Еліміздегі ең танымал ипотека – «7-20-25» бағдарламасы 2029 жылға дейін жалғасады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Ұлттық банк осындай шешім қабылдады. Осылайша, көпшіліктің «тиімді бағдарлама жұмысын тоқтатпаса екен» деген тілегі орындалып отыр.
Бағдарламаның негізгі талаптары сақталғанымен, бірқатар өзгеріс те бар. Мәселен, қаржыландыруға лимит енгізілді. Енді бағдарламаға жылына 100 млрд теңге бөлінеді. Тиісінше, әділдік қағидатын сақтау үшін «7-20-25» ипотекасын тек бір рет алуға болады. Яғни бұған дейін «7-20-25»-пен баспана алған адам енді бұл бағдарламаға қатыса алмайды. Бұл тиімді ипотеканың шынымен мұқтаж азаматтарға берілуі үшін керек.
Сарапшы Айбар Олжаевтың пікіріне қарағанда, бағдарламаның жылдық лимиті коммерциялық нарықты бұзбайды. «Бұған дейін сарапшылардың көбі базалық мөлшерлеменің жоғарылығы жағдайында «7-20-25» секілді төмен мөлшерлемелі (мемлекет арқылы субсидияланатын) мемлекеттік бағдарламалардың нарықтық қарым-қатынастарды бұзып, банктердің коммерциялық ипотеканы дамытуына кедергі келтіретінін алға тартып келген еді. Енді «7-20-25» арқылы бір жылға берілетін 100 млрд теңге нарыққа анау айтқандай әсер ете алмайды. Өйткені бұл сома теңізге тамған тамшыдай ғана», деді ол.
2022 жылғы 22 желтоқсандағы жағдай бойынша «7-20-25» бағдарламасы аясында 852,2 млрд теңгеге 64 146 жеңілдетілген қарыз берілді. Бағдарлама 2018 жылы іске қосылған болатын.