Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар бірқатар заң жобаларын қабылдап, өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады. Отырысты ашқан Сенат төрағасы алдымен Тәуелсіздік күнінің маңызына тоқталып, отырысқа қатысушыларды мерекемен құттықтады.
«Тәуелсіздік күні – еліміздің ең ұлық мерекелерінің бірі. Бұл күн – азаттығымыз бен еркіндігіміздің символы. Шын мәнінде, еліміздің бүгінге дейін жеткен жетістіктерінің бәрі осы Тәуелсіздіктің жемісі. Тәуелсіздіктің арқасында біз демократиялық, құқықтық және әлеуметтік мемлекет құрудамыз. Қазір бүкіл әлем алмағайып кезеңді бастан өткеруде. Осындай күрделі шақта елдіктің іргесін бекітіп, Тәуелсіздікті нығайту – басты міндет», деді Мәулен Әшімбаев.
Отырыс барысында Сенат депутаттары «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» және «Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Түрікменстанның Үкiметi арасындағы Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобаларын қарады. Қабылданған құжаттар елдердің құзыретті органдары арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуге және тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.
«Бұл келісімдер көрші елдермен бірлесіп, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алуды көздейді. Заң нормалары осы бағыттағы бірлескен шараларды іске асыру үшін құқықтық негіз қалыптастырады. Аталған заңдар осы саладағы өзара іс-қимылдарды жүзеге асыра отырып, көрші елдермен ынтымақтастықты арттыра түседі деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар отырыс кезінде сенаторлар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қабылдады. Бұл заң шетелдік инвестицияларды тарту және екі елдің инвесторларының құқықтарын қорғау үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған.
Сондай-ақ Палата отырысында «Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне сот алқабилердің қатысуымен қарайтын істер санаттарын кеңейту бойынша өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы қабылданды. Құжатқа енгізілген жаңа нормалар соттарға деген сенімді арттыруды және азаматтық қоғамның сот ісін жүргізу рәсіміне қатысуын жандандыруды көздейді.
Жалпы, бұл заңның негізгі мақсаты – қылмыстық іс жүргізу заңнамасын жетілдіру. Сол арқылы қоғамның құқықтық мәдениетінің өсуі және сот төрелігінің нәтижелеріне азаматтардың қанағаттану деңгейінің артуы қамтамасыз етілмек. Қазіргі таңда Қазақстанда соттар алқабилердің қатысуымен тек аса ауыр қылмыстар бойынша қылмыстық істерді қарайды. Заңда алқабилердің қатысуымен соттың қарауына жататын қылмыстық істер санатын ауыр және ауырлығы орташа қылмыстардың тағы 13 құрамымен кеңейтуге қатысты нормалар бар.
Осы заң бойынша пікір білдірген Мәулен Әшімбаев бұл бағыттағы жаңа нормалар Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мақсатымен қабылданғанын айтты.
«Қабылданған заң алқабилер сотын одан әрі дамытуды және алқабилердің қатысуымен сотта қаралатын істердің санаттарын кеңейтуді көздейді. Бұл – қоғамның сұранысына сай келетін әділетті құқық қорғау жүйесін қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Алдағы уақытта алқабилер соты азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының сотта қорғалуына қосымша кепілдік береді деп сенеміз», деді Сенат төрағасы.
Палата отырысында бірқатар сенатор өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады. Айнұр Арғынбекова онкологиялық қызметті жаңғыртудың өзекті мәселелері туралы депуттатық сауалын еліміздің Премьер-министріне жолдады. Онда радиация қауіпсіздігін бақылаудың сапасыздығы, заңнамадағы олқылықтар салдарынан ядролық медицина орталықтарын салу мен оларды пайдалануда проблемалар туындағаны атап көрсетілген.
«Атом қадағалау комитеті нысан пайдалануға тапсырылғаннан кейін ғана жұмыс істеуге лицензия береді. Осылайша, жобалау немесе құрылыс қателерін барлық құрылыс жұмысы аяқталғаннан кейін ғана анықтауға болады. Ал оларды түзету ұзақ уақыт пен үлкен қаржы шығындарын талап етеді», деді Айнұр Арғынбекова.
Сенатор бұл проблемалардың радиация қауіпсіздігі талаптарының сақталмауына әкеліп соғатынын және соның салдарынан науқастар мен қызметкерлердің ғана емес, жалпы халықтың денсаулығына зиян келу қаупі бар екенін де атап өтті.
Сенатор Амангелді Толамисов еліміздің Премьер-министрінің атына жолдаған депутаттық сауалында букмекерлік кеңселер жарнамасының көбейіп кеткеніне және олар жұмысын үдетіп бара жатқаны туралы айтты.
Депутат бұл мәселе Парламент қабырғасында бірнеше рет көтерілгеніне назар аударды. «Ойын бизнесі туралы» заңда электронды казинолар мен интернет-казино қызметтеріне тыйым салынған, ал «Жарнама туралы» заңда мұндай казинолар мен олардың қызметтеріне жарнама жасауға тыйым салынған. Бірақ депутаттың айтуынша, қазір заңнамаға осындай жарнама үшін жауапкершілікті күшейтетін нормаларды енгізу маңызды.
«Ойын бизнесі үлкен қаржының көзі болғандықтан ба, әлде тиісті дәрежедегі бақылау мен қадағалаудың жоқтығынан ба оған іс жүзінде тыйым салу әлі күнге дейін мүмкін болмай тұр. Ойын автоматтары кез келген жерге қойылған, ставка қабылдау пункттері еркін жұмыс істейді. Жарнамалық серіктестері де көбіне букмекерлік компанияларды жарнамалап күн көріп отырғандықтан одан бас тартпасы анық. Бірақ белгілі бір деңгейде тоқтау салмаса, қоғамдағы жағдай ушығып барады», деп атап өтті сенатор.
Премьер-министрге жолдаған сауалында Ғұмар Дүйсембаев отандық зергерлік өнеркәсіпті қолдау шараларын күшейтуге шақырды. Атап айтқанда, сенатор көлеңкелі импорт пен контрабандаға қарсы күресті күшейтуді, ломбардтарда пайдаланылған зергерлік бұйымдарды тек ішкі нарыққа сатуға, сондай-ақ басқа да шараларды қолдануға міндеттеуді ұсынды.
Депутаттың айтуынша, Қазақстан алтын өндіру бойынша әлемнің ТОП-20 елінің қатарына кіреді. Бірақ отандық зергерлік өндіріске алтынның негізгі жеткізушілері – ломбардтар мен көлеңкелі нарық қатысушылары.
«Ресми статистикаға сәйкес, 2021 жылы елдің зергерлік бұйымдар нарығы 76 млн долларды құрады, оның тек 4 млн долларды, яғни 5 пайызын ғана отандық зергерлік бұйымдар өндірушілері өндірген. Қазақстан зергерлер лигасының бағалауы бойынша зергерлік бұйымдар нарығы 90% контрафактілік және контрабандалық бұйымдардан тұрады», деді Ғұмар Дүйсембаев.
Сенатор еліміздің зергерлік өнеркәсібін дамытуға, яғни жаңа жұмыс орындарын ашуға және бюджет түсімдерінің өсуіне бағытталған бірқатар ұсыныс айтты.
Бекболат Орынбеков Жамбыл облысының Қордай ауданында электр энергиясының тапшылығына наразылығын білдірді. Премьер-министрдің атына жолдаған депутаттық сауалында, электр энергиясының 90 пайызы көрші Қырғыз Республикасынан жеткізілетінін атап өтті. Сенатордың айтуынша, «Қордай 220» электр стансасының құрылысы осы мәселенің оң шешілуіне септігін тигізеді.
Сенатор бұл мәселені «Қордай 220» электр стансасын салу арқылы шешуге болады деп есептейді. Депутаттың айтуынша, станса салынса аудан тұрғындарының электр энергиясына тәуелді болу мәселесі шешіледі әрі әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандар сенімді электр қуатымен қамтамасыз етіледі.