Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар бірқатар заң жобасын қабылдады, Сенат регламентіне өзгеріс пен толықтыру енгізді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауында еліміздің институционалдық негізін нығайту үшін Парламенттің рөлін айтарлықтай арттыру міндетін жүктегені белгілі. Соған байланысты Конституцияға және Парламенттің жалпы регламентіне өзгеріс енгізілді. Осыған орай Палата отырысының күн тәртібінде Сенат регламентіне тиісті толықтыру енгізу мәселесі қаралды.
Сонымен қатар сенаторлар «Агломерацияларды дамыту туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне агломерацияларды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын қарап, қабылдады. Бұл заңдар агломерацияларды қалыптастыру және дамыту үшін қажетті құқықтық, институционалдық орта қалыптастыруға арналған.
«Қазіргі уақытта елдің агломерацияларында орталық қала мен оған іргелес аудандар арасында экономикалық, қаржылық және адами әлеуеттерде белгілі бір теңсіздік бар. Теңсіздіктің пайда болуына ықпал ететін негізгі фактор – ірі қалалар мен оған іргелес аумақтарда халық санының бақылаусыз өсуі. Мәселен, соңғы 10 жыл ішінде Астана қаласының халқы 59%-ға, Алматыда халық саны 37%-ға, Шымкентте 67%-ға өсті. Оған қоса, қалалардың аумақтары да едәуір ұлғайды. Мысалы, Астана елорда болғалы жер аумағы жағынан 3 есе, Алматы қаласының аумағы соңғы он жылда 2,5 есе, ал Шымкенттің аумағы 3,5 есеге өсті», деді құжат жөнінде баяндама жасаған Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.
Салаға жауапты министрдің сөзіне сүйенсек, ірі қалаларда халық саны мен жер аумағының өсуі бірқатар проблема тудырып отыр. Мәселен, инфрақұрылымға жүктеме артқан. Қаланың шет аймағында бей-берекет құрылыс салынады. Жоспарлау жобалары егжей-тегжей емес. Ыңғайлы көлік жүйесі жоқ. Инфрақұрылымдық, әлеуметтік, өнеркәсіптік, тағы басқа нысандар тапшы.
«Аумақтардың үйлестірілмеген дамуының негізгі себептерінің бірі – агломерациялардың дамуын реттейтін нормативтік құқықтық базаның болмауы. Осыған орай, орталық қала мен оның маңындағы аймақ арасындағы функцияларды заңнамалық тұрғыдан бөлу қажеттілігі туындап отыр. Бір айта кететін жайт, әлемде Ұлыбритания, Франция және Қытай сияқты унитарлық мемлекеттерде де, АҚШ, Канада, Германия, Испания және Италия сияқты федеративті мемлекеттерде де қалалық агломерациялардың дамуын реттейтін арнайы заңдар бар.
Осы саланы реттейтін заң жобаларын әзірлеуге Мемлекет басшысының бірқатар тапсырмасы негіз болды. Мемлекет басшысы 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында «Агломерацияларды дамыту туралы» заң жобасын әзірлеуді тапсырды. Оның үстіне, Президент биылғы 5 мамырдағы Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің отырысында осы заң жобасын үстіміздегі жылдың соңына дейін қабылдауды міндеттеді. Осылайша, үздік халықаралық тәжірибені қолдана отырып, министрлік тиісті заң жобаларын әзірледі», деді Ә.Қуантыров.
Министрдің айтуынша, негізгі заң жобасында «агломерация» терминінің анықтамасы және агломерацияларды анықтайтын тиісті критерий енгізілген. Агломерация құрамын уәкілетті орган – яғни Ұлттық экономика министрлігі қалыптастырады.
«Елді мекендерді агломерациялардың құрамына енгізу және олардың тізбесін жүргізу қағидалары министрліктің бұйрығымен бекітіледі. Осы орайда, агломерацияларды айқындаудың негізгі критерийі ретінде мыналар танылады: орталық қаланың әкімшілік мәртебесі, демографиялық сыйымдылық, логистикалық және экономикалық әлеует.
Заң жобасы қабылданғаннан кейін осы өлшемшарттарға сәйкес «агломерациялар» ретінде Алматы, Астана, Шымкент, мүмкін, тағы басқа облыс орталықтары да айқындалады. Құжат арқылы агломерацияларды басқарудың жаңа үлгісі енгізіледі.
Аймақтық деңгейде Жергілікті агломерация кеңестері құрылады. Олар агломерация аумағын үйлестірілген түрде дамыту үшін нақты мәселелерді шешу бойынша қала мен іргелес облыстың жергілікті атқарушы органдарының өзара іс-қимыл алаңы ретінде жұмыс істейді.
Жергілікті кеңес құрамына екі әкімдіктің және мәслихаттардың өкілдері, сондай-ақ Ұлттық кәсіпкерлер палатасының және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері кіреді», деді Ә.Қуантыров.
Жергілікті кеңес агломерацияны дамытуды қолдауға бағытталған міндеттер мен шаралар бойынша ұсыныстар әзірлейді. Сондай-ақ агломерацияны дамытудың кешенді жоспарын жасайды. Оны қаржыландыру көлемі мен көздерін, іске асыру мерзімдерін, жауапты орындаушыларды, күтілетін нәтижелерді қамтиды. Өңірлер деңгейінде шешімін таппаған мәселелер Үкімет жанындағы консультативтік-кеңесші орган – Агломерациялар жөніндегі кеңестің қарауына шығарылады.
«Негізгі заң жобасына сәйкес орталық қала мен іргелес облыстардың әкімдіктері агломерация аумағындағы жергілікті маңызы бар мәселелерді бірлесіп шешуге, тиісті келісімді дайындауға және оған қол қоюға қатысады. Сондай-ақ әкімдіктер Жергілікті агломерация кеңесін құруға және оның қызметіне, агломерацияны дамытудың кешенді жоспарын әзірлейді.
Бұдан басқа, орталық қалалардың жергілікті атқарушы органдары қала маңы аймағын дамытудың Бас жоспарын іске асыру бойынша субъектілердің қызметін үйлестіреді, Бас жоспар жобасын әзірлеуді ұйымдастырады, сондай-ақ сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы мемлекеттік нормативтердің жобаларына келісім береді», деді Ә.Қуантыров.
Жаңа нормалардың маңызына тоқталған Сенат төрағасы бұл заңдар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қабылданып отырғанын атап өтті.
«Осы заң арқылы елді мекендерді агломерацияға жатқызудың өлшемшарттары, Үкіметтің, уәкілетті және жергілікті органдардың өкілеттіктері бекітіледі. Сондай-ақ бес жылдық кезеңге әзірленетін агломерацияларды дамытудың кешенді жоспары қабылданады. Жаңа нормалар халықты қоныстандыру және өндірістік күштерді орналастыру жүйесін жетілдіруге, инженерлік, көліктік, әлеуметтік инфрақұрылымды тиімді пайдалануға оң әсерін тигізеді. Мұның бәрі агломерацияға жататын елді мекендерде өмір сүру деңгейін жақсартуға ықпал етеді деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.
Отырыс барысында сенаторлар «Өсімдіктер дүниесі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өсімдіктер дүниесі және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарды қабылдады. Бұл құжаттар өсімдіктер дүниесін қорғау, қалпына келтіру және пайдалану саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған.
Сондай-ақ палата отырысында сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады. Дүйсенғазы Мусин еліміздің балық шаруашылығы қорының жай-күйіне алаңдаушылық білдіріп, Каспий итбалығының популяциясын сақтау және саланың басқа да өзекті мәселелерін шешу жөніндегі шараларды ұсынды.
Айгүл Қапбарова орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасының нашар жабдықталуына назар аударды. Мұндай жағдай орманшыларға өртпен тиімді күресуге айтарлықтай кедергі келтіреді. Депутат орманшылардың жалақысы төмен екенін де тілге тиек етіп, оны екі есеге өсіру қажет екенін айтты.