Кеше Жаңаарқа ауданының «Бірлік» шаруа қожалығынан 3 адам мал іздеуге шығып, адасып кеткен, деп хабарлайды Egemen.kz Ұлытау облысы ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«2022 жылдың 21 желтоқсанында Жаңаарқа ауданының «Бірлік» шаруа қожалығынан 3 адам өрістегі малды іздеуге шықты. Олармен байланыс орнату мүмкін болмады. Сол күні кешкі сағат 20:30-да олардың жоғалып кеткені туралы хабарлама келіп түсті. Сағат 22:20-да қыстаққа Жаңаарқа ауданының №6 ӨСБ №5 борты келді, құрамында 5 адам бар. ТЖМ қызметкерлері келгенге дейін қыстақтан шаруа қожалығы қызметкерлерінің күшімен қойшылардың екеуі табылды. Қызметкерлердің айтуынша, адамдар зардап шеккен жоқ және медициналық көмекке мұқтаж емес», делінген хабарламада.
Кейінірек сағат 00:15-те 3-ші қойшы Қараш қыстауының жанынан табылған.
Ұлытау облысы ТЖД азаматтарды алыс жолға шыққан кезде ауа райы жағдайымен танысуға және қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырды.