• RUB:
    4.75
  • USD:
    441.44
  • EUR:
    473.09
Басты сайтқа өту
Аймақтар 28 Желтоқсан, 2022

Атыраудағы газ-химия кешеніне жоспардан тыс тексеру жүргізіледі

3792 рет
көрсетілді

Атырау облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының ақпаратына сүйенсек, «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc» (KPI) ЖШС зауытының қызметкерлерінен шағым түскен.

Қызметкерлер жұмыс берушінің қолданыстағы заңнаманы бұзып, алдағы уақытта жұмыстан босататыны туралы мәлімдеген.

«Біздің басқарманың инспекторлары «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc» (КРІ) ЖШС зауыты қызметкерлерінен түскен өтініштер негізінде жоспардан тыс тексеру жүргізеді. Инспекторлар тексеру кезінде арызданушылардың барлық дәлелін зерделейді», деп ақпарат таратты облыстық басқармадан.

Бұл – Мемлекет басшысы Атырауға келген сапарында іске қосқан газ-химия кешені. Оның құрылысына 4 300 адам жұмысқа тартылған. Кешен толық іске қосылғанда 631 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. «Теңіз» кен орнында өндірілетін шикізатты өңдеуге бағытталған кешен жылына 500 мың тонна полипропилен шығарады.

Алайда инженер Нина Красильникованың әлеуметтік желідегі жазбасына қарағанда,  «KPI» ЖШС-да инженерлерден бастап департамент директорларына,  зауыттың бас инженеріне дейінгі қызметкерлерді жаппай жұмыстан босату жүріп жатыр.

«Жұмыстан босатылған қызметкерлердің мол өндірістік тәжірибесі бар. Олар осы зауыттың құрылысы мен іске қосылуына айтарлықтай үлес қосты. Олардың жоғары білікті маман екені күмән келтірмейді. Жұмыстан босатылған барлық қызметкер – Атырау облысының тумалары. Барлық қызметкерге құрылымды қайта ұйымдастыруға байланысты атқаратын лауазымдарын қысқарту туралы хабарлама берілді. Компания басшылығы осы мәселеге қатысты алаңдауға ешқандай себеп жоқ екенін, бұл Еңбек кодексіне қайшы келмейтінін жариялады. Осылайша, 60-қа жуық жоғары білікті қызметкер қысқартуға ұшырады», деп жазды Нина Красильникова.