Кеше Алматыда ХVI Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің жабылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Өткен аптада «Еуразия» көрермендері мен қатысушылары 25 елдің кинокартиналарын тамашалады. Барлық көрсетілімдер аншлагпен өтті. Фестивальдің түрлі бағдарламаларына елу фильм қатысқан, оның үшеуі – әлемдік премьералар – «Ару Елена», «Боран» және «Ауыл» фильмдері. Сондай-ақ «Мені Ивансыз жерлемеңдер» фильмінің халықаралық премьерасы өтті. Екі азиялық премьера болды. Атап айтқанда, «Мәрмәрдай суық» және «Құдайдың шақыруы» картиналары. Сондай-ақ көрермендер өз елдерінен «Оскар» сыйлығына ұсынылған төрт картинаны және «Азия Оскарының» (Asia Pacific Screen Awards) иегері «Есімде» фильмін көрді.
Фестиваль аясында шеберлік сабақтары, қазақстандық режиссерлердің жаңа фильмдерінің тұсаукесерін қамтыған work-in-progress бағдарламалары өтті. Он төрт баспасөз конференциясы және «Қазақ киносын дамыту векторлары» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Фестиваль қонақтары тақырыптық кештерге қатысты. Фестиваль тарихында тұңғыш рет «Еуразия» телевизиялық күнделіктері бірден еліміздің екі телеарнасында көрсетілді.
Өз кезегінде фестивальдің қазылар алқасы кинокөрсетілімдерді қорытындылап, бірнеше номинациялар бойынша конкурстық бағдарламалардың жеңімпаздарын анықтады:
Үздік фильм – «Есімде» (реж. Ақтан Арым Құбат, Қырғызстан)Үздік режиссерлік жұмыс - Леван Когуашвили (Brighton 4th / «Брайтон 4», Грузия).Үздік режиссерлік жұмыс - Асиф Рустамов («Мәрмардай суық», Әзербайжан)Қазылар алқасының арнайы сыйлығы - Камара Камалова («Тығырық», Өзбекстан)Үздік актер - Навид Мохаммадзаде (Beyond the Wall / «Қабырғаның артында», Иран)Үздік актриса - Шен Ши Ю (A Woman / «Әйел», Қытай).Қазылар алқасының дипломы - Қатай Даули, «Боран» (Қазақстан) фильміндегі рөлі үшін. Қазылар алқасының дипломы - «Мені Ивансыз жерлемеңдер» фильмі (реж. Любовь Борисова, Саха Республикасы).
Қазылар алқасының дипломы - Il Boemo / «Иль Боемо» фильмі (реж. Петр Вацлав, Чехия).
Ұлттық байқау бағдарламасы:Үздік фильм – «Қызыл анар» (реж. Шәрипа Оразбаева)Үздік режиссерлік жұмыс – Серік Апрымов («Ауыл»).Қазылар алқасының арнайы сыйлығы – «Отау» (реж. Әлішер Жәдігеров).Үздік актер - Әлихан Әбілдин («Жаздың соңы жақында»)Үздік актриса - Ольга Ландина («Зере»).
Фестивальде сонымен қатар НЕТПАК (Азия киносын ілгерілетудің халықаралық ұйымы) қазылар алқасы жұмыс істеді, олар өз жеңімпазын анықтады – «От» (реж. Айжан Қасымбек, Қазақстан).
Естеріңізге сала кетсек, фестивальдің ашылу салтанатында «Орталық Азия кинематографының дамуына қосқан үлесі үшін» арнайы жүлдесін атақты өзбек режиссері Али Хамраев жеңіп алған болатын, ол осы фестивальде халықаралық байқаудың қазылар алқасын басқарды. Өз кезегінде «Қазақ кинематографына қосқан үлесі үшін» арнайы сыйлығын мәдениеттанушы және қоғам қайраткері Мұрат Әуезов алды. Салтанатты шара жеңімпаз фильмнің көрсетілімімен аяқталды.