• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Әдебиет 14 Желтоқсан, 2022

Шындықтың шырағы

487 рет
көрсетілді

ХХ ғасырда қазақ әдебиеті эпостан эпопеяға көтерілді. Қанмен жазылып, ұлттың көркем тарихы жасалды.

Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Әбдіжәміл Нұрпейі­сов, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекіл­бай­ұлы, Мұхтар Мағауин, Фариза Оң­­ғар­сынова, Сайын Мұратбеков, Оралхан Бөкей, тағы да басқа ондаған, жүз­деген жазушы көркем әдебиетке жур­­налистика арқылы келді де, ұлт тари­хының өшпес жәдігерлерін жариялады.

 

Осы ғасырдың көркем әдебие­тінде ерекше орны бар қаламгер ағамыз – Әзілхан Нұр­шайықовтың да жұлдызы жарқырап жанып тұр.

Әз-аға деп құрметке бөленген қа­лам­гер Нұршайықовтың ұзақ та қызық­ты жолдары осы журналистикада қа­лыптасты.

Туғанына ғасыр толып отырған Әзіл­хан Нұршайықов ағамыздың өмір жолы, азаматтық жолы, қаламгерлік жолы туралы бір ауыз сөз айтуды бақыт деп санаймын.

Әзілхан Нұршайықов ағаны көзім көрді, дастарқандас, пікірлес болдым. Көкейкесті мақалаларын «Лениншіл жаста» («Жас Алаш»), «Егемен Қазақ­станда» жиі жариялап тұрдым. Мінезге бай, жүрегінде нұры бар, сұлу күлкісі өзі­­не ғана жарасатын, ғажайып тұлға еді.

–Біз «Қазақстан пионерінен» шық­қанбыз, – деп ерекше ілтипат көрсететін еді. Өзгелерден ерекшелігі – өз мақаласы шыққанда ғана емес, өзге авторлардың танымдық мақалалары жарияланғанда телефон шалатын, болмаса, мөлдіретіп өз қолымен хат жазып жіберетін.

Өмірде қандай жинақы жүрсе, қол­жазбаларына да, хаттарына да сондай мұқиятпен қарайтын. Әз-ағаңмен жүз­десу жүрегіңе жылу құятын. Есте сақтау қасиетіне таңғалыспен қарайтын едім.

– Анам – Мұхтар деген кісі еді. Атына заты сай, ер мінезі де бар еді. Ес­кі­ше хат таныған, аңыз-ертегілерді көп білетін. Жыр-қиссаларды да жатқа айтып, әндетіп отыратын, – деді бір кез­десуімізде. – Сол анадан түскен нұр сәуле санамда қалып қойды. Мүмкін есте сақтау қабілетім анам айтқан әңгі­мелердің әсерінен болар деп ойлаймын.

Әз-ағаның дене бітімі бала қы­рандай көрінетін. Кеудесін ешкімге бастырмайтын мінезі бар. Даусын да қатты көтермейтін. Бірақ нық, нақты сөйлейтін. Әңгіме айтқанда, кейде өзі айтып отырған кейіпкерге де ұқсап кете­тін. Әсіресе, Жамбыл туралы сөйле­генде тамсана толғанатын.

Иә, Әзекең 1941 жылы соғысқа ша­қырылады. Бұл кезеңді қаламгер «есею, азамат болу кезеңім болды» деп айтып отырады.

«5 желтоқсанда военкоматтан әскерге шақырған қағаз келді. Кешке дейін ауыл аралап, ағайындармен қош­тастық. Әр үйден дәм таттық. Үлкен­­дер баталарын беріп, кішілер тілек­­тес­тік білдірді» деп жазыпты Әз­ағаң өз күнделігінде.

Сонымен, Семейдегі педагоги­ка­лық институттың 1-курсынан Әзілхан Нұр­шайықов жауынгер атанды. Осы кезде Әзағаң көп өлең, очерк жазды.

Журналистика Әзілхан Нұршайы­қовтың шығармашылық стилін қалып­тастырды. Өйткені диалог, монолог сынды әдеби әдіс журналистикамен ас­тасқанда ерекше әдеби реңк алады.

1970 жылы қазақ оқырмандары Әзіл­хан Нұршайықовтың «Махаббат, қы­зық мол жылдар» романы арқылы шынайы өмір дастанын оқыды.

Біз университеттің 4-курсында оқи­тын едік. Кітапты жабыла іздеп, кезекке қойып оқыдық. Біз осылай Әзіл­хан Нұршайықовты таныдық. Үлкен әдебиетте әлі даңқы көріне қоймаған Әзекең бір сәтте халықтың махаббаты мен құрметіне бөленді.

Бұл романда тұтас бір соғыстан кейінгі дәуір жастарының романтикалық бет-бейнесі суреттелді. Өмірбаяндық роман болғанымен шығарма жаңа ұр­пақтың өмір полотносы болды.

Жаңа роман кейіпкерлерінің біра­зы етене таныс еді. Тіпті алдынан дәріс те алдық. Мысалы, Мырзабек Дүй­­сенов – белгілі ғалым, филология ғы­лым­дарының докторы, профессор. Ал Мең­тай бейнесіндегі қасиеттерді жазу­шы өзінің жан жары Халимадан сомдады.

Әзілхан Нұршайықовтың майдан күнделіктері оның бүкіл ой-санасын қалыптастырды. Қаншама майдандас достарымен от пен өрт көріп, өлім мен өмір беттесіп, намыс-қайраттары жанылып еді. Олар туралы жазушы көп жазды, қаламмен ескерткіш қойды.

Қаламгер шеберханасын зерделеп қарасаңыз, ұлт­тық патриотизмді айқын сезінесіз. Шындықтан алшақ­тамайды, мейлінше әділ, мейлінше ақиқат жазады. Кейбір мемуарларда кейіп­кер өз объектісінен де биіктеу су­рет­телетіні жасырын емес қой. Ал Әзілхан Нұршайы­қов ағаның жазғанын оқы­ғанда күдік те, сенімсіздік те ойыңа келмейді.

Әзілхан ағаның «Ақиқат пен аңыз» атты роман-диалогы қазақ әдебиетіндегі постмодернистік әдебиеттің бастауы болды деп айта аламыз. Қазақта әңгіме де, хикаят та, роман-эпопея да, дилогия да, трилогия да болды. Бірақ роман-диалог жаңа әдеби стильдің асыл арнасына айналды.

Кейіпкері де, қаламгері де осал емес. Бірі – атақты қолбасшы, айбатынан жұрт ыққан Бауыржан Момышұлы, екіншісі – сержант, ақын, жазушы, журналист Әзілхан Нұршайықов.

Роман-диалог арқылы оқырман Бауыржан Момышұлы тағдырының ақи­қа­тын да, аңызын да білді. Бұл шын­дық, бұл әділдік, бұл көркем әдебиеттің жаңа платформасы еді.

Бауыржандай ұлт тұлғасы роман-диалогтан кейін тіпті асқақтап кетті. Онсыз да абыройы биік Баукең­нің бейнесі тұтас бір ұрпақтың мақ­танышына айналды.

Роман-диалог Әзілхан аға Нұр­шайы­­қовтың тағдырында қандай із қалдырды? Қаламгердің 2004 жылғы 20 ақпанда Ұлттық ғылым ақадемиясында өткен «Бауыржан Мо­мыш­­ұлының рухани, адамгершілік, әскери-философиялық мұралары және ел ішінде Отанды сүюге тәрбиелеу мәселелері» атты ғылыми-прак­­тикалық конференциясында сөй­леген сөзіне назар аударғым келеді.

– Мен Баукеңнің шәкіртімін, – деп еді Әз-аға өз баяндамасында. – Бау­кеңмен замандас, сыйлас, сырлас бол­­ғанымды мақтаныш етемін. Егер өмірде Баукең болмаса, мен мұндай атақты, абыройлы адам болмас едім (егер атақты, абыройлы болғаным рас болса). Бұған бір ғана мысал айтайын. Менің шыққан кітаптарымның бар­лық тиражы бір миллион данадан асыңқырайды. Соның 361 мың данасы – Баукең туралы жазылған «Ақиқат пен аңыз» ро­манның таралымы.

Иә, бұл жазушының жан сыры. Өзі айтқан ақиқат сөзі. Шындықтың шы­рағындай болған екі тұлғаның өмірі мен көзқарастарының үйлесім табуы, екеуін де асқақтатты. 1980 жылы Әзіл­хан Нұршайықов осы роман-диалогы үшін Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықпен марапатталды.

Жазушы журналистиканың от-қаза­нында шыңдалды. Ол 1953 жылдан үзбей «Қазақстан пионерінде» («Ұлан») бөлім мең­герушісі, «Социалистік Қазақстан» газе­тінде қызмет істеді. 1953-1956 жыл­дары Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінің редакторы, 1961-1963 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы болды. Кейін М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғылыммен айналысты.

– Екеуміз де «Қазақстан пионері» газеті арқылы өстік, – дейтін Әз-аға.

Қырықтан астам әдеби шығар­малар­дың, очерктердің, эсселердің авторы Әзілхан Нұршайықовтың көзі ті­рісінде он томдығы басылды. Жақында ғана «Махаббат, қызық мол жылдар» атты 20 сериялы телехикая түсірілді. Ал роман жаңа форматта қайта басылды.

... Әз-аға «Мәңгілік махаббат жырын» жазды. Оны жан жары, шуақты махаббаттың символы Халимаға арнады. Бір парасы – Меңтай образына пайдаланылды.

Жұбайы қайтыс болған соң қаламгер бейіт басына жиі барады. «Халимаш, құранды имам оқыр, мен саған Абай бабамыздың «Айттым сәлем, Қаламқас» әнін арнаймын», деп ән айтқанын біреу түсінсе, біреу күрсінді.

Желтоқсанның он бесінде атақты қаламгер ағамыз 100 жасқа келеді. Өзі­нің туған жылын да ағамыз өзі айқын­дап, нақтылап кеткен ғой.

«Туған жылым ескіше ит жылы екен, оны жақындарымның бәрі біледі, – дейді Әз-ағаң естелігінде. – Бірақ қай айда, қай жылы туғаным ешкімнің есінде жоқ. Ит жылы – жаңаша 1922 жыл. Соғым екі кезде сойылады екен: байлар – ноябрьде, кедейлер – декабрьде соятын болса керек. Мұны есейген кезде әкемнен сұрап білдім. Әкем кедей кісі болған. Ендеше, мен декабрьде туғанмын. Декабрьдің қай кезі – басы ма, ортасы ма, әлде аяғы ма? Ба­сына да, аяғына да жақын ортасын алайын. Осы­лай деп есептеп, ес білгеннен кейін 1922 жылы 15 декабрьде тудым деп жазатын болдым».

Өмірге ғашық болып келіп, ғашық болып кеткен Әзілхан Нұршайықов көркем әдебиеттің көркі болды.

 

Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ,

ҰҒА академигі,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері