Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік-еңбек саласы бойынша Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысына қатысушылар 2022 жылы халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын, әлеуметтік-еңбек саласының қоғамдық маңызы бар мәселелері бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарады, деп хабарлайды Egemen.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Осылайша, халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің көрсетілген шаралары және осы бағыттағы алдағы жоспарлар туралы Еңбек министрлігіне қарасты халықты жұмыспен қамту департаментінің директоры Асқар Ниязов айтып берді.
Өз сөзінде ол еңбек нарығының қазіргі жай-күйі, 2022 жыл ішінде қол жеткізілген жұмысқа орналасу көрсеткіштері туралы хабардар етіп, сол көрсеткіштерге қол жеткізген қолдау шараларына егжей-тегжейлі тоқталып өтті.
Оның айтуынша, 2021 жылы жұмыс күшінің өсу қарқыны екі есе артып, 76 мың адамға жетті.
«Бұл ретте еңбек нарығына пандемия да, әлемдік экономикалық үрдістер де әсер етті. Сонымен қатар, қазір еңбек нарығына екі мыңыншы жылдары туған азаматтар шыға бастады. Бұл өзгерістер әсіресе жастар арасында жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеу үшін кешенді шаралар қабылдауды талап етеді. Сондықтан халықты жұмыспен қамту бойынша жұмыс бірнеше бағыт бойынша жүргізілуде, бұл қолдау көрсету ауқымын кеңейтуге мүмкіндік береді», деп бөлісті Асқар Ниязов.
Мәселен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Қазақстанда әрбір 10 мың адамға 100 жұмыс орнын құру бойынша жұмыс жүргізілуде, сондай-ақ елімізде 10 ұлттық жоба іске асырылуда, азаматтарды еңбегі артық өңірлерден еңбек тапшылығы бар өңірлерге көшіруге жәрдемдесу шаралары көрсетілуде.
«Осының арқасында 900 мыңнан астам адам жұмысқа орналасты. Оның ішінде 28,8% – Ұлттық жобалар шеңберінде, 37,1% – «әрбір 10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны» бағытының арқасында және 34% - жұмыс берушілер ұсынған бос жұмыс орындарына тұрды. Бұл ретте ай сайынғы зейнетақы аударымдары азаматтардың 81%-ы үшін жүзеге асырылады», деп қорытындылады Асқар Ниязов.
Сонымен қатар, отырыста «Мемлекеттік аннуитеттік компания «Өмірді сақтандыру компаниясы» АҚ және «Әлеуметтік оңалтуды дамытудың ғылыми-практикалық орталығы» АҚ ведомстволық бағынысты ұйымдарын дамыту жоспарлары, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және қызметкерлердің қызметтік әдеп нормаларын сақтауы жөніндегі ведомство жұмысының нәтижелері қаралды.