Қазақстанның ішкі нарығын жеңіл көліктерді доңғалақпен толық жабдықтауға мүмкіндігі зор «KamaTyresKZ» ЖШС-ның шина зауытында алғашқы өнім алынды. Зауыттың бірінші өнімін шығару рәсіміне Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр, Татарстан президенті Рустам Минниханов, Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, «Татнефть» ЖАҚ бас директоры Наиль Маганов және Allur компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев қатысты.
– Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Татарстан Республикасымен жан-жақты ынтымақтастық орнатуға ерекше мән беруде. Он жеті жыл бұрын Көкшетауда Татарстанмен бірлескен алғашқы «Камаз» кәсіпорны іске қосылған болатын. Қазіргі күні ол жүк көліктерін, арнайы техникаларды шығарады. Бұл ынтымақтастық кеңейіп келеді. Қостанай қаласында біліктерді, редукторларды шойыннан құю бойынша бірлескен зауыт ашылды. Бүгін шина шығаратын «Татнефть» компаниясымен бірлескен жобаны іске қосамыз. Бұл – біз үшін бірегей жоба. Шина шығаратын тұңғыш өнеркәсіп екенін атап өткен жөн. Бұл өндіріс көлік өнеркәсібінің сұранысымен қатар, жекелеген көлікқұмарлардың сұранысын өтейтін болады. Кәсіпорын заманауи барлық талапқа толық жауап береді, – деді Роман Скляр.
Аталған зауыт өнеркәсіп өркендеуі үшін қандай маңызды болса, моноқалаларды дамытуда да сондай мәнге ие. Өйткені өндірістің толық желісі іске қосылғанда Саран қаласының мыңнан аса адамы жұмыспен қамтылады. 171 млрд теңге инвестиция құйылған зауыт Саранның индустриялық аймағында орналасқан.
Татарстан президенті Рустам Минниханов зауыттың межесі жылына 3 500 млн дана доңғалақпен шектеліп қалмайтынын жеткізді. Оның айтуынша, әлі де зор әлеует бар.
– Ұсынылатын жұмыстардың еңбекақысы жоғары және мамандар кәсіби тұрғыдан білікті. Қазақстанның нарықтағы ішкі сұранысын қамтып, Орталық Азия және алыс шетелге экспортқа шығаруға мүмкіндігі бар. Қазақстан біздің шетелдік серіктесіміз ретінде қала береді. Ынтымақтастық аясының кеңдігі қуантады. Біздің әлі де ауқымды жобаларымыз бар, – деді Рустам Минниханов.
Қысқа мерзімде бой көтерген зауыт мамандарын Нижнекамск қаласындағы кәсіпорындарда арнайы оқытып алды. Білікті мамандар қатары толыға түспек.
«Татнефть» ЖАҚ бас директоры Наиль Маганов әдетте мұндай зауыттардың 50-60 ай бойы салынатынын айтады. Ал Қарағанды зауыты 16 айда тұрғызылды.
– Бұл бірінші кезең ғана. Жоспарда желілік өндірістер бар. Ірі көлемді шиналар шығару міндеті тұр. Мұның бәрі Қазақстанның инвестициялық климаты мен Қазақстан басшылығының қолдауының арқасында іске асты. Біз тиімді ынтымақтастық орнатқан Қарағанды облысы, Саран қаласы әкімдіктеріне ризашылық білдіреміз, – деді Наиль Маганов.
Инвестор өнімнің әлемдік брендтермен терезесі тең түсіп, сапа жағынан сүрінбейтініне кепілдік беріп отыр.
Зауыт директоры Александр Смышляев алғашқы шина алу арқылы технологиялық үрдіс бақыланып, өнімнің сынақтан өткенін мәлімдеді. Яғни құрылғылардың жолға қойылып, технологиялардың дайындығына, құрал-жабдықтардың толық іске қосылуына біршама уақыт керек.
– Сериялы өнім алуға барлық үрдіс іске қосылғанда қол жеткізуге болады. Ал бұл – 2023 жылдың үшінші тоқсаны. Сол кезеңде зауыт 3 500 млн шина шығарады, – дейді директор.
Зауыт басшысының айтуынша, әр доңғалақ үш кезеңді тексерістен өтеді. Бірде-бір доңғалақ сапа инспекциясынан өтпейінше тұтынушыға жіберілмейді.
Бүгінгі таңда келісімшарттар жасалған. Өнімнің қаншасы ішкі нарыққа, қаншасы экспортқа шығатыны да есептеулі. Зауытқа Еуропа, Азия елдерінің озық құрал-жабдықтары жеткізілген. 9 шетелдік жеткізуші бар. Құрылғыларды орнату кезең-кезеңімен жүзеге асып отыр.
Қарағанды облысы,
Саран қаласы