• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Парламент 14 Желтоқсан, 2022

Парламентаралық байланыс нығая түседі

309 рет
көрсетілді

Қазақстан Парламенті Мәжілісінің спикері Ерлан Қошанов бастаған делегация Пәкістан Ұлттық Ассамблеясының спикері Раджа Первез Ашрафтың шақыруымен Исламабадқа барды.

Сапар барысында Ерлан Қошанов Пәкістан Ұлттық Ассамблеясының спикері Раджа Первез Ашрафпен кездесіп, екі ел арасындағы парламентаралық ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Мәжіліс спикері әріптесін Пәкістан Тәуелсіздігінің және Парламентінің 75 жылдығымен құттықтады. Бауырлас елге бақ-береке тілеп, Пәкістан Қазақстанның Оңтүстік Азиядағы маңызды серіктесі екенін атап өтті.

– Биыл елдеріміз арасында дипло­матиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толды. Осы уақыттың ішінде Қазақстан мен Пәкістан жан-жақты ынты­мақтастық орнатып, біраз табысқа қол жеткізді, – деді Ерлан Қошанов.

Мәжіліс Төрағасы қазіргі таңда Қазақ­станда маңызды тарихи оқиғалар болып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың бастамасымен ауқымды саяси ре­формалар жүргізіліп жатқанына назар аударды.

– 20 қарашада Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Президенті болып сайланды. Келесі жылы Парламент сайла­уын өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл –  біздің еліміздегі парламентаризмнің даму тарихындағы жаңа кезең. Жаңа заңнамаға сәйкес саяси партияларды тіркеу рәсімдері едәуір жеңілдеді. Нәти­жесінде сайлаудан кейін Мәжілісте саяси пар­тиялардың саны артады деп ойлаймыз. Бұл Парламенттің қоғамдағы рөлі мен беделін нығайтуға септігін тигізеді, – деді Ерлан Қошанов.

Өз кезегінде Пәкістан Ұлттық Ас­сам­блеясының спикері Раджа Первез Ашраф парламенттік дипломатияның ма­ңыздылығына тоқталды.

– Парламентаралық ықпалдастық жалғаса береді. Біздің әлеуетіміз зор. Энергетика, қауіпсіздік, азық-түлік, әскери саладағы әріптестікті дамыта аламыз. Сонымен бірге бауырлас халықтарымыздың достығын нығайту маңызды. Біздің мақсатымыз – Орталық Азия елдерімен байланысты күшейту, – деді Первез Ашраф.

Қазіргі уақытта екі ел парламенттері­нің байланысы жан-жақты дамып келе жатыр. «Қазақстан-Пәкістан» достық тобы табысты қызмет етуде. Бүгін екі ел депутаттары парламентаралық ынтымақтастықты арттыруға бағыт­талған осы топтың ал­ғаш­қы отырысына қатысты. Басқосуда дос­тық топтар мен комитеттер заңнама сала­сында тәжірибе алмасу жөнінде келісті.

Сапар аясында Ерлан Қошанов Пәкістанның Премьер-министрі Шахбаз Шарифпен кездесті. Онда Мәжіліс төрағасы Пәкістан Премьер-министріне Қазақстан Президентінің ыстық сәлемі мен зор ықыласын жеткізді.

– Сіздің Қасым-Жомарт Тоқаевпен қысқа уақыттың ішінде екі рет кездесуіңіз елдеріміздің достығын тереңдетіп, байланысымызды арттыра түсуде. Осындай жоғары деңгейдегі қатынастарымыздың жалғасы ретінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдағы уақытта Исламабадқа ресми сапары жос­парланып отыр. Бұл сапар достас елдер арасындағы тығыз қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеріп, одан әрі дамуына зор серпін беретініне сенімдімін, – деді Мәжіліс спикері.

Ерлан Қошанов Пәкістан мем­лекеті Қазақстан Тәуелсіздігін ең алғаш­қылардың бірі болып таныған ел екенін ерекше атап өтті. Қазіргі таңда Қазақстан мен Пәкістан арасындағы сауда-эко­но­микалық қарым-қатынас жыл санап артып келеді. Былтыр өзара тауар айналымы 100 млн долларға жуықтады. Алдыңғы жылмен салыстырғанда екі есе ұлғайып отыр.

Пәкістан Премьер-министрі Шехбаз Шариф екі жылда Қазақстан мен Пәкіс­тан арасындағы  сауда-саттықты екі есе арттыруға мүмкіндік бар екеніне баса мән берді.

– Бүгінгі Ұлттық Ассамблеяның спикерімен кездесуіңіз табысты болды деп ойлаймын. Парламенттеріміздің байланысы нығайып, экономикалық ынтымақтастықты күшейтуге барлық мүмкіндік бар. Әсіресе, сауда-саттық, логистика, ауыл шаруашылығы, білім мен ғылым саласындағы серіктестіктің әлеуеті зор. Президент Тоқаевқа менің ыстық сәлемімді жеткізуіңізді сұраймын. Алдағы  кездесуімізді асыға күтемін және жемісті өтетініне кәміл сенемін, – деді Шехбаз Шариф.               

Сонымен қатар Мәжіліс төрағасы Пәкістан президенті Ариф ур-Рех­ман Алви­мен және Пәкістан Сенаты­ның төр­ағасы Мухаммад Садик Сандж­ранимен жеке-жеке кездесті. Мәжіліс төрағасы 230 млн-нан аса хал­қы бар Пәкіс­тан нарығы Қазақстан үшін үлкен қызы­ғу­шылық тудырып отырғанына мән берді.

– Пәкістанның теңіз порттарына шығуы­ еліміз үшін тиімді болар еді. Біз астық, энергоресурстар және басқа да тауарларды экспорттау мүмкін­дігін пысықтап жатырмыз. Бізге өңір­лік транзиттік және логистикалық инфра­құ­рылымды дамы­ту­дың маңызы зор, – деді Ерлан Қошанов.

Сондай-ақ кездесулерде халықаралық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелері де талқыланды. Тарап­тар достық байланыстар қос ел көш­бас­шыларының өзара тиімді ықпалдас­тығының жемісі екеніне назар аударды. Екіжақты байланысты күшейтуге бағытталған бұл жұмыстар Парламент деңгейінде қызу жалғасады.