• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Президент 13 Желтоқсан, 2022

Қордаланған мәселе көп, шешімді кешіктіруге болмайды

318 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Жиынға Премьер-министр Әлихан Смайылов, Президент Әкімшілігінің Басшысы Мұрат Нұртілеу, Үкімет мүшелері, Ұлттық банк төрағасы, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының, облыстардың әкімдері, орталық мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың жетекшілері қатысты.

 

Инфрақұрылым нысандары кешенді тексерілуге тиіс

Президент өз сөзінде еліміз­дің биылғы әлеуметтік-эконо­ми­ка­лық даму мәселелері тал­қы­­ланып, алда тұрған басты мін­деттер айқындалатынын атап өтті.

– Қордаланған мәселелер аз емес. 11 айда экономиканың өсімі 4,6 пайыздан 2,7 пайызға дейін төмендеді. Инфляция соңғы 14 жылда болмаған деңгейге жетті. Қазір бұл көрсеткіш – 19,6 па­йыз. Мұндай ахуал жұрттың табысына және әл-ауқатына кері әсерін тигізіп отыр. Жуырда өткен Президент сайлауы – бұл халықтың бізге артқан зор сенімі және қолдауы. Азаматтарымыз нақты оң өзгерістер бүгін және қазір болады деп үміттеніп отыр. Осы үміт пен сенімді ақтау – алды­мызда тұрған ең басты мін­дет әрі қастерлі парыз, – деді Мемлекет басшысы.

Президент өзінің сайлауалды бағдарламасында еліміздің жаңа даму бағдары айқындалғанын, азаматтардың табысын арттырып, өмір сапасын жақсартуға ба­са назар аударылатынын атап өтіп, ерекше мән беруді қажет ететін бірқатар мәселеге тоқталды.

Мемлекет басшысы ең алдымен тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылығы мәселесін көтер­ді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуын­ша, ауыл мен қаланың ауқы­мын­да шешіле беретін тұр­мыстық мәселелерді Үкімет­тің деңгейінде қарауға мәжбүр. Өйткені осы саладағы төтенше оқи­ғалар тым көп болып кетті. Пет­ро­павл, Темір­тау, Степ­но­гор, Бал­қаш, Қара­ған­ды, Ақтөбе және Риддер қала­ларын­да болған апат­тар­дың ешқай­сысынан әкім­дер мен министр­лер, әсіресе, мен­шік иелері тиіс­ті қорытынды жасаған жоқ.

– Жақында Екібастұзда бол­ған төтенше жағдай бұл сала­дағы ахуалдың қанша­лық­ты күрделі екенін ай­қын көрсет­ті. Қызметкерлердің жауап­сыз­дығы, бақы­лау жүйесінің қау­қар­сыз­дығы мыңдаған адам­ды жылусыз қалдырды. Жауап­ты қыз­мет­керлер қысты қалыпты режімде, аман-есен өткіземіз деп есеп берген. Бірақ іс жүзінде жағдайдың қа­лай болып жатқанын кө­ріп отыр­сыздар. Павлодар облы­сы­ның әкімі өз өтінішімен қыз­меті­нен босатылды. Ал құзырлы мемлекеттік орган – Энергетика ми­­нистр­лігінің ешқандай әре­ке­тін көрген жоқпыз, бұл мекеме апат­қа селқос қарап, бейтараптық таныт­­ты. Сондай-ақ төтенше жағ­­дай қыз­мет­тері­нің жұмысы дұ­рыс жол­ға қо­йыл­маған. Олар баяу қи­м­ыл­дап, салғырттық таныт­ты, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент тозу деңгейі 90 па­йыздан асқан Екібастұз ЖЭС-ін мемлекетке 1 теңгеге сату туралы ұсыныс сараптауды қа­жет ететінін айтты. Оның пікірін­ше, нысанға тәуелсіз аудит жүр­гізу керек. Әбден тозған орталық­ты мемлекеттің тиімді басқара алу мәселесін зерттеу керек. Кә­сіп­орынның 50 пайызын алып, мен­шік иесіне Жылу электр орта­лығын күрделі жөн­деуден өткізу­ді тапсырған жөн.

– Екібастұз тұрғындарына кел­ті­рілген зардапты өтеу шы­ғын­­дары меншік иесі мен рес­пуб­ли­калық бюджет арасында бөлінуі керек. Үкіметтің алдында соңғы жылдары меншік иелері ештеңе істемеген аса маңызды инфрақұрылым нысандарының әрқайсысын кешенді түрде тек­серіп, шешім қабылдау мін­деті тұр, – деді Президент.

Мемлекет басшысы еліміздегі ЖЭС-тердің тозу деңгейі 66 па­йызға, ал кейбір қалаларда шек­ті межеден асып, 80 пайызға жет­кеніне тоқталды. Жылу электр стансаларының үштен бірінің пай­далануға берілгеніне жарты ғасырдан асқан. Ал Шығыс Қазақ­стан облысының Риддер мен Шемонаиха қалаларындағы жылумен қамту желілері мүлдем тозған.

Президенттің айтуынша, энер­гетикалық нысандарды уақ­ты­лы жаңғырту ісін бақы­лауға алу Үкіметке бірнеше рет тап­сы­рыл­ған. Әйтсе де әкімдіктерге де туын­даған мәселені орталыққа ы­сыра салуға болмайды.

– Менің тапсырмам бойынша Президент Әкімшілігі жанынан құрылған арнайы Комиссия кешенді шаралар әзірледі. Соған сәйкес бақылау-қадағалау тетігін күшейтіп, меншік иелерінің жауап­кершілігін және жалпы сала­ның тиімділігін арттыру қа­жет. Комиссия дұрыс жұмыс іс­темей тұрған 19 жылу электр орта­лығын анықтады. Олар­ды шұ­ғыл жаңғырту қажет. Алдын ала есеп бойынша оған шамамен 90 миллиард теңге керек. Бұл қаражат, әрине, энерге­тика­лық кәсіпорындардың тариф­тік сметасында ескерілгені жөн. Мем­лекет меншігіндегі энерге­ти­калық нысандар бюджет есебі­нен жөнделуге тиіс. Ал жеке­мен­шік нысандарды «Тарифті ин­вес­ти­цияға айырбастау» бағдар­ла­масы аясында өз қаражаты есебі­нен жаңғырту керек. Үкімет осы міндетті шешуге шұғыл кірісуі тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

 

Басты мақсат – халық табысын арттыру

Президент халықтың әл-ауқатын жақсарту мәселесіне де баса назар аударды.

– Негізгі тағам өнімдерінің қым­бат­тауы инфляцияның өсуіне себеп болып жатыр. Азық-түлік инф­ляц­иясы 24 пайыздан асты. Тұр­ғын­дардың ақшалай табысы­ның өсу қарқыны соңғы бес жыл­дағы ең төмен деңгейде тұр. Елі­мізде қағаз жүзінде жұмыс іс­тейтін, уақытша жұмыс істемей­тін, өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен қамтыған және жұ­мыссыз деп көрсетілген 900 мыңға жуық адам бар. Негізгі құжат – Халық табысын арттыру бағдарламасы. Осы құжат­ты қазіргі жағдайлармен сәйкес­тендірген жөн, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев өнді­ріс­тік жарақат мәселесі күр­делі проблемаға айналып бара жатқанына тоқталды.

– Биылғы 11 айда өндірісте 1 124 адам зардап шекті. Оның 157-сі қайтыс болды. Кейбір кәсіпорында адам өліміне әкеп соқтыратын апаттар тым жиілеп кетті. «АрселорМиттал Теміртау» компа­ниясы – осының айқын дәлелі. Онда 2006 жылдан бері 20-дан астам апат болып, жүзден астам азаматымыз қазаға ұшырады. Биылдың өзінде 14 адамнан айырылып қалдық. Өткен аптада тағы бір жұмысшы опат болды. Мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың есебіне қарасақ, компания еңбек, экология және салық заңнамасын белден ба­сып отыр. Инвестициялық міндет­теме­лерін де орындамайды. Қоғам әділ, қа­таң және шұғыл шаралар қабылдауды талап етіп жатыр. Бұл мәселені Үкімет бас­шысы тікелей бақылауда ұстайды, – деді Президент.

Мемлекет басшысы өзінің тапсырмасымен инвестициялық жобалардың бірыңғай жүйесі әзірленгенін, алайда биыл жоспардағы 284 инвестициялық жобаның 43-і ғана жүзеге асырылғанын жеткізді.

– Мұның бәріне құр цифр ретінде қарау­ға болмайды. Өйткені соның кесірі­нен көптеген жұмыс орны ашылмай қал­ды. Ел экономикасы миллиардтаған теңге қар­жыдан қағылды. Сыртқы істер министрлігі шетелден инвестор тарту үшін тиімді жұмыс атқарып жатқанын атап өткен жөн. Елшілер шетелдерде түрлі кездесу өткізіп, елімізге инвес­торларды жетелеп әкеледі деуге болады. Бірақ жобаны жүзеге асыратын кезде, жергілікті жерде түрлі мәселе туындайды. Бір сөзбен айтсақ, біз да­йын инвесторлардан айырылып қалып жатырмыз. Тағы да қайталап айтамын, инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға жағдай жасау, яғни жер бөлу, рұқсатнама беру, инф­рақұрылыммен қамту – әкімдердің міндеті, – деді Мем­лекет басшысы.

Президент баға белгілеуді келесі бір маңызды мәселе ретінде атап өтті. Сондай-ақ азық-түлік бағасын өсірмеу үшін басты бағыттар бойынша нақты жұмыс жүргізу керек екеніне тоқталды.

– Азық-түліктің бағасы жыл мезгіліне қарай қатты өзгереді. Күзде су тегін нәрсе көктемде шарықтап шыға келеді. Мұ­ның шешімі біреу ғана – қойма инфра­құрылымын жасау керек. Бірақ бұл бағыттағы жұмыс баяу жүріп жатыр. Былтыр 83 мың тонна өнім сақтайтын қойма салу жоспарланғанмен, оның 64 мыңы ғана пайдалануға берілді немесе жоспар 77 пайызға орындалды. Биыл жұмыс біршама жандана түсті: 98 мың тонналық қойма салу жоспарланып, соның 87 мың тоннасы қазірдің өзінде іске қосылды. Дегенмен бұл бағыттағы шаруаны әлі де ширата түсу керек. Бүгінгі таңда азық-түлік қауіпсіздігі елді өркендетудің басты шарты екенін түсіну қажет. Агроөнеркәсіп кешенін, әсіресе ауыл шаруашылығы өнімін өңдеуді дамыту Үкімет пен әкімдер үшін басты басымдық болуға тиіс, – деді Президент.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев әділ және тиімді экономикалық саясат жүргізілуі керек екеніне назар аударды. Оның пікірінше, елімізде әділ бәсеке орнап, бизнес адал жұмыс істесе, әділетті нарықтық экономика құрылады.

– Экономиканы монополиядан арылту үшін мекемеаралық комиссия құрылды. Бұл комиссия қажетті жұмысты тиімді жүргізіп жатыр. Қазір жеке меншік­ке заңсыз өтіп кеткен активтерді қайтару­ға баса мән беріліп отыр. Бірақ кейбір мәселелер назардан тыс қалып барады. Экономикаға мемлекеттің қатысуын азайту, монополистерді өзіне жанама қатысы бар нарықтың қызметіне араластырмау – өте маңызды жұмыс. Әкімшілік кедергілерді және нарыққа баға белгілеу арқылы қысым жасауды тоқтату керек. Мысалы, электр қуа­тын өндіру және оны жеткізу саласы моно­полис­тердің қолында. Олар тәуелсіз ком­па­ниялардың нарыққа кіруіне шектеу қойып отыр. Біз Электр қуатын бірыңғай сатып алу институтын енгізуге кірістік. Осылайша, тиімсіз делдал компанияларға шектеу қойылады. Өнім өндірушіге қаржы тікелей түседі. Нәтижесінде еліміз барлық өңірлер мен ұйымдар үшін ойға қонымды бағаға қол жеткізуге тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек, Президент бюджет саясатына арнайы тоқталды.

– Үкімет бюджет тұрақтылығын қамтамасыз етуі керек. Ұлттық қордың трансфертіне тәуелділіктен біртіндеп құты­луымыз қажет. Бір жылдан кейін Ұлттық қордың инвестициялық табысы­ның жартысын балалардың есепшотына аудара бастаймыз. Сол кезде барша азаматтар Ұлттық қордағы ахуалды жіті қадағалап отыратын болады. «Әрбір азамат – ұлттық байлықтың иесі» деген сөз жай ұран емес. Бұл нағыз халықтық, қоғамдық бақылаудың басталғанын білдіреді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы ретте Мемлекет басшысы Үкі­мет пен Ұлттық банкке алдағы жеті жылда Ұлттық қордың активтерін 100 млрд долларға жеткізу міндетін жүктегенін еске салды. Сондай-ақ ақшаны азырақ жұмсап, көбірек табыс табу керек екенін ескертті.

 

Ауылды дамытуға тапсырма берілді

Сонымен қатар Президент жер қойнауын пайдалану саласында елеулі түйткілдер бар екенін жеткізді.

– Бас прокуратура Сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп, жер қойнауын пайдалану ісінің барлық сатысында заң бұзылатынын анықтады. Мемлекеттік жер қойнауын басқару бағдарламасында бұрмаланған немесе ескірген мәліметтер бар. Қоры нақтыланған және игеруге дайын тұрған кен орындарына барлау жұмысын жүргізуге 143 лицензия мен келісімшарт заңсыз берілген. Елімізде құнды пайдалы қазбасы бар кен орындары аз емес. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар осындай 87 кенішті заңсыз алған. Олар байқау өткізу рәсімдерін айналып өтіп, кеніштерді жеке компанияларға су тегін берген. Үкіметке Бас прокуратурамен бірлесіп, заңсыз берілген кен орындарын мемлекет меншігіне қайтару үшін тиісті шаралар қабылдауды тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдық жер­лерді дамыту мәселесіне де арнайы тоқ­талды. Мемлекет басшысы жаңа пре­зиденттік өкілеттігіне кіріскен сәтте, ең алдымен, Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасын әзірлеу туралы Жарлыққа қол қойғанын айтып, ауылды өркендетудің мүлдем тың тәсілдері керек екеніне назар аударды.

– Ауыл жұртының көпшілігінде жер үлесі бар. Бірақ халық оның игілігін көре алмай отыр. Азық-түлік қауіпсіздігі бүкіл әлем бойынша басты мәселеге айналды. Биыл біздің елде астық мол шықты. Бірақ егіннің орташа шығымы әлі де төмен. Бұл салада заманауи технологияны қолдану өте маңызды. Шаруаларды осыған ынталандыру керек. Сондай-ақ тыңайтқыштың қолжетімді болуын қамтамасыз еткен жөн. Ауыл шаруашылығы өнімін өңдеу ісін жақсартуға баса назар аудару қажет. Мемлекет жыл сайын агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 350 млрд теңгеден астам субсидия бөледі. Соған қарамастан, терең өңдеу өндірісі дамып жатқан жоқ. Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың ұлттық жобасындағы жоспарлар орындалмай жатыр, – деді Мемлекет басшысы.

Президент көтерген тағы бір өзекті мәселе – экономиканы кредиттеу және халықтың көп несие алуына тосқауыл қою.

– Нақты экономиканы кредиттеу ісін кеңейту қажет екенін бірнеше рет айттым. Бизнес қолжетімді қаржыландыруға зәру. Менің тапсырмаммен шұғыл шешімдер топтамасы әзірленді. Ол осы сектордағы қордаланған мәселелерді шешуге бағытталды. Атап айтқанда, зей­нет­ақы жинағының 50 пайызына дейін жеке басқаруға беру үшін БЖЗҚ салымшыларының құқықтары кеңейтіледі. Бұл бизнесті кредиттеу­ге қажетті «ұзақ мерзімді қаржы» қорын қалыптастырады. Агроөнеркәсіп ке­шеніне берілетін кредитті арттыру үшін астық қолхаты институты толықтай цифр­­­лан­дырылып, қайтадан іске қосы­лады. Бұл агроөнеркәсіп кешені кәсіп­орын­дары үшін сенімді кепіл болады. Эко­но­миканың осы секторын әлдеқай­да белсенді кредиттеу үшін жер қой­науын пайдалану құқығына да осындай өзгерістер енгізіледі. Бұған қоса, Үкімет пен қаржы саласын реттеу орган­дары «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында пайыз мөл­шер­лемесін субсидиялау мерзі­мін 7 жыл­ға дейін созу мүмкіндігін қарастыр­ған жөн деп санаймын. Әрине, бұл эконо­мика­ның тек анағұрлым басым бағыт­тарын қамтуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент тұтыну­шылық кредиттің шамадан тыс көбеюін төмендету керек екенін еске салды.

– Бүгінде проблемалық кредиттердің көлемі жарты трлн теңгеге жетті. Мил­лионнан астам адам өзінің банк алдын­дағы міндеттемелерін өтеуге жағ­дайы жоқ. Олардың көбі әбден торығып, ескі борышын жабу үшін жаңа кредит рәсімдеуге мәжбүр. Сондықтан 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Жеке тұлғалардың төлем қабілетін қалпына келтіру және олардың банкроттығы туралы» Заң күшіне енуге тиіс. Сонымен қатар кепілсіз онлайн-микрокредиттеуді қатаң реттеу қажет. Кейбір елдерде оған толықтай тыйым салған. Осы тәжірибені зерттеген жөн, – деді Президент.

 

Шешім дер кезінде қабылданбайды

Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа әкімшілік реформа жүргізуді тапсырғанын еске салды. Мұндағы басты мақсат – атқарушы билік органдары жұмысының тиімділігін арттыру.

– Қолданыстағы заңдар мемлекеттік органдарға толық дербестік беріп отырған жоқ. Мысалы, өз саласында нормативтік құқықтық актілер қабылдау үшін олардың құзыреті заң жүзінде бекітілуі керек. Тапсырмалар уақтылы орындалмайды. Шешім дер кезінде қабылданбайды. Сол себепті өзектілігін тез жоғалтады. Осындай түйткілді шешу үшін заңдарға мемлекеттік органдарға өз саласындағы құзыреті шегінде қажетті шараларды қабылдауға мүмкіндік беретін түзетулер енгізіліп жатыр, – деді Президент.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Президент Әкімшілігі жүргізген талдау Үкіметтің қызметінде олқылықтар бар екенін көрсеткенін атап өтті. Мысалы, оның жұмысының жартысына жуығы уәкілетті органдар әзірлеген салалық шешімдерді мақұлдаумен шектеледі.

– Үкіметтің негізгі міндеті – жұмыс­ты үйлестіру және оған басшылық ету. Жаңа әкімшілік реформа аясында заң шығару тәжірибесін жаңғырту қажет. Түрлі деңгейдегі мемлекеттік басқару ор­ган­дарының орталыққа бағыныш­ты­лы­ғын барынша азайтқан жөн. Осыған орай Үкіметке заңнамалық актілерді түген­деуді тапсырамын. Мемлекеттік орган­дардың негізгі міндеттері мен құзы­реттері ғана заң жүзінде бекітілуі керек. Әр саладағы саясатты әзірлеу, оны жүр­гізу және бақылау құзы­реті Үкіметтен орта­лық мемлекеттік орган­дарға берілуге тиіс. Ор­талық пен аймақ­тар арасындағы құ­зы­рет­терді бөлу ісін келесі жылы аяқ­тау қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент аса маңызды ұлттық жобалардың («Жайлы мектеп», «Ауылдық денсаулық сақтау», негізгі инвестициялық жобалар) орындалу барысын қадағалайтын Президенттің жобалық офисі өз жұмысын бастағанын хабарлады.

– Жобалық басқару саласындағы білік­тілік мемлекеттік менеджерлер үшін бүкіл әлемде қалыпты стандартқа айнал­ды. Ал біз оның не үшін керектігін түсін­діруден және орындаушыларды кеңсемен бірлесе жұмыс істеуге үгіттеуден аса алмай отырмыз. Әкімдер жаңа талапқа бейімделе білу керек. Жобалық кеңсе жетекшілеріне де шынайы жағдайға орай ойланып, прагматикалық тұрғыдан әрекет еткен жөн. Заманға қарай бейімделу керек. Әйтпесе, көш соңында қалуымыз мүм­кін. Әділетті әрі дамыған мемлекет құру үшін жаңа кадр саясатын жүргізу керек. Алдағы өзгерістер, ең алдымен, адам капиталына қатысты болады. Жаңа кадр саясаты меритократия және кәсіби­лік қағидаттарына негізделеді, – деді Мем­лекет басшысы.

 

Мемлекеттік қызметке әділ бәсекелестік қажет

Президент келесі жылы орталықта және жергілікті жерде ауқымды кадр­лық өзгеріс жасалатынын атап өтті. Оның айтуынша, бастықтардың үнемі бүйрегі бұрып тұратын адамдарымен қоштасуына тура келеді. Олардың орнын жаңа кадр­лар басады. Қазақстанға тиімді жұмыс істейтін технократтар қажет.

– Министрлер және әкімдер өзіне қолайлы адамдарды ғана қызметке тағайындайтын әдетті доғаруға тиіс. Министрліктердің өзінде «керек адамын» тағайындау үшін заң талаптарын аттап өтетін немесе қалауынша өзгертіп алатын жағдайлар бар. Бұл әрекеттер барлық жерде кездеседі. Жер инспекциясы, құқық қорғау саласы, ревизиялық комиссия және басқа да бақылау органдары жергілікті биліктің ықпалында болмауы керек. Әділ бәсеке болмаса, кәсіби мамандар мемлекеттік қызметке қызықпайды. Дарынды жастар мемлекеттік қызметке келуге құлықсыз. Аймақтарда тек сол өңірдің азаматтары жұмыс істеуі керек деген қасаң түсініктен арылу керек. Адамның білікті болуы оның туған жеріне байланысты емес. Жұмыстың нақты нәтижесімен ғана бағаланады.

Сонымен бірге квазимемлекеттік секторда тәртіп орнататын кез келді. Корпоративтік басқарудың икемді болуы – ойыңа не келсе, соны істеу деген сөз емес. Азаматтарды қызметке тағайындау барынша ашық және әділ болуға тиіс. Себебі бұл – ең алдымен, халыққа тиесі­лі мекемелер. Президент Әкімшілігі мем­лекеттік және квазимемлекеттік сектор­дағы тағайындауларды үнемі бақы­лауда ұстап отыруы керек. Жеке адам­дардың мүддесін көздейтін кез келген әре­кетке тос­қауыл қойылуға тиіс. Мемле­кет­тік қызмет істері агенттігі жеке сек­тор­дағы білікті мамандарды мем­ле­кет­тік қыз­метке тарту үшін қолай­лы жағдай жа­сауы қажет. Елімізді өркен­детеміз десек, бәріміз бір ел болып күш жұмыл­дыруы­мыз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік органдардағы атқарушылық тәртіпті сынға алды. Президенттің айтуынша, мемлекеттік аппарат берілген тапсырмаларды атүсті орындайды. Түрлі себептермен созбалаңға салып, орындалу мерзімі бірнеше рет кейінге шегеріледі.

 – Жыл басынан бері Президент Әкімшілігі тапсырмалардың орындалу сапасына қатысты мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың атына 400-ден астам сын-ескертпе жолдаған. Ал осы тапсырмалардың негізгі үйлестірушісі – Үкімет тарапынан қадағалау тиісті деңгейде жүргізілген жоқ. Үкімет қызме­тін қамтамасыз етуге тиіс Премьер-министр Кеңсесінің жұмысы тек мемлекет­тік органдардың дайын есебін жібере са­лумен шектеледі. Премьер-министр Кең­сесінің ведомствоаралық үйлестіру және салааралық мәселелерді шешу жө­нін­дегі рөлін арттырып, Үкі­мет­тің ша­ғын аппараты ретінде кешен­ді түрде транс­формация жасаған жөн. Мем­лекеттік орган басшылары жекелеген мәселелер бойынша бұрынғыдай шешім қабылдаудан қорқады. Түрлі желеумен менің немесе Президент Әкімшілігінің мақұлдауын алуға тырысады. Кейде Үкі­мет мүшелеріне жазбаша тапсырма беру­ге тура келеді. Әйтпесе тапсырманың орындалмау, жобаның толық аяқталмай қалу қаупі бар. Бюрократиядан арылту жө­ніндегі шаралар туралы Жарлық аясын­да біз Үкімет пен уәкілетті мемле­кеттік органдардың құзыретіне жататын ағымдағы мәселелер бойынша Прези­дент Әкімшілігіне құжат жолдауға ты­йым салдық. Алайда бұл тәжірибе әлі жойылған жоқ, – деді Президент.

 

 Сыртқы сауда айналымы өсіп келеді

Жиын барысында Премьер-министр Әлихан Смайылов еліміздің даму барысы және келесі жылдың жоспары туралы баяндады. Үкімет басшысы келтір­ген деректерге сүйенсек, қаңтар-қара­ша­да экономиканың өсу қарқыны 2,7 па­йыз деңгейінде болды. Ауыл шаруа­шылығы, ақпарат және байланыс, құры­лыс, өң­деу өнеркәсібі, сауда, көлік және қой­малау салалары өсіп келеді. Эконо­­ми­ка өсуінің баяулауы мұнай және тау-кен өндірістеріндегі баяулаумен бай­ла­нысты.

Биыл қаңтар-қазанда сыртқы сауда айналымы 34 пайызға өсіп, 111 млрд долларды құрады. Экспорт 45 пайызға, соның ішінде өңделген тауарлар экспорты 35 пайызға өсті. Оң сауда балансы 2 есеге ұлғайып, 31 млрд долларды құрады.

– Қазіргі кезде Үкімет инфляцияны бақылау және төмендету бойынша шаралар кешенін іске асыруда. Оның шеңберінде жедел және орта мерзімді іс-шаралар көзделген. Олар ішкі нарықтағы отандық тауарлардың үлесін арттыруға, тауарларды сақтау және тасы­малдау тетіктерін дамытуға, бөлшек сауданы қолдауға бағытталған, – деді Ә.Смайылов.

Премьер-министр қазіргі уақытта 2030 жылға дейін Мемлекеттік қаржыны басқарудың жаңа тұжырымдамасы қағидаттарын енгізу жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. 2023 жылы Ұлттық қордан алынатын трансферттерді 1,4 трлн теңгеге қысқартуға және бюджет шы­ғыстарының өсу қарқынын тұрақ­тан­дыруға мүмкіндік беретін контр­циклдік бюджеттік қағидалар бекітілді.

Сонымен қатар бюджет процесі мен салықтық әкімшілендіруді жеңілдетуге, осы бағыттарға жаңа цифрлық шешім­дерді енгізуге мүмкіндік беретін жаңа Бюджет және Салық кодекстерін әзірлеу басталды.

– Жалпы алғанда, бюджет-салық саясаты 2030 жылға қарай мұнайға қатысты емес тапшылықты 5%-ға дейін төмендетуге, сондай-ақ Ұлттық қор активтерін 100 млрд долларға дейін өсіруге бағытталады, – деді Ә.Смайылов.

Премьер-министр көлеңкелі экономи­каға қарсы іс-қимыл жөніндегі іс-шаралар жоспарын іске асыру жалғасып жатқанын, оның шеңберінде заңнамалық база жетілдіріліп, кедендік әкімшілендіруді одан әрі цифрландыру, тауарларды қада­ғалаудың ұлттық жүйесін құру, қолма-қол ақшасыз төлемдерді дамыту және валюталық бақылауды жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.

Алдағы 7 жылда кемінде 150 млрд доллар тікелей шетелдік инвестиция тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мәселен I жартыжылдықтың қорытындысы бо­йынша 14,5 млрд доллар тікелей инвес­тиция тартылды.

– 131 мың жаңа жұмыс орнын құруды көздейтін 30 трлн теңгеге 850 инвести­циялық жобаның жалпыұлттық пулымен жұмыс жүргізілуде. Осы жылдың қорытындысы бойынша 18,5 мың жұмыс орнын құра отырып, 2 трлн теңгеге 190 жоба пайдалануға беріледі, – деді Үкімет басшысы.

Сондай-ақ Премьер-министр Қазақ­станға бірқатар шетелдік кәсіпорын­ды көшіру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын хабарлады. Бүгінгі таңда 19 компания көшірілді, ал басқалары бо­йынша бұл мәселе пысықталып жатыр.

Биылдан бастап бизнесті реттеудің жаңа тәсілдері енгізіле бастады. Сон­дай-ақ ол мемлекеттік бақылау жүйе­сін реформалаудың жаңа кезеңі – тәуе­келдерді басқару жүйелерін автомат­тандыру арқылы тексерулерден бұзу­шы­лықтардың алдын алуға ауысу бастал­ғанын атап өтті.

– Бұл жұмыс келесі жылы шағын және орта бизнес субъектілерін тексеру­ге мора­торий мерзімі өткеннен кейін аяқ­талуы тиіс. Қабылданып жатқан шаралар ШОБ-та жұмыспен қамтылғандар санын 4,7 млн-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді, – деді Премьер-министр.

 

Шағын несие бизнеске көмектеседі

Ә.Смайылов бизнесті қосымша қолдау мақсатында моноқалаларда, шағын қалалар мен ауылдарда 5% жеңіл­дікпен шағын несиелендіру енгізіл­генін, сондай-ақ несиелендірудің ең жоға­ры сомасы 7-ден 3 млрд теңгеге дейін төмен­детілгенін айтты. Бұл ШОБ субъекті­лерін мемлекеттік қолдау шараларымен қамтуды ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Шағын несиеге қолжетімділікті кеңей­­ту есебінен ауыл халқының табысын арт­­тыру жөніндегі жобаны іске асыру бас­­талған. Премьер-министрдің сөзіне сәй­кес, бұған келесі жылға 70 млрд теңге бөлу көзделген. 5 жылдың ішінде осы жобаға 1 млн-нан астам ауыл тұрғынын тартып, 1 трлн теңге бағыттау жоспарланып отыр.

Сонымен қатар Ә.Смайылов қазіргі уақытта халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы одан әрі іске асырылып жатқанын атап өтті. Оның шеңберінде 3 млн-нан астам адам­ның жалақысы өсті. Дәрігерлердің жалақысы 30%-ға дейін, мұғалімдердің – 25%-ға, бюджет сферасының басқа қызметкерлерінің жалақысы – 20%-ға, өндірістік персоналдың жалақысы – 10-50% аралығында көтерілді.

Бағдарлама аясында биыл 11 айда 563 мың жаңа жұмыс орны құрылды, бұл жоспарланған көрсеткіштен 27%-ға жоғары. Үкімет азаматтарды жұмыспен қамту бойынша іс-шараларды белсенді іске асырады. Биыл 830 мыңнан астам адам жұмысқа орналасты, соның ішінде 233 мыңы – жастар.

Бұдан кейін Үкімет басшысы мұнай-газ-химия өнеркәсібін дамыту жөніндегі жоспарларымен таныстырды. Мәселен Теңізде 2023 жылы Сағалық қысымды басқару жобасы аяқталады. Қашаған кен орнында қуаттылығы 1,1 млрд текше метр газ өңдеу зауытының құрылыс жұмыстары басталды. Қарашығанақта қосымша 3 млрд текше метр газ өңдеу бойынша жоба пысықталып жатыр.

Осы саладағы күрделі жобалар үшін Жетілдірілген модельдік келі­сім­шарттар заңнамаға енгізілді. Бұл 2023 жылы Қаламқас-Хазар және Қара­тон кен орындары бойынша 9 млрд долларды құрайтын инвестициялық жобалар­ды бастауға мүмкіндік береді. Соны­мен қатар Транс­каспий халық­ара­лық мар­­шрут­тарды дамыту мақса­тында Қазақстан, Әзербайжан, Грузия және Түрки­яның көлік және инфра­құры­­лым министрліктерінің арасында көлік инфрақұрлымын жаңғыртуға бағыттал­ған Жол карталары қабылданды.

Мұнай-газ-химия саласының дамуына келетін болсақ, әлемдік өндірушілердің ТОП-10 құрамына кіретін қуаттылығы 500 мың тонна полипропилен өндіретін ірі зауыт іске қосылды. Бұдан басқа, қуат­­тылығы 1,2 млн тонна полиэтилен өн­­діру жобасы бойынша базалық жобалау бас­талды. Келесі жылы Атырау об­лы­­­сын­да жалпы инвестиция сомасы 1 млрд дол­ларды құрайтын бутадиен және Ба­тыс Қазақстан облысында метанол өн­ді­ретін зауыттардың құрылысы басталады. Сондай-ақ 2023 жылы Шымкент мұнай өңдеу зауытының өндірістік қуаттылығын 9 млн тоннаға дейін кеңей­туді базалық жобалау басталады және битум өндірісі 300 мың тоннаға көбейеді.

Премьер-министр жыл басынан бері республикамызда 34 мың орындық 325 балабақша ашылғанын, нәтижесінде 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 98 па­йызды құрағанын атап өтті. Сондай-ақ биыл 106 мың оқушыға арналған 201 мектеп ашылды. Жаңа «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2026 жылға дейін 842 мың оқушыға арналған 400-ден астам жаңа мектеп ашылады. Бүгінгі таңда 410 колледжді 500-ге жуық кәсіпорын қамқорлыққа алған. Жалпы, 2025 жылға қарай жастар қатарынан ниет білдіргендердің бәрі сұранысқа ие мамандықтар бойынша техникалық және кәсіптік біліммен тегін қамтылады.

Бұдан кейін Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов ақша-несие саясаты жөнінде баяндама жасады. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Екібастұздағы жағдайды қалпына келтіру жұмыстарына қатысты есебімен бөлісті. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Алматы қаласы, Маңғыстау және Ұлытау облыстары әкімдерінің баяндамаларын тыңдап, әрқайсысына нақты тапсырма берді.