• RUB:
    4.99
  • USD:
    489.36
  • EUR:
    533.45
Басты сайтқа өту
Спорт 09 Желтоқсан, 2022

Астанада жеңіл атлетикадан ашық біріншіліктің жеңімпаздары анықталды

396 рет
көрсетілді

Бүгін Астана қаласындағы «Qazaqstan» жеңіл атлетика спорт кешенінде Ел Тәуелсіздігінің 31 жылдығына орай 2006-2007 жылы туған және одан кіші 2008-2009 жылы туған жасөспірімдер арасында жеңіл атлетикадан Астана қаласының ашық чемпионаты басталды. Алғашқы күні жарыс жолына шыққан жасөспірімдер арасында үздіктер анықталды, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Мерекелік шараның ашылу салтанатына Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Еркеғали Корбозов, жеңіл атлетика спорт түрінен мемлекеттік жаттықтырушы Қуандық Елжанов және №9 БЖСМ басшысы Айдын Тоқбаев қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.

«Бұл шара мемлекетіміздің басты мерекесі – Тәуелсіздік күніне орай өткізіліп отыр. Басты мақсатымыз – Тәуелсіздік – ең басты құндылығымыз екенін болашақ ұрпаққа жеткізу. Сонымен қатар жалындап тұрған жастардың үлкен ареналарға шығуына даңғыл жол ашу, қаламызда жеңіл атлетиканы өркендетуге барынша күш салу. Дарынды және қарымды қыз жігіттеріміз елімізде өте көп. Оған ешкімнің күмәні болмауға тиіс. Дәл қазір біздің алдымызда сол жастарды шоқтығы биік жұлдыздарға айналдырып, оларды Ольга Шишигина, Ольга Рыпакова, Ғұсман Қосанов секілді мықты желаяқтардың деңгейіне жеткізу міндеті тұр.

Бүгінгі өткізіліп жатқан додаға қатысушылардың саны өте көп. Әрқайсысының көздерінен жеңіске деген ұмтылыс анық байқалды», дейді қалалық спорт басқарма басшысының орынбасары Еркеғали Корбозов.

Жылды қорытындылайтын айтулы сайыста жас атлетшілер 9 пән, 1 эстафета бойынша бақ сынайтын болады. Айтулы додаға Астана қаласының жеңіл атлеттері ғана емес, еліміздің Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облысы, Теміртау, Қарағанды қаларынан келген 180-ге тарта спортшы қатысуда.

Ұйымдастырушылардың айтуынша биылғы жарыста үздік үштіктегі спортшылар Астана қаласының құрама командасына іріктелініп, Республикалық, халықаралық жарыстарға қатысуға жолдама ала алады.

Жарыстың алғашқы күні ұлдар мен қыздар 50 м, 400 м, 1500 м ұзындыққа секіріп, спорттық снарядтарды лақтырып, сондай-ақ эстафета жарысында бақтарын сынады.

Жарыстың қорытындысы бойынша қыздар арасында 50 м ұзындыққа секіруде бірінші орынды Айдана Аяпова еншілесе, екінші және үшінші орынға Дарья Рында мен Анна Мищенко жайғасты. Дәл осындай қашықтықта ұлдар арасында да үздіктер анықталды. Олар: 1-орын Руслан Құрманәлиев, 2-орын Михаил Вовченко, 3-орын Артур Загорский.

Ал командалық эстафеталық жүгіру (4×200м) жарысы бойынша Қарағанды қаласының командасынан құралған спортшылар (Қарағанды-1) 1 сағат 42 минут 57 секунд ішінде еңсеріп бірінші болып мәре сызығын кесті. Екінші орын – Теміртау қаласының құрама командасында. Ал үздік үштікті Қарағанды қаласының екінші құрама командасы түйіндеді.

Айта кетейік ашық чемпионат ертеңге дейін жалғасады.

Жарыстың бағдарламасы бойынша ертең сағат 10:00-14:00-ге дейін «Qazaqstan» жеңіл атлетика спорт кешенінде  өтеді.