• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Экономика 19 Желтоқсан, 2022

Жоспарлы жөндеудің кешігу себебі

612 рет
көрсетілді

Қазан айында Атырау мұнай өңдеу зауытында жоспарлы жөндеу басталған еді. Содан бергі екі айда 32 технологиялық қондырғыны жоспарлы жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылған. Мұнай өнімдерін шығаруды тоқтатпауға мүмкіндік берген бұл тәсіл алғаш рет қолданылып отыр.

Алайда «ҚазМұнайГаз» ұлттық ком­паниясының басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиевтің пікірінше, Атырау мұнай өңдеу зауытындағы жөндеу жұмыстары жоспарлы 5 желтоқ­санға дейін созылды. Сол себепті зауыт­тың бірнеше негізгі қондырғысын іске қосу кешіктірілген. Бұған ішкі және сырт­қы факторлар, оның ішінде өңірдегі ауа температурасының төмендеуі әсер еткен.

Шикізаттық мұнайды өңдейтін ба­йырғы зауытта 1 қазанда тоқтатылған бірінші тізбек айдың соңында техноло­гиялық режімге шығарылған. Содан кейін екінші тізбек тоқтатылды. Жос­парлы жөндеудің мұндай тәсілі мұнай өнімдерінің тәуліктік өндірісі мен жөнелтілуін үздіксіз жүзеге асыруға мүмкіндік берді.

Атырау мұнай өңдеу зауытының бас директоры Мұрат Досмұратовтың айтуынша, зауыт екі жыл бойы жоспарлы жөндеусіз жұмыс істеген. Бастапқыда жөндеу жұмыстары 2021 жылдың күз мезгіліне жоспарланған. Алайда ішкі нарықтағы мұнай өнімдерінің тапшылығын болдырмау үшін жөндеу мерзімі бес рет кейінге шегеріліпті.

– Жоспарлы жөндеу кезінде катализаторларды ауыстыру, ішкі инс­пекция, реакторлы, сыйымдылықты, коллонналық, жылу алмасу жабдық­тары мен құбырларды, технологиялық пештерді тексеру, куәландыру, насосты-комп­рессорлық, энергетикалық жабдық­тарды, бақылау-өлшеу және автоматика құралдарын жөндеу жүргізілді. Аппараттарды бумен тазалау операциялары жабық жүйеде, қоршаған ортаға әсерсіз өтті. Аталған жұмыстар көмірсутек пен будың қосындысын сұйықтыққа айналдырып, дренаждық жүйеге жіберу арқылы іске асырылды, – дейді М.Досмұратов.

Оның мәліметіне сүйенсек, каталитика­лық крекинг және каталитикалық риформинг қондырғыларын жөндеуге ерекше мән берілген. Өйткені каталитикалық крекинг қондырғысы мұнай өнімдерін өңдеу арқылы автобензиндер, дизельді және реактивті отын өндіру көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Ал каталитикалық риформинг қондырғысын отындық және мұнай-химиялық режімде кезекпен қолдануға болады. Отындық режім кезінде автобензин өндіру көлемі артса, мұнай-химиялық режім іске қосылғанда бензол мен параксилол өндіру ұлғаяды.

– Жоспарлы жөндеу кезінде зауыт 50-70 пайызға тең қуатпен жұмыс істеп, өнім шығару мен жөнелту тоқтатылған жоқ. Қазан-қараша айларында 581,4 мың тонна мұнай өңделді. Мұнай өңдеудің орташа тәуліктік көрсеткіші 9 531 тоннаны құрады. Бұл зауыттың жобалық қуаттылығының 57 пайызына тең. Ал мұнай өнім­дерін шығарудың орташа тәуліктік көрсеткіші – 1 570 тонна автобензин, 2 100 тонна дизель­ді отын, 120 тонна реактивті отын мен 155 тонна сұйытылған газ, – деп мәлім етті М.Досмұратов.

Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, биыл қазақстандық мұнай өңдеу зауыттары жанармай, дизель отыны мен битум шығарудың рекордтық көлеміне қол жет­кізбек. Бұған үлес қосатын Атырау мұнай өңдеу зауытындағы жоспарлы көр­сет­кіштердің орындалуы үшін жанар-ж­а­ғар­майдың мерзімінде жөнелтілуін қам­тамасыз ету қажет. Бұл – зауыттан тәу­лігіне 5 мың тоннаға дейін жанармай, тәу­лігіне 4 мың тоннаға дейін дизель отыны.

– Мемлекет басшысының және Үкі­меттің тапсырмасына сәйкес 2023 жылы мұнай өңдеу зауыттарын аралас өңдеу схемасына көшіру бойынша жұмыс жүріп жатыр. Бұл схема мұнай өнімдерін өткізуге делдалдардың араласпауын көздейді, – дейді М.Мырзағалиев.

 

Атырау облысы