• RUB:
    5.43
  • USD:
    472.62
  • EUR:
    513.22
Басты сайтқа өту
Үкімет 19 Желтоқсан, 2022

400-ден аса мектеп салынады

434 рет
көрсетілді

Қазақстанда 2023-2025 жылдар арасында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 400-ден аса мектеп салынады. Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновтің басшылығымен Үкіметте өткен кеңесте осы жобаны іске асыру мәселелері қаралды.

Кеңеске өңірлер мен қалалар әкім­дік­терінің, Оқу-ағарту министрлігі, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің, «Samruk-Kazyna Construction» АҚ және басқа да мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.

Ұлттық жобаны іске асыру арқасында рес­публикада 840 мыңнан аса оқушы орны (екі ауысымда) құрылады. А.Көлгінов қажеттілік бар қалалар мен аудандарда жаңа форматтағы мектептер салудың маңызды екенін атап өтті. Мәселен, 2023 жылы әкімдіктер Оқу-ағарту министрлігімен және және «Samruk-Kazyna Construction» АҚ ұлттық жобасының бірыңғай операторымен бірлесіп, 467 800 оқушыға арналған 221 мектеп салуға кірісуі қажет.

«Ірі қалаларда ішкі көші-қонның үлесі едәуір екенін, туу коэффициенті мен халықтың тығыздығы жоғары екенін ескере отырып, мектептерде 2,5 мың оқушыға арналған орын болуы керек. Мұндай үлкен мектептер типтік мектептермен салыстырғанда 2-3 есе көп оқушы орындарын құруға мүмкіндік береді. Бұл апатты мектептерді жою, үш ауысыммен оқытатын және тығыздалған оқыту режімі мәселелерін шешуге, білім беру сапасын едәуір арттыруға және оқыту үшін қолайлы жағдайлар жасауға мүмкіндік береді. Бұл мәселе – Мемлекет басшысының бақылауында», деді А.Көлгінов.

Вице-премьер осы жылдың соңына дейін ұлттық жобаны іске асырудың нақты мерзімдерін көрсете отырып, Жол картасын бекіту, басшылықтан жауапты тұлғаларды бекіту, оқу ордаларының қажеттіліктерін ескере отырып, жер учаскелерін рәсімдеу бойынша жұмысты аяқтау, 2023 жылдың көктемінде жаңа форматтағы мектептердің құрылысын бастау бойынша міндеттерді нақтылады.