• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Президент 16 Желтоқсан, 2022

Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың Тәуелсіздік күнімен құттықтауы

334 рет
көрсетілді

Құрметті отандастар!

1991 жылғы 16 желтоқсан – төл тарихы­мыз­дағы мерейлі белес. Бұл – егемен ел болуды аңсаған ата-баба арманы ақиқатқа айналған ұлы күн.    

Тәуелсіздік күнінің айрықша мән-мағынасы бар. Азаттық үшін арпалысқан ұлт перзенттерін ел жадында мәңгі сақтау – қасиетті парызымыз. Олардың отаншылдық қасиеті – бүгінгі және болашақ ұрпаққа әрдайым үлгі-өнеге.

 

Біз тамыры терең мемлекеттігіміздің маңызды белестерін ұлықтап, ұлтты ұйыс­тыратын ортақ құндылықтарды ны­ғайта береміз. Сол арқылы қастерлі Тә­уел­­сіз­дігі­міздің тұғырын биіктете түсеміз.

Тәуелсіздік – баға жетпес байлық. Бәріміз оны көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Мемлекетіміздің егемендігін, еліміздің амандығы мен жеріміздің тұтастығын қорғау – әр азаматтың қастерлі борышы. 

Биыл еліміз үшін бетбұрысты жыл болды. Бұрын-соңды болмаған сын-қатерлермен бетпе-бет келдік. Елдігімізге іштен де, сырттан да зор қауіп төнді. Дегенмен мызғымас бірлік пен ырыс-ынтымақтың арқасында барлық қиындықты еңсеріп келеміз.

Біз ауқымды саяси және эконо­ми­калық реформаларды қолға алып,  мемлекетімізді жаңғыртудың жаңа кезеңіне қадам бастық. Бұл бастамалар­ды табысты жүзеге асыру – әрқайсы­мыз­дың қолымызда. 

Егемен елімізді одан әрі дамыту – алдымызда тұрған басты міндет. Біз осы жолда аянбай еңбек етуіміз қажет. Сонда ғана Қазақстан қуатты мемлекетке айналады.

Баршаңызды бүгінгі ұлық мерекемен шын жүректен құттықтаймын!

Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке тілеймін!

Қазақстанымыз өркендей берсін!

Қасиетті Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын!