Осыдан бір ай бұрын ғана Иорданияның астанасы – Амманда бокстан Азия чемпионатының өткені белгілі. Аталған жарыста Қазақстанның ерлер құрамасы сапында өнер көрсеткен 13 былғары қолғап шеберінің 12-сі жеңіс тұғырына көтерілді. Тарқатып айтсақ, 3 алтын, 6 күміс және 3 қола медальді иеленіп, жалпы есепте екінші орынды иелендік. Желестеріміз Таяу Шығыстан оралған бетте БАҚ өкілдеріне сұхбат берген ұлттық команданың бас бапкері Қайрат Сәтжанов сары құрлықтың басты додасында жүлде алған жігіттердің ешқайсы Павлодарда жалауы желбірейтін Қазақстан чемпионатына қатыспайтынын кесіп айтқан еді.
Жоғарыдағы жағдай жалындап өсіп келе жатқан жастармен қатар, бұған дейін көбіне-көп көлеңкеде қалып қойып жүрген сақа спортшыларға да осы жолы өздерін түбегейлі мойындатуға жақсы мүмкіндік тудырды.
48 кило салмақ дәрежесінде Теміртас Жүсіповтің финалға шығуы ешкімді таңдандыра қоймағаны анық. Келесі айдың бел ортасында 35 жасқа толғалы отырған Жүсіпов бұған дейін тек құрлықтық деңгейдегі додаларда дараланса, былтыр Белградта әлем чемпионы атанды. Осы орайда, 33 жастан асқан шағында осындай биік белесті бағындырған боксшылар тек біздің елде ғана емес, күллі әлемде кемде-кем екенін де айта кеткен абзал. Өзінің мол тәжірибесі мен жеңіске деген ерекше жігерінің арқасында Жүсіпов Павлодарда бұл белесті алтыншы мәрте бағындырды. Финалда ол өзінен 14 жас кіші алматылық Ернұр Қайратты қапы қалдырды.
51 кило салмақтың фавориті оралдық Даниял Сәбит екені сөзсіз. 2020 жылы небәрі 18 жасында ересектер арасында ел чемпионы атанып, былтыр Азия біріншілігінде күміс медальді иеленген дарынды жас ақтық сайыста Дамир Әбдіқадырмен қолғап түйістірді. Алматы облысының өкілі де осал емес-ті. Бұрындары ауыз толтырып айтарлықтай табыстарға қол жеткізе алмаса да, дәл осы жарыстың жартылай финалында ол әлем чемпионаты мен Дүниежүзілік Универсиаданың қола жүлдегері Жомарт Ержанды жолынан ығыстырып, жанкүйерлер назарын бірден өзіне аударды. Бойы мен қолының ұзындығын ұтымды пайдаланып, өте сауатты тактика ұстанған Дамир Даниялдан айласын асырып, бас жүлдені қанжығасына байлады.
54 кило салмақтың шешуші тұсында Нұрсұлтан Алтынбек (Қызылорда) пен Бекзат Алдамжаров (Ақтөбе) қолғап түйістірді. 19 жастағы жас өрендердің өнері «Баянтау» спорт кешеніне жиналған жанкүйерлердің көңілінен шықты. Өте тартысты өткен бәсеке Сыр бойы сайыпқыранының пайдасына шешілді.
Ерболат Сабыр (Павлодар) мен Оразбек Асылқұлов (Ақмола) арасындағы жекпе-жекте 57 килоның үздігі анықталды. Былтыр Сабыр жастар арасындағы әлем біріншілігінің күміс жүлдегері атанса, Оразбек ел чемпионатында топ жарды. Басынан аяғына дейін дамылсыз шабуылмен өткен бәсекеде рингтегі төреші жергілікті былғары қолғап шеберінің қолын көтерді. 60 кило салмақта қарағандылық Талғат Сырымбетов Алматы облысының спортшысы Ерасыл Таңқайды тізе бүктірді.
63,5 кило салмақ дәрежесіндегі маңғыстаулық Санатәлі Төлтаев пен түркістандық Мұхамедсабыр Базарбайұлы арасындағы айқасты көруге ынталы көрермендердің қатары көп болды. Оның өзіндік себебі де бар. Осыдан бір ай бұрын ғана Азия чемпионатында күш сынасқан 13 жерлесіміздің тек біреуі ғана жеңіс тұғырына көтеріле алмағанын жоғарыда айттық. Ол дәп осы Санатәлі еді. Және де осыдан бірер ай бұрын Астанада өткен Елорда кубогінде Базарбайұлы Төлтаевты ұтқан. Рингте Базарбайұлы қанша жанталасқанымен, тәжірибелі Төлтаевтың осал тұсын таба алмады. Бұл тартыста Каспий жалғалауынан келген жігіттің басымдығы байқалды. Көршілес өңірдің өкілдері – шымкенттік Абзал Серік пен түркістандық Темірхан Тезек 67 кило салмақтың бас жүлдесін сарапқа салды. Бұл айқаста Абзалдың асығы алшысынан түсті.
Көпшілік тағатсыздана күткен тағы бір қызықты жекпе-жек 71 кило салмақ дәрежесінде өтті. Финалда Сабыржан Ақхалықов (Батыс Қазақстан) пен Ермахан Жақпеков (Абай) күш сынасты. Екеуінің де есімі жанкүйерлерге жақсы таныс. Кезінде олар жастар рингінде жасындай жарқылдаған. Жайық жағалауынан келген жігіт былтыр Польшаның Кельц қаласында әлем чемпионы атанса, Семей өңірінің өрені осыдан төрт жыл бұрын Мажарстанның бас шаһары – Будапештте өткен дүниежүзілік доданың күміс медалін иеленді. Айтқандай-ақ, бәсеке өте шиеленісті өтті. Десек те Сабыржанға ересектер рингіне әлі де біраз бейімделу керектігі байқалды. Бұл бәсекеде басымдық Ермахан жағында болды.
75 килода Диас Молжігітовтің (Жамбыл) мерейі үстем болды. Финалда ол Аятолла Тәкежановты (Павлодар) ұтты. 80 кило Ерасыл Жақпеков (Абай) пен Жәнібек Қартбаев (Ақтөбе) күш сынасты. Функционалдық жағынан жақсы даярлықпен келіп, тактикалық тұрғыдан сауатты қимылдаған Ерасыл жеңіске жетті. Осылайша, Жақпековтер отбасынан екі чемпион шықты. Осыған дейін бас жүлдені олжалаған Ермаханның жеңісті жолын арада тура жарты сағат өткеннен соң оның туған інісі Ерасыл қайталады.
86 кило салмақтағы Шаймұрат Құсайынов ел чемпионы атанып, жергілікті жанкүйерлерді бір желпіндіріп тастады. Шешуші сайыста ол түркістандық Сағындық Тоғамбаевты сан соқтырды. 92 килодағы Абзал Құттыбеков (Түркістан) осыған дейінгі екі жекпе-жегін нокаутпен аяқтап, өзін өте жақсы қырынан көрсеткен еді. Алайда көптеген халықаралық жарыста жүлде алып жүрген Абзал «спорт шеберлігінен үміткер» деген ғана атағы бар Данил Рақымбердиновті (Алматы облысы) әупірімдеп жүріп, әзер ұтты. +92 кило салмақтағы шешуші кездесу Дамир Тойбай (Алматы) мен Аманат Сабырғали (Атырау) арасында өтті. Бұл жекпе-жекте Дамир жеңіс тойын тойлады.
Жалпыкомандалық есепте Павлодар облысы озды. Ринг қожайындары 5 (2 алтын+1 күміс+1 қола) жүлде жеңіп алды. Ағайынды Жақпековтердің жарқын жеңістерінің арқасында Абай облысы (2+0+2) екінші орынды олжалады. Үздік үштікті Түркістан облысы (1+3+2) түйіндеді. Сондай-ақ Алматы облысы (1+2+3), Алматы қаласы (1+1+4), Ақмола (1+1+0), Шымкент (1+0+3), Жамбыл (1+0+3), Қарағанды (1+0+2), Қызылорда (1+0+0) және Маңғыстау (1+0+0) құрамаларына бас жүлде бұйырды.