Тағдырлы жандардың да талантының танылуына қолдау көрсетіп келе жатқан Efes Art Space өнер кеңістігі биыл ерекше жаратылған екі суретшінің «Көбелектердің әңгімесі» атты көрмесімен жылды қорытындылады.
Бір қарағанда ортақ кеңістікке қойылған Рената Машекенова мен Елена Сережечкинаның туындылары бір бірімен тілдесіп тұрғандай көрінеді. Қылқалам құдіретімен тоғысқан екі көркемдік тәсіл бір-бірін толықтыра отырып, көрермендеріне жаңа тақырыптарды ашады.
Екі суретшінің де шығармаларына ортақ тақырып – көбелек. Соншалықты нәзік көбелектердің бейнесі өзгеру мен қайта түлеудің нышаны іспетті. Көптеген мәдениетте көбелек – жанды білдіреді. Жігерлері мықты Рената мен Елена көрермендерінің назары мен эмпатиясынан үмітті екендіктерін де жасырмайды.
– Мен 5 жасымнан сурет сала бастағаныммен, бейнелеу өнеріне саналы түрде 16 жасымда, максимализм мен жасөспірімдер дағдарысы айқын көріне бастағанда келдім. Сурет салу сыртқы әлеммен қарым-қатынас жасау мен эмоциялар көрінісінің өзіндік әдісіне айналды. Бұл өнер өзімді көбірек білуге көмектесіп, дүниетанымыма белгілі бір дәрежеде әсер етті, дейді «Кішкентай адамның шындығы» жобасын ұсынған генетикалық ерекшеліктері бар психолог және суретші Елена Сережечкина.
Ал Рената Машекенова – психикалық даму ерекшеліктері бар «Действие Буквально» инклюзивті театрының әуесқой суретшісі әрі актрисасы, 9 жасынан бастап сурет салып келеді және өз туындыларының жинағы да бар.
– Мені бейнелеу өнеріне жетелеген де, сурет өнерімен таныстырған да атам. Өйткені маған суреттерімді елге көрсетіп, олардың таңданысы мен қолпашына ие болу маңызды болды, дейді Рената Машекенова.
Қалай десек те, Efes Kazakhstan әлеуметтік бастамасының арқасында іске асып жатқан бұл жоба назар аударуға тұрады. Демалыс күндері компания қайырымдылық негізінде кеңсесінің бірінші қабатын өнер кеңістігіне айналдырады. Биыл қыркүйегінен бастап мұнда ай сайын қазақстандық суретшілер мен арт-ұжымдардың көрмелері өткізіле бастады.
Осылайша, компания өз бастамасы арқылы қылқалам шеберлері мен талантты өнер қайраткерлерін шабыттандырып, жарқын идеяларына қолдау көрсетіп, жас таланттардың да өзін көрсетулеріне жол ашып беріп отыр.
АЛМАТЫ