Тәуелсіздік күні мерекесі мен Төлеби ауданының құрылғанына 90 жыл толуына орай аудан орталығы Ленгір қаласында 3 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған үйден пәтер кезегінде тұрған 60 отбасыға баспана кілттері табыс етілді.
Баспана әлеуметтік осал топтар санатындағы отбасылар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға берілді. Жаңа қоныс иелерін құттықтауға келген Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Тәуелсіздік жылдары бір ғана Төлеби ауданында мемлекет есебінен 30-ға жуық көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, 1 500 отбасы қоныс тойын тойлағанын атап өтті. Сондай-ақ ауданның құрылғанына 90 жыл толуына орай аудан орталығында Төлеби бабаның еңселі ескерткіші ашылды. «Төлеби баба» саябағында орналасқан биіктігі 23 метр болатын мыс ескерткіш кәсіпкер Әсет Қайыпбековтің демеушілігімен жасалған. Мүсін салмағы – 25 тонна. Мерекелік жиында Төлеби ауданының тарихы дәріптеліп, тарихи тұлға туралы деректер айтылды. Ақсу, Сайрамсу, Бадам өзендері ағып өтетін Төлеби ауданы тарихи мұраларымызға өте бай. Түркістан облысындағы ең биік нүкте – Сайрам шыңы осы ауданда орналасқан. Өлкеде 100-ден аса археологиялық, архитектуралық және тарихи ескерткіштердің орны белгіленген. Ауданнан табылған мәдени ошақтар ашық аспан астындағы мұражайға айналып отыр.
Түркістан облысы