Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында мектеп формасын қолжетімді етудің маңызын, осы мақсатта мемлекеттік тапсырысты отандық жеңіл өнеркәсіпті дамытуға бейімдеген жөн екенін атап өтті. Қоғамдық талқының тақырыбына айналған бұл мәселенің шешімі жеңіл өнеркәсіптің өрісін кеңейтіп, қайта жандандыруға ықпал етуі әбден мүмкін.
Жолдаудағы өзекті мәселенің жай-жапсарына тереңірек үңілмес бұрын жыл басында салаға енген жаңашылдықтарды шолып өтуді жөн көрдік. Себебі кейінгі кездері қоғамда мектеп формасына қатысты талап, соның ішінде әлеуметтік жағдайы төмен отбасында тәрбиеленетін балалар жайында біраз ой-пікір айтылып жүр. Елдегі әрбір азаматтың құқығы тең болғанымен, материалдық жағдайы әртүрлі екені белгілі. Өмірдің қалтарыс-бұлтарыстарынан өтіп, қиындықты ойдағыдай еңсеріп жүрген ата-аналар бауыр еті баласының өмірде таршылық көрмей жетіліп, қалыптасуына қажетінше жағдай жасайды. Ал тағдырдың жазуымен толық емес, аз қамтылған немесе көпбалалы отбасында тәрбиеленген балаларға қолдау көрсету қажет.
Өскелең ұрпақтың сапалы білім алуы бәсекеге қабілетті орта қалыптастыруға негіз болады. Ендеше елдегі әрбір оқушының алаңсыз білім алуына мүмкіндік жасау маңызды.
Оқу жылының басында аз қамтылған отбасындағы оқушылардың мектепке дайындығына Жалпыға бірдей оқыту қоры арқылы материалдық қолдау көрсетілді. Бұл тізімді жалғасақ, тағы бірнеше топтағы отбасының көмектен құр қалмағанын аңғарамыз. Нақтырақ айтар болсақ, атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасына, жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен әрі АӘК алмайтын отбасына, төтенше жағдайдан кейін шұғыл көмекті талап ететін отбасылармен қоса жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға материалдық қолдау көрсетіледі. Осы қатарда білім беру ұйымының алқалы органы айқындайтын оқушылар да бар. Материалдық көмекке қаралған қаражат оқушы ата-анасының немесе жақындарының өтініші негізінде бөлінеді. Биыл Үкімет әлеуметтік тұрғыда әлсіз отбасылардың пікірін ескере отырып, көмек көрсету тетігін қайта қараған. Үкіметтің 2022 жылғы 8 тамыздағы №544 қаулысымен 2008 жылғы 25 қаңтардағы №64 қаулысына ата-аналардың немесе оларды алмастыратын адамдардың не кәмелетке толған білім алушының картшотына мемлекеттік білім беру ұйымдарында білім алушылардың жекелеген санаттарының отбасыларынан шыққан білім алушылар мен тәрбиеленушілерге арналған кеңсе керек-жарағын, киім, аяқкиім сатып алуға материалдық көмек көрсетудің қаражат аудару бөлігіне өзгерістер енгізді. Бұл жаңашылдық ата-аналардың сұранысынан кейін оң динамика көрсетті. Әлеуметтік шиеленіс төмендеді, ата-аналар киім-кешек, оқуға керек-жарақтарын жеткізушілерді таңдауға құқылы болды. Бұл өзгерістің тағы бір атап айтарлық тұсы, бұрын материалдық көмек алатын балалар қатарластарынан іштей қымсынса, қазір материалдық көмекті таңдау өзінің еркінде.
Бірыңғай үлгі бекітілсе, біраз шаруа үйлеседі
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі баспасөз қызметінің берген мәліметіне сүйенсек, жеңіл өнеркәсіп саласында 1 396 кәсіпорын жұмыс істейді екен. Оның 97%-ы – шағын кәсіпорын. Салада 27 мың азамат жұмыспен қамтылған болса, оның ішінде жұмысшылардың 60%-дан астамы әйелдер. Оның ішінде көпбалалы, толық емес, аз қамтылған отбасылар, зейнет жасындағы және ерекше қабілетті жандар да бар.
Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру үшін мүдделі мемлекеттік органдармен, отандық тауар өндірушілермен бірнеше рет кеңес өткізген. Бұған қоса Астана қаласында мектеп формасын сатып алу кезінде электрондық платформалар арқылы цифрлық ваучерлердің көмегімен қанатқақты жобаны іске асыру жөнінде шешім қабылданған. Енді Астана әкімдігімен бірлесіп, әр ауданда мектеп формасын сатуға қолайлы орын ұсыну мәселесі пысықталып жатыр екен. Сондай-ақ Үкімет мектеп формасының ұлттық стандарттарына басымдық беру бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын атап өткен жөн. Ұлттық стандарттар орта білім беру ұйымдарында оқитын ұл-қыздарға арналған мектеп формасының техникалық шарттарын қамтиды. Стандартты жаңартуда ыңғайлы және сапалы мектеп формасын ұсынған соң өндіріске енгізу үшін оның үлгісі балалардың талаптарына да сәйкес келуі керек. Өйткені мектеп формасының стандарттарын қабылдау бірінші кезекте импорттан келетін сапасыз немесе балаларға қауіпті өнім ағынын азайтуға бағытталған. Ендеше, сапалы отандық өнімді елдегі барлық оқушыға ұсынуға мүмкіндік бар. Егер жеңіл өнеркәсіп дамыса, 2027 жылға қарай 3 мың адамды жұмыспен қамтып, өндіріс көлемін 10%-ға ұлғайтуға болады. Осының есебінен кәсіпкерлерден түсетін салық көлемі де артатыны түсінікті.
Мектеп формасының үлгілерін ұсынуда «Qaz Textile Industry» жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының ұлттық бірлестігі тігіншілер мен дизайнерлердің басын қосып, шаруаға кірісіп кеткен. Бірлестіктің басқарма төрағасы Гүлмира Уахитова Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеңіл өнеркәсіпке көңіл аударғаны әлеуметтік-экономикалық тұрғыда оң өзгеріс әкелетінін алға тартты.
– Біз тәуелсіздік жылдарында экономист, заңгер мамандарды көбірек дайындадық. Қазір IT-салаға ерекше көңіл бөлінуде. Бірақ жаһандық экономикада өндірісі өркендеген ел бәсекеге қабілетті болатынын білеміз. Кейінірек шегінсек, кеңес үкіметі тұсында бізде өндірістің әлеуеті жоғары еді. 1990 жылдары өтпелі кезеңде жүннен киім тоқитын, былғарыдан аяқкиім тігетін түрлі фабрика тегіс жекенің меншігіне өткен тұста мемлекет жеңіл өнеркәсіпті сақтап қалу туралы талап қоймады. Кейінгісі белгілі, кәсіпкерлер қондырғыларды сатып, жұмыссыздық деңгейі артты. Осылайша, біз кеңес үкіметі тұсында дамыған жеңіл өнеркәсіп индустриясынан ажырап қалдық. Қазір солардың барлығы қайта құрылып жатыр. Мектеп формасына қатысты талаптар жеңіл өнеркәсіпті жаңғыртуға септігін тигізеді. Себебі елімізде орта есеппен 3,6 миллион оқушы бар болса, бір баланың мектеп формасы шамамен 30-40 мың теңге деп алайық. Оқушылардың барлығы отандық өнім тұтынуды дұрыс көрсе, миллиардтаған қаржы өз қалтамызға түседі. Бізде жеңіл өнеркәсіпті импорт жаулап алған. Отандық өнімдердің үлесі тым аз. Бұл біздің қолымыздан киім тігу келмейді деген сөз емес. Нарықтық экономикада отандық өндірушілердің дамуы қиындау. Жеңіл өнеркәсіпке мемлекеттен көл-көсір көмек көрсетіліп жатыр деп айта алмаймыз. Сондықтан Үкімет отандық жеңіл өнеркәсіп иелеріне мемлекеттік тапсырыс шеңберінде жәрдемдескені дұрыс, – дейді Гүлмира Бекенқызы.
Басқарма төрағасының айтуынша, еңбегі былқылдаған баладай енді жетіліп келе жатқан жеңіл өнеркәсіп иелерінің нарық заманында ашық бәсекеге түсуі оңай емес. Ал егер бірнеше жылда мектеп формасын тегіс отандық өндірушілер тігетін болса, елдің жеңіл өнеркәсібіне соны серпіліс әкелетін тәрізді. Кейін сауда нарығында қанаты қатайған кәсіпкерлер түрлі үлгідегі киімдерді тігіп, тіпті тауарын алыс-жақын шетелге шығарып жатса қанеки? Президент тапсырмасы бойынша бірінші кезекте бірыңғай мектеп формасының үлгісін нақтылап алу қажет. Неге десек, тігіншілердің өзі бір ғана қара көк түсті бояудың да ондаған түрі болуы мүмкін екенін алға тартады.
Шикізат құны өнімнің бағасына әсер етеді
– Бірыңғай үлгідегі мектеп формасының түр-түсі, матаның құрамы, сапасы – барлығы бірдей болуы керек деп ойлаймын. Бұл да болса оқушылар арасындағы әлеуметтік теңсіздікті жоюға әсер етеді. Сондай-ақ мектеп формасына қатысты талаптар нақтыланса, шикізат өндірісін өрістетуге болады. Шикізат өңдеуді қолға алған кәсіпкерлер матаның құрамы нақтыланса, соған сай өнім шығарар еді. Мысалы, қазір жейде тігуге арналған матаның құрамын, тығыздығын анықтап алсақ, бір жейдеге неше метр мата кететінін де білер едік. Сол секілді мектеп формасының моделі бекітілсе, оған неше түйме керек екені белгілі болады. Бізде түйме шығаратын және мақта өңдейтін өндіріс ошағы бар. Негізі кез келген өнімнің шамамен 60% үлесін шикізаттың құны құрайды. Яғни біз шикізатты импорттасақ, мектеп формасының да құны әр жылы құбылуы мүмкін. Өйткені шетелдегі шикізаттың құны валютаға тәуелді, байламға келмейді. Мектеп формасының бағасын ұстап тұру оңай емес, барлығын нарық екшейді. Бірақ бірыңғай үлгідегі мектеп формасы бағаны ұстап тұруға мүмкіндік береді. Аңғарсақ, ата-аналар мектеп формасын базардағы бағамен салыстырады. Көпшілік отандық өнім мен импорт тауардың түсіне, пішіміне қарап бірдей деп ойлауы мүмкін. Бірақ көрші елдерден келген тауардың сапасын зертханада қарап жатқан кім бар? Жоғарыда атап өткендей, мектеп формасының үлгісі мен материалының құрамына қатысты нақты талап енгізілсе, отандық өнімнің құнын импортпен теңестіруге әбден болады, – дейді Г.Уахитова.
Жеңіл өнеркәсіпке көрсетілетін қолдаудың экономикалық жағынан тиімділігі орасан. Істің көзін тапқандар шикізат өңдеуге кіріссе, бос жұмыс орындары ашылады деген сөз. Кейін матадан мектеп формасын тігіп, сауда нүктелерін ашу одан әрі дайын өнімді тасымалдау сынды шаруалардың барлығы табыс табудың тиімді көзі болмақ. Қарап отырсақ, Президент тапсырмасы үйлесімді іске асса, бір ғана мектеп формасының өзінен келер пайда көл-көсір.
Әрине, Президент тапсырмасынан кейін жеңіл өнеркәсіпті лезде дамытып, өндіріс көлемін ұлғайтамыз дегенмен, отандық өндірушілердің нарықты толықтай қамтуға әзірге әл-ауқаты жете қоймайды. Осы ретте көп жылдық жоспардың жобасы келісіп-пішілсе, мектеп формасын тігуде отандық өнеркәсіпке басымдық беретін қанатқақты жоба бірер жылда Астана қаласында басталуы мүмкін.
Мектеп формасының тізімі толыға ма?
Жуырда Оқу-ағарту министрлігі мектеп формасының нұсқаларын кеңейту жоспарланып жатқанын хабарлады. Қазіргі мектеп формасының үлгісі пиджак, жилет, шалбар, белдемше және жейдеден тұрса, келер жылдан бастап дәстүрлі мектеп формасын пиджак, жакетті түймелері бар немесе сыдырмалы тоқылған күрте, кардиганға ауыстыруға және күнделікті жейделерін положейдеге ауыстыруға мүмкіндік беріледі. Бірақ киімнің түсі, стилі мен басқа да ерекшеліктері мектеп әкімшілігімен келісілуі қажет. Бұл оң өзгеріс мектеп формасына қойылатын талап түбегейлі өзгереді деген сөз емес. Тек мектеп формасының тізімі кеңейіп, оқушылардың таңдау мүмкіндігі артып отыр. Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Райынбекқызы мұндай үлгідегі қолайлы, ықшам киімдерге қатысты шешімді мектеп әкімшілігі, қамқоршылық кеңесі мен мектептің өзін-өзі басқару кеңесі қабылдайтынын айтты. Мектеп формасына толықтырулар туралы хабардың алдын ала жариялануы білім беру мекемелерінің келер жылға дейін асықпай шешім қабылдауына орайластырылыпты. Мұнда өндірушіні таңдау немесе мектеп формасын сатып алу құқығы ата-ананың өз еркінде екенін де еске сала кетейік.
Елордада мемлекеттік тапсырыс аясында киім тігетін «ПИК» Astana Ютария ltd» серіктестігінің басшылығы мектеп формасына тапсырыс артса, жұмысты жеделдетуге болады дейді.
– Пандемияға дейін Астананың кейбір мектептеріне мектеп формасын тіккенбіз. Сұраныс болса, жылына 250 мың мектеп формасын тігуге әлеуетіміз жетеді. Мектеп формасының үлгісі нақтыланса, бір мектеп формасының құны 25-30 мың теңгенің төңірегінде шығуы керек. Әзірге мектеп формасының үлгісіне біз де барынша ой қосып жатырмыз. Серіктестік 2015 жылы құрылды. Қазір жартылай жүн маталарды Ресей, Беларусьтан, ал мақта маталарын өзіміздің өндірушілерден аламыз. Орта есеппен 450-500 азаматты жұмыспен қамтып отырмыз. Жұмысшылардың орташа жалақысы 180-200 мың теңгенің көлемінде. Біз түрлі саланың мамандарына арнайы киімдер тігеміз. Компанияның аумағында өзіміздің дүкен де бар. Өндірістің шығындарын реттеп, жұмысшыларға уақтылы жалақы төлеу үшін бізге тапсырыспен жұмыс істеген тиімді. Себебі дайын тауар құнының 60-70 пайызын шикізат құрайды. Елде мал жүнінен өңделетін шикізат шығарылса, бұл біздің ісімізді әлдеқайда ілгерілетер еді деп ойлаймын, – дейді серіктестіктің технология және даму жөніндегі директоры Гүлнар Игембаева.
Бүгінде «Qaz Textile Industry» жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының ұлттық бірлестігі мектеп формасының үлгісіне қатысты ұсыныстар дайындау үшін жеңіл өнеркәсіп шеберлерінің басын қосып, дизайнер, технологтермен жұмыс істеуде. Көп ұзамай жауапты министрліктер мен отандық жеңіл өнеркәсіп иелері қоғам пікірін ескере отырып, бір тоқтамға келуі тиіс. «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» деп біз де келер күннен оң жаңалық күтеміз. Әйтеуір келешекте тігін фабрикалары қой, түйе жүнін таласып алса, іргелес Қытай, Қырғыз, Беларусь, Өзбекстан, Ресейге қарап отырмаса екен дейсің іштей...