«Қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы» заңын жетілдіру қолға алынды, деп хабарлайды Egemen.kz ИИДМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл туралы Абай облысының халқымен кездесуде Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Ержан Мырзабаев айтты.
Осы ретте Мемлекет басшысының «Орталық атқарушы органдар басшыларының халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі өкілдерінің еліміздің өңірлеріне іссапарлары жалғасып келе жатқанын айта кетейік.
Абай облысының іскер ортасы және жергілікті халқымен ИИДМ басшысының орынбасарлары Ержан Мырзабаев пен Динара Щеглова кездесіп, тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. Мәселен, жеңіл өнеркәсіппен айналысатын кәсіпкерлер, оның ішінде Семейдегі аяқ киім фабрикасының өкілдері мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты алудың шарттары тым қатаң екенін жеткізді. Сондықтан семейлік жеңіл өнеркәсіпшілер оған қатысудың талабы оңтайландырылып, жеңілдетілсе деген пікірде. Бұл орайда Е.Мырзабаев қазір қорғаныс өнеркәсібі мен мемлекеттік қорғаныстық тапсырысқа қатысты заңнама қайта қарастырылып жатқанын, сондай-ақ келер жылы тиісті заң жобаны әзірлеу көзделіп отырғанын атап өтті.
«Қазір Үкімет басшысы алдымызға қорғаныс өнеркәсібі мен мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс мәселелерін реттейтін қолданыстағы заңды толығымен қайтадан қарастырып, мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты қалыптастырудың ережелерін жетілдіру міндетін қойып отыр. Министрлік қазір осы мәселемен айналысып келеді», деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі.
Бұдан бөлек жергілікті деңгейде жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарына Семейдегі бірнеше көтерме сауда орнында шығарылатын өнім түрлерін сатуға арнайы орындар да белгіленгені айтылды.
Сондай-ақ Д.Щеглова Абай облысының халқына Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің құзырындағы бірқатар саладағы цифрландыру үдерісінің барысын айтып берді. Мәселен, елімізде құрылыс кезеңдерін e-Qurylys бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы іске асыру көзделіп отыр. Аталған жүйе биыл маусымда іске қосылғанын айта кеткен орынды. Ол құрылыс процесінің барлық қатысушысы мен мемлекеттік органдарға кез келген құрылысты автоматтандыруға септігін тигізеді.