• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 20 Желтоқсан, 2022

Әкімдіктер жылу желілеріне тексеріс жүргізу қажет - Қайырбек Өскенбаев

247 рет
көрсетілді

Келесі жылдың 1 маусымына дейін жергілікті атқарушы органдарға жылу желілеріне техникалық тексеріс жүргізген жөн. Бұл туралы Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ведомство басшысының айтуынша, қазір еліміздің қалаларындағы жылу желілерінің тұтастай ұзындығы 12,1 мың шақырым, оның 6,7 мың шақырымын ауыстыру қажет. Яғни, 45 қалада желілердің тозуы 50%-дан төмен, 50-70% аралығындағы тозу деңгейі – 19 қалада тіркелген. Тағы 7 қалада оның көрсеткіші 70%-дан жоғары. Ал Риддер, Шемонаиха және Арқалық қалаларындағы 4 субъектке байланысты ұзындығы 52 шақырым желінің нормативтік пайдалану мерзімі асып кеткен.

Осы ретте еліміздегі инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту үшін жылу желілерін кезең-кезеңмен жаңғырту жоспарланған. Бірінші кезеңде ұзындығы 1,6 мың шақырым жылу желісін немесе тозуы деңгейі 70%-дан жоғары инфрақұрылымды жаңарту (қажетті инвестицияның мөлшері 538 млрд теңге) көзделіп отыр. Екінші кезеңде тозу деңгейі 50%-дан бастап 70% дейінгі аралықтағы жылу желілері ауыстырылмақ. Сондай-ақ табиғи монополиялар субъектілерінің инвестициялық бағдарламалары шеңберінде тозу деңгейі 50%-дан төмен желілерді ауыстыру ұсынылып отыр.

«Қазір жылу желілерін жаңғырту мен салуға байланысты қаржыландырудың 3 тетігі қарастырылған. Айталық, бюджеттік кредит арқылы, сондай-ақ халықаралық қаржы институттарымен бірлесіп субсидиялау және «Моно және шағын қалаларды дамыту» бюджеттік бағдарламасының көмегімен нысаналы трансферттерді аудару арқылы», деді Қ.Өскенбаев.

Бұдан басқа ИИДМ басшысы жылу коммуникациялық-инфрақұрылымның жағдайын жақсарту үшін өңірлік әкімдіктерге жылумен жабдықтау желілерінің тозу деңгейін ескеріп, әрбір субъектке байланысты шаралар жоспарын бекітіп, 2023 жылдың бірінші жартыжылдығына дейін жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуді аяқтау қажеттігін жеткізді.

Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдарға нысаналы трансферттерге бюджеттік бағдарлама ашуға кеңес берілді. Осы орайда мәліметтердің қолжетімділігін қамтамасыз етіп, табиғи монополия субъектілеріне қарасты желілерді дамытуды жедел жоспарлау үшін инженерлік инфрақұрылымның деректерін және олардың техникалық ахуалына қатысты мәліметті қала құрылысы кадастры жүйесіне енгізген жөн.