• RUB:
    5.43
  • USD:
    472.62
  • EUR:
    513.22
Басты сайтқа өту
Оқиға 19 Желтоқсан, 2022

Азаттық аясындағы қазақ-корей достығы

365 рет
көрсетілді

Елордада Қазақстан мен Оңтүстік Корея Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толуына, корей этносының Қазақстанға қоныстанғанына 85 жыл толуына орай қайырымдылық концерті өтті.

 

Мұндағы басты мақсат – тұ­рақ­тылық пен ұлтаралық келісімді ны­ғайту. Еліміздің мәдениетаралық жетістіктерімен бөлісу, сондай-ақ Қазақстанда тұратын этностардың әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі мен мәдениетіне құрметпен қарауға тәрбиелеу.

Астана қаласындағы корей этносы­ның этномәдени бірлестігі шығарма­шылық ұжымдары ұйымдас­тыр­ған шараға Оңтүстік Кореяның Қазақ­стан­дағы тұ­рақ­ты және өкілетті елшісі Ку Хонг-Сок жиналған жұртшылықты Тәуел­сіздік мерекесімен құттықтап, игі тілегін білдірді.

«Бұл жылы корей этносының Қазақ­станға қоныстанғанына 85 жылын тойлауы маған өткенге көз жүгіртуге мүмкіндік берді. Сонау қиын-қыстау заманда тағдыр-талайымен Қазақстанға тентіреп келген корей халқын құшақ жая қарсы алып, бауырына басып, қолындағы бір үзім нанымен бөлісті. Осы бір қысылтаяң шақтағы ауыртпашылықта қол созған қазақ халқына ризашылығымызды біл­діреміз. Қазір Қазақстан азаматы ретінде елдің дамуында иық тіресе жұмыс істеп, үлес қосып жатыр», дейді Ку Хонг-Сок.

Кешке қалалық ішкі саясат басқар­масының басшысы Дәурен Бабамұратов, ішкі саясат басқармасының орынбасары Ләззат Құсайынова қатысты.

Қайырымдылық концертінде халық­аралық байқаулардың лауреаттары «Art music» тобы, Мәскеу камералық филармониясының және Нью-Йорк қаласының «Жаңа дәуір – жаңа есім­дері» жобасының солисі Тен Илона, «Сал­мунори» барабаншылар тобы өнер көрсетті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жиналған қаржы қиын өмірлік жағдайға тап болған еңбек ардагерінің игілігіне жұмсалады.

 

Зейін ЕРҒАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»