• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 15 Желтоқсан, 2022

Мерекені лайықты қарсы алдық

282 рет
көрсетілді

Тәуелсіздік – терең ұғым. Еліміз үшін ерекше күн – 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі «Тәуелсіздік пен мемлекеттің егемендігі туралы» заң қабылдап, бүкіл әлемге тәуелсіздігімізді жариялады. Міне, биыл еліміздің тәуелсіздігінің 31 жылдығын үлкен саяси өрлеу үстінде қарсы алып отырмыз. Қазақстан тарихында алтын әріптермен жазылатын бұл күннің мәні де, маңызы да ерекше. Осы айтулы мерекені Астана қаласы Әділет департаментінің ұжымы да лайықты қарсы алып отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында республика тұрғындарының әл-ауқатын жақсартып, игілігін молайту жолында мемлекеттік органдардың алдына биік міндеттер қойылды. Астана қаласының Әділет департаменті де осы Жолдаудағы тапсырмаларды жүзеге асыру бағытында жұмыс істеп келеді. Бүгінгі таңда департамент ұжымының барлық күш-жігері міне осы мақсаттарға жұмылдырылып отыр.

Барлық мемлекеттік органдар сияқты Астана қаласының Әділет департаменті де өзінің күнделікті атқарып отырған қызметінде «Әділет органдары туралы», «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы», «Нотариат туралы» Қазақстан Республикасының заңдары мен басқа да құқықтық актілерді басшылыққа алады. Бір сөзбен айтқанда, Әділет департаментінің өзіне жүктелген барлық салалар бойынша қызметін атқару үшін қажетті құқықтық негіз бар.

Департаменттің биыл атқарған қызметіне жасалған алдын ала талдау өткен жылмен салыстырғанда жұмыс көрсеткіштерінің біршама артқанын көрсетті. Азаматтардың заңды мүдделері мен құқықтарын қамтамасыз ету - ең басты міндет. Бұл бағытта қала тұрғындарына көрсетілер қызмет сапасын жақсарту басты назарымызда. Сондықтан да нотариустар мен адвокаттардың, азаматтық хал актілерін тіркеу органдарының және сот орындаушыларының жұмысы уақыт талабына сай ұйымдастырылуда. Осының нәтижесінде тұрғындар өздері қалаған қызмет түрлері бойынша тиісті жауап ала алады әрі олар қойған мәселелер де оң шешімін табуда.

Азаматтардың зияткерлік меншік құқығын қорғау және қамтамасыз ету департамент қызметіндегі басты міндеттердің бірі. Осы бағытта олардың тарапынан қойылып отырған мәселелер мен арыз-шағымдардың уақыт өткен сайын көбейіп келе жатқаны байқалуда. Бұл бір жағынан қала тұрғындарының құқықтық сауаттылығының артып келе жатқанын білдірсе, екінші жағынан өздерінің зияткерлік меншік құқықтарының Әділет департаментінің осы бағытта жұмыс істейтін бөлімі тарапынан тиісінше қорғалатынына деген сенімді білдіреді.

Қазіргі таңда осы бағыттағы жұмыс жан-жақты жүзеге асырылуда. Бұл елорда халқының санының артуына, сондай-ақ азаматтардың өздерінің зияткерлік меншік құқығын қорғауға әлдеқайда жауапкершілікпен қарауына да байланысты болып отыр. Осы бағытта құқықтық түсіндіру жұмыстары да кеңінен жүргізілуде. Атап айтқанда, қаладағы жоғары оқу орындарында, сондай-ақ колледждерде зияткерлік меншік құқығын қорғау тақырыбы бойынша дәрістер мен басқа да іс-шараларды өткізу дәстүрге айналды. Оларға департаменттің Зияткерлік меншік құқығын қорғау бөлімінің қызметкерлері белсене қатысуда. Өткен жылмен салыстырғанда нақ осындай іс-шаралар саны биыл анағұрлым артты. Бұл азаматтардың өздерінің құқықтарын қорғау бойынша мамандардан мол мәлімет алуына мүмкіндік беріп отыр.

Департаменттің атқарып отырған басты міндеттерінің бірі - атқарушылық іс жүргізу, яғни сот орындаушыларының сот актілерін орындау жөніндегі жұмысы. Тек осы жылдың он бір айында олар 342 638 атқарушылық іс жүргізді. Соттарда қаралатын істердің уақыт өткен сайын артуына орай тиісінше орындалатын сот актілерінің саны да көбейе түсуде. Мұны азаматтардың сотқа деген сенімінің артқаны, өздерінің бұзылған құқықтарын сот арқылы қалпына келтіруге деген ұмтылысы деп түсінеміз. Осыған байланысты сот орындаушыларына жүктелер жұмыс ауқымы да көбейіп келе жатыр.

Сот шешімдерін орындау жөніндегі міндетпен мемлекеттік сот орындаушыларымен қатар жеке сот орындаушылары да айналысуда. Осы орайда өткен жылмен салыстырғанда олардың қатары көбейе түскенін айта кеткен орынды деп есептеймін. Өйткені жеке сот орындаушыларының да иығына түсетін жауапкершілік жүгі ауыр. Осы жылдың он бір айында мемлекеттік және жеке сот орындаушылары 32 млрд теңгенің мемлекет қазынасына қайтарылуына қол жеткізді.

Сот орындаушыларының қатарын өз істерін жақсы білетін әрі осы салада тәжірибесі мол мамандармен толықтыру өзінің лайықты нәтижесін беріп отыр. Қазірдің өзінде, мысалы, жеке сот орындаушыларының саны 250 адамға жетті. Олардың заң талаптарына сай білікті іс-әрекеттерінің нәтижесінде атқарушылық іс жүргізу сапасы да жақсара түсті. Біз алдағы уақытта да осы қарқынды төмендетпей, азаматтардың заңды мүдделері мен құқықтарын қорғауды барынша қамтамасыз етуге күш саламыз.

Азаматтарға нотариаттық қызмет көрсету бойынша да белгілі бір жетістіктер бар. Елорда тұрғындарына осы бағытта қызмет көрсететін нотариаттар қатары жыл өткен сайын көбейіп келеді. Олар бұл күндері өздерінің алдарында тұрған міндеттерді жауапкершілікпен атқарып, тұрғындарға нотариаттық қызмет көрсетумен қатар оларға заң талаптарын түсіндіру бойынша да белгілі бір жұмыстарды жүзеге асыруда.

Қай салада болмасын жұмыстың табыспен іске асырылуы, алға қойылған межелердің орындалуы кадрлық әлеуетке байланысты. Осы тұрғыдан алғанда Астана қаласының Әділет департаментінде белгілі бір жоспарлы іс-шаралар жүзеге асырылып келеді. Ең бастысы, әрине, тапсырылған учаскеге жауапкершілікпен қарау. Біз күнделікті жұмысымызда кадрлардың назарын нақ осыған аударып отырамыз. Әрине, мұның нәтижесі де жоқ емес. Соңғы жылдары департамент қызметкерлерін іріктеуге баса мән берудің нәтижесінде өз істерін жауапкершілікті сезіне отырып тиянақты атқаратын кадрлар құрамы қалыптасты.

Кадрларды тәрбиелеу, оқыту, олардың біліктілігін арттыру мәселелеріне аппарат кеңесінің отырыстарында да баса назар аударылады. Жұмыста кемшіліктерге жол берілген жағдайларда кадрлардың жауапкершілігі туралы мәселені қарап, тіпті тәртіптік жаза қолдануға тура келеді. Осының бәрі мемлекеттік қызметшілердің қала тұрғындарының заңды талаптарын бұлжытпай орындауды қамтамасыз етуі мақсатында жүзеге асырылуда. Біз осы мәселеге алдағы уақытта да тиісті назар аударамыз.

Азаматтардың өтініштерімен жұмысты жолға қою бүгінгі күннің басты талабы. Сондықтан да осы мәселе де тұрақты бақылауға алынып отыр. Әрине, мемлекеттік қызметші өзінің функционалдық міндеттерін тиісінше атқармаса сол жерде кемшіліктердің де болатыны белгілі. Осыған байланысты арыз-шағымдар жазылып, мұның аяғы азаматтардың орынды ренішін тудырады. Бұған жол бермеу үшін департамент қызметкерлерінен азаматтардың өтініштеріне барынша сергек қарау талап етіліп отыр. Мәселен, өздеріне көрсетілетін қызметтер туралы олардың тарапынан түсетін өтініштер саны көбейіп келеді. Мысалы, өткен жылы осындай 9 948 өтініш түссе, осы жылы 11 112 өтініш тіркелді. Барлық өтініштер бойынша арыз иелеріне заң талаптарына сай жауап қайтарылды. Мұны осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі деп есептеуге болады.

Мемлекет басшысы жаңа Қазақстанды құру жөнінде алға биік міндеттерді қоя отырып, халықтың мұң-мұқтажына барынша назар аударуды талап етіп отыр. Осы орайда азаматтарды қабылдауға да барынша мән берілуде. Айталық, департамент бойынша жыл басынан бері 128 азамат қабылданды. Сонымен қатар оларды департаментке келуге уақыты немесе мүмкіндігі болмаған жағдайда қашықтан қабылдау мәселесіне де үнемі көңіл бөліп отырмыз. Осының нәтижесінде биыл жыл басынан бері 4 онлайн-қабылдау өткізілді. Бұл, әрине, тұрғындар үшін өте тиімді. Біріншіден, олар уақытты үнемдесе, екіншіден, жол жүріп, шығынданбайтын болады.

Біз сонымен қатар мемлекеттік органдармен хат-хабар алысу кезінде іс қағаздарын электронды түрде жүргізуді де жолға қойдық. Осының нәтижесінде құжаттарды қағаз нұсқадан гөрі көбінесе электрондық нұсқада ресімдеуге қол жеткіздік. Алдағы уақытта электронды құжат айналымын түгелдей дерлік электронды нұсқада жүргізуді жоспарлап отырмыз.

Ел өмірінде соңғы жылдары жүзеге асырылып жатқан үлкен өзгерістер, атап айтқанда, жуырда ғана өткен кезектен тыс Республика Президентін сайлау егемен әрі тәуелсіз еліміздің өміріндегі саяси маңызы зор елеулі оқиға болды.

Астана қаласы Әділет департаментінің ұжымы да өзінің қол жеткізген нәтижелерін жаңа мәртебеге ие болып отырған мемлекеттік мереке – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне арнайды.

 

Арман АҚЫЛБАЙ,

Астана қаласы Әділет департаментінің басшысы