Дала сыры дәуірлердің мұңы мен жыры, адамзаттың үні арқылы әспеттеліп жатса, ел мен жер тарихындағы аналар рөлін қайда қоясыз? Осынау ұлы даладағы ұлағатты ұрпақты дүниеге әкеліп қана қоймай, бағып-қағып жеткізуші, махаббат пен мейірім сыйлаушы, керек кезде елдік пен ерліктің туын көтерген аналар бейнесінің тұтас галереясын халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жазушы Шәрбану Бейсенованың шығармашылығынан көре аламыз.
Бұған дейін қаламгердің «Ұлы дала арулары» сериясымен шыққан «Сүйінбике», «Бозоқ аруы», «Ұрпағына ұран болған аналар» атты кітаптары оқырмандарына жол тартқанын білеміз. Аталған еңбектердің жалғасындай кезекті кітабының тұсаукесер рәсімі мен таныстырылымы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің кітапханасында өтті. Көпшілікке таныстырылған «Айымдар жоқшысы» кітабының авторы Шәрбану Қонақбайқызы – қазақ халқының ғана емес, тұтас түркі әлемі тарихында айрықша орны бар ұлы аналарымыз бен қайраткер ханымдар тұлғасын тасқа қашап келе жатқан қаламгер. Ұлы дала төсінде ұлағатты ту еткен әйел-аналар есімдерін тарихқа алтын әріппен жазушы биыл мерейлі 75 жасқа толып отырғаны және бар.
Автордың қос бірдей қуанышын алқалап келген Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Несіпбек Айтұлы, белгілі айтыскер ақын Егеухан Мұқамәдиқызы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы-драматург Роза Мұқанова, белгілі жазушы Асқар Алтай және тағы басқа зиялы қауым өкілдері мен университеттің басшылық құрамы, ғалымдар қатысқан іс-шараны белгілі жазушы Әлібек Асқаров жүргізіп отырды. Есімдері аталған ақын-жазушылар сөз сөйлеп, жүрекжарды лебіздерімен бөлісіп, авторға ықылас танытты. Кешті ұйымдастырушы университеттің филология факультетінде оқитын бір топ студент Шәрбану Бейсенова шығармашылығынан үзінділер оқыды.
Көшім ханға жар болған Сүзгенің, Сапагерейді жебеген Сүйінбикенің өмірі мен өнегесін суреттеген Шәрбану Қонақбайқызының бір кейіпкері, академик Мұхамеджан Қаратаевтың жары Мархума апай: «Киім сыртынан емес, ішінен тозады», депті. «Әйел – киімнің іші. Ол сыртынан да мықты болуы керек, тозбауға тиіс». Бүгінгі ұрпақ біліп өсуге тиіс бір сөз осы деп білеміз.