Белгілі қаламгер Талғат Айтбай құрастырған «Желтоқсан көтерілісі» атты жинақтың төртінші томы жарық көрді. «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» бағдарламасы аясында оқырманға жол тартқан еңбек автордың бұған дейін құрастырған «Алматы. 1986. Желтоқсан» деп аталған топтамалық жинағының негізінде дайындалған.
Айғақ-кітаптың төртінші томында да Желтоқсан көтерілісі әлем назарын аударған тарихи оқиға екендігі айтылады. Көтеріліс қаһармандары сол кездегі республика астанасы Алматыда ғана емес, басқа көптеген облыс, аудан орталығында, тіпті ауылдардың өзінде өшпес із қалдырғаны баяндалады. Есімдері елге әйгілі Х.Оралтай, Ф.Әли, М.Мырзахметұлы, Б.Ілиясов, К.Тәби, К.Байжан, Ж.Әнесұлы, Б.Қанапиянов, М.Қойгелдиев, Ж.Бабалықұлы, У.Қалижан, М.Рысдәулет, С.Жақыпов, Ғ.Қабышұлы, Ә.Кішкенебаев, М.Қалдыбай және басқа да зиялы қауым өкілдері мен Желтоқсан ұйымы жетекшілерінің материалдары жинақтың салмағын үстей түскен. Сондай-ақ көтеріліс ақиқатын ашу үшін құрылған комиссияға еніп, азаматтық қасиетін көрсете білген заңгерлер мен қоғам қайраткерлерінің мақала, сұхбаттары да қамтылған.
«Желтоқсан көтерілісі әлі күнге дейін өз бағасын ала алмай келеді. Оған түбегейлі саяси-құқықтық бағасы қай кезде беріледі? Бұл бәріміз үшін белгісіз сауал. Дегенмен әрекетсіз қалмайық деп, өз тарапымыздан үзбей еңбектенудеміз. Осыдан алты жыл бұрын айғақ-кітаптардың алғашқы екі томы жарық көрген. Өткен жылы үшінші томы үш мың таралыммен шықты. Енді Мәдениет және спорт министрлігінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» кіші бағдарламасы бойынша «Дәуір» баспасынан төртінші томы жарық көріп отыр. Әлі де төрт томға жүк болатын дүние баспада жатыр. Ақиқат жолы ауыр, шындықтың соқпағы шырғалаң екеніне елімізде ғана емес, кешегі кеңес одағында, тіпті әлемдік ауқымда айрықша бетбұрыс нышаны болған 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі айқын дәлел», дейді Талғат Айтбай.
Буырқанған жастардың асау толқыны, әміршіл-әкімшіл жүйе кезіндегі басшылықтың адам құқын аяққа таптаған өктем істері жинаққа енген мақалаларда жан-жақты сараланады. Кітаптағы тың ақпараттар, Желтоқсан көтерілісіне қатысушылардың естеліктері кім-кімді де қызықтыра түсетіні сөзсіз.
АЛМАТЫ