Бүгін Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен кезекті Палата отырысы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауында еліміздің институционалдық негізін нығайту мақсатында Парламенттің рөлін айтарлықтай арттыру міндетін жүктегені белгілі. Соған байланысты Конституцияға және Парламенттің жалпы регламентіне өзгерістер енгізілді. Осыған орай Палата отырысының күн тәртібінде Сенат регламентіне тиісті толықтырулар енгізу мәселесі қаралды.
Сенаторлар «Агломерацияларды дамыту туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне агломерацияларды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарды қарап, қабылдады. Аталған заңдар агломерацияларды қалыптастыру және дамыту үшін қажетті құқықтық, институционалдық орта қалыптастыруға арналған.
«Осы заң арқылы елді мекендерді агломерацияға жатқызудың өлшемшарттары, Үкіметтің, уәкілетті және жергілікті органдардың өкілеттіктері бекітіледі. Сондай-ақ бес жылдық кезеңге әзірленетін агломерацияларды дамытудың кешенді жоспары қабылданады. Жаңа нормалар халықты қоныстандыру және өндірістік күштерді орналастыру жүйесін жетілдіруге, инженерлік, көліктік, әлеуметтік инфрақұрылымды тиімді пайдалануға оң әсерін тигізеді. Мұның бәрі агломерацияға жататын елді мекендерде өмір сүру деңгейін жақсартуға ықпал етеді деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ сенаторлар «Өсімдіктер дүниесі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өсімдіктер дүниесі және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарды қабылдады. Аталған құжаттар өсімдіктер дүниесін қорғау, қалпына келтіру және пайдалану саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған.