықтық және кедендік преференциялар ұсынылады, жобаларды сүйемелдеу және олардың мониторингі жүзеге асырылады, инвесторларға жергілікті атқарушы және уәкілетті органдармен, мамандандырылған ұйымдармен өзара іс-қимыл жасауда жәрдем көрсетіледі.
«Arcellor Mittal Tubular Products Aktau» АҚ үлкен диаметрлі болат құбырларды шығару зауыты, «Kazakhstan Pipe Threaders» ЖШС «премиум» класта газ герметикалық жалғаумен құбырларды кесу зауыты, Ақтау халықаралық теңіз сауда портын солтүстік бағытта кеңейту жөніндегі жобасы – «Ақтау Теңіз Солтүстік Терминалы» ЖШС экономикалық аймақта іске асырылған стратегиялық жобалар болса, 2016 жылы пайдалануға берілген «Азерсун өндіріс және логистика орталығы» ЖШС ірі логистикалық орталығы базасында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сақтау үшін тұрақтандыру қоры құрылды.
Экономикалық аймақта туризм саласы белсенді дамып келеді. Оның ішінде ірі жобалардың бірі – «Sembol Constructon and Engineering» ЖШС 2020 жылы пайдалануға берген Rixos Water World Aktau көпфункционалды қонақүй кешені. АЭА аумағындағы әрбір жоба өзінің мультипликативтік әсерін көрсетеді, экспортқа және ішкі сұранысты жабуға бағдарланған өнімнің жаңа түрлері шығарылады, жаңа жұмыс орындары құрылады, салық түсімдері қамтамасыз етіледі. «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағының өңірде жұмыс істеуі елеулі әлеуметтік-экономикалық тиімділікке негізделген және өңірге инвестициялар тарту үшін қолайлы алаң.
Аталған алаңда бүгінгі бармен тоқтап қалмай жұмысты жаңғырту мен заманауи жетілдіру үнемі назарда, жаңғыру арқылы жетістікке жету басты орында тұр.
Маңғыстау облысы