Израильдің Иерусалим қаласында өтіп жатқан дзюдодан Masters сериясындағы турнирдің бірінші жарыс күні өз мәресіне жетті.
Таяу Шығыстағы байрақты бәсекенің алғашқы күнінде Қазақстан құрамасынан Олимпия ойындарының екі дүркін жүлдегері, Азия және әлем чемпионы Елдос Сметов, жастар арасындағы халықаралық турнирлердің жүлдегері Бауыржан Нарбаев, «Үлкен дулыға» жарысының жеңімпазы Мағжан Шамшадин (60 кило), әлем чемпионатының күміс жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев (66 кило), әлем біріншілігінің қола жүлдегері Әбиба Әбужақынова (48 кило) мен Севара Нышанбаева (57 кило) татамиге шықты.
Өкінішке қарай, аталған спортшылардың бірде-бірі жүлделі орыннан көріне алмады. Мәселен, Нарбаев пен Қырғызбаев алғашқы айналымнан әріге аса алмаса, Сметов, Шамшадин және Нышанбаева 1/8 финалда жарыс жолынан шығып қалды. Ал Әбиба Әбужақынова қола жүлде үшін өткен бәсекеде биылғы әлем біріншілігінің қола жүлдегері италиялық Ассунтой Скуттодан жеңіліп қалды.