• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қаржы 29 Желтоқсан, 2022

Ғалымжан Пірматов: Белгілеген бағытымыз бен қолданған шараларымыз дұрыс болды

320 рет
көрсетілді

«Egemen Qazaqstan»-ға берген кезекті сұхбатында Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов аяқталуға тақау қалған жылдың бас­ты макроэкономикалық сын-қатерлері мен қорытындылары туралы айтып берді. Сондай-ақ инфляция бойынша болжамдар, экономиканы несиелендіру, цифрлық теңгеге көшу мүмкіндіктері жөнінде сөз қозғалды. Ұлттық банк төрағасы қаржылық реттеуші үшін келер жылы қандай міндеттер басымдыққа ие болатыны жайлы да ой-пікірін ортаға салды.

– Ғалымжан Олжаұлы, Қа­зақ­стан экономикасы мен қар­жы секторы биыл бұрын-соңды болмаған қиындықтарға тап болды деуге болады. Біздің елде ғана емес, жа­һан­дық геосаяси тұрақсыздық жағ­дайында барлық мемлекетте мак­роэкономикалық ахуал нашарлап, инфляция белең алды. Осы ретте Ұлттық банк еліміздің қаржы жү­йе­сін тұрақтандыру үшін қандай пәрменді шаралар қабылдады?

– Иә, 2022 жылы Қазақстан экономикасы мен қаржы секторы бұрын-соңды болмаған қиындықтар мен белгісіздіктерді бастан кешті. Жыл басында геосаяси ахуал қалай өзгеретіні  белгісіз болды. Бірақ қазір пайымдап қарасақ, біздің белгілеген бағытымыз бен қолданған шараларымыз дұрыс болғанын көруге болады. Еліміздің қаржы жүйесінің тұрақтылығын сақтауға бағытталған барлық шара дер кезінде жүзеге асырылды.

Аспандап бара жатқан бағаларды ауыздықтау үшін Ұлттық банк ақша-несие саясатын қатаңдатуға мәжбүр болды. Базалық мөлшерлеме биылғы қаңтардағы 10,25%-дан желтоқсан айында 16,75%-ға дейін артты. Бұл шешімдер елдегі инфляциялық үрдіс­терді тежеуге бағытталды. Орта мер­зімде ақша-несие саясатының қатаң­дауы бағалардың өсу қарқынын тө­мен­детуге және келе жатқан 2023 жылы инфляциялық күтуді бәсең­де­туге септігін тигізеді.

Базалық мөлшерлеме көтерілген сайын халықтың теңгемен сақталған жинақтары бойынша шекті мөлшер­лемелер де артты. Сонымен қатар Үкіметпен бірлесе отырып, теңгедегі депозиттерді қорғау бағдарламасы жүзеге асырылу үстінде. Қабыл­данған шаралар халықтың теңгемен сақталған депозиттерінің қысқаруына жол бермей, ұлттық валютамызға деген сенімді нығайта түсіп, банк­тердің қаржыландыру базасын тұрақ­тандыруға және валюта ба­ға­мына қысымды төмендетуге мүмкіндік берді.

Нәтижесінде, ақпан айында доллармен сақталған депозиттердің үлесі 38,4%-ды құраса, қараша айында бұл көрсеткіш 34,2%-ға дейін төмендеді, ал депозиттер биылғы қазан айында тарихи максимумға – 30 трлн теңгеге жетті. Яғни азаматтарымыз жинаған қаражатын долларға ауыстырмай, теңгемен депозитке сала бастады. Бұл үрдіс халқымыздың ақшаны тұтынушылықтан жинақтауға көбірек көңіл бөле бастағанының белгісі деп білеміз. Бұл инфляциялық қысымды төмендетуге ықпал ететіні анық. Сондай-ақ осы мақсатта Ұлттық банк Үкіметпен бірлесіп, инфляцияны бақылау және төмендету бойынша 2022-2024 жылдарға арналған шаралар кешенін әзірледі. Онда өндіріс көлемін ұлғайту, тауарлар мен көлік логистикасын дамыту, монополияға қарсы реттеу және басқа да жүйелі шаралар қарастырылған.

– Жыл басындағы сыртқы тосын соққылар да ішкі валюта на­ры­ғындағы күрт ауытқуларға алып келгені мәлім. Ұлттық банк теңгенің долларға және рубльге шаққандағы бағамына қатысты жағдайды тұрақтандыру үшін қандай шаралар қабылдады?

 – Геосаяси ахуалдың ушығуы және сыртқы жағдайлардың шиеленісе түсуі айырбастау бағамының динамикасына теріс әсерін тигізбей қоймады. Естеріңізде болса, нау­рыз айында теңге бағамы кейде 1 доллар үшін 500 теңгеден асып кетті. Осындай қиын жағдайда біз қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған жедел шаралар қабылдадық. Валюталық интервенциялар жүргізілді, тек ақпан-наурыз айларында олардың көлемі шамамен 1,3 млрд долларды құрады. Квазимемлекеттік сектордың валюталық түсімін міндетті сату үлесі 50%-дан 75%-ға дейін ұлғайтылды. Мемлекет басшысының Жарлығымен қолма-қол шетел валютасын әкетуге дер кезінде тыйым салынды.

Қабылданған шаралар валюта нарығындағы жағдайды тұрақ­тандыруға және дағдарыс кезеңінде оның қалыпты жұмыс істеуін қам­тамасыз етуге мүмкіндік берді. Қа­зір­гі уақытта валюта нарығында біршама тепе-теңдік орнады деу­ге негіз бар. Ұлттық банк сәуір айынан бері интервенция жасаған жоқ.Теңге бағамы нарыққа қатысу­шы­лардың сұранысы мен ұсыны­сының тең­геріміне байланысты на­рық­тық жағдайлардың әсеріне сәйкес қалыптасып отыр.

– Ұлттық банк Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың нақты сек­торды тұрақты және қолжетімді несиемен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын қалай орындап жатыр?

– Біз Үкіметпен, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі­мен, сондай-ақ Қаржыгерлер қауымдас­тығымен бірлесіп, шаралар кешенін ұсынған болатынбыз. Бұл бастама Мемлекет басшысы тарапынан қолдау тапқанын атап өткен жөн. Соның бірі – жер қойнауы мен жерді пайдалану құқығының айналымын ырықтандыру. Бұл стратегиялық объектілерді қоспағанда, тендерлерге қатысуға рұқсат беру тәртібін жою арқылы банктер мен қарыз алушыларға жүктемені азайту көз­де­леді деген сөз. Яғни банктік несие­лерді алу жеңілдетіледі. Сөйтіп, нарықтық механизмдерді дамытуға оң ықпалын тигізеді.

Сонымен қатар мемлекеттік ке­піл­дікпен астық қолхаттары инсти­ту­тын енгізу және осы процесті цифр­­ландыру ұсынылды. Банктерге ұзақ мерзімді несиелер беруге жол ашатын тағы бір тиімді шара – жеке басқарушы компаниялардың зей­нетақы активтерін басқаруға қа­тысуын кеңейту.

– Бұл ірі бизнес пен экспорттаушыларды қолдау шаралары секілді, ал шағын және орта бизнес үшін қандай да бір жаңа тетіктер қарастырылды ма?

– Иә. Атап айтсақ, біз шағын және орта бизнеске несие беру үрдісін цифр­­ландыруды көздеп отырмыз. Қазір банктер мен Мем­ле­кеттік кредиттік бюроның мем­ле­кеттік деректер базасын интеграциялау жұмыстары қолға алынды. Сондай-ақ шағын және орта бизнес субъектілеріне кредит беру кезінде айналым капиталына жүктеме талаптарын азайту, банктердің кепіл саясатына қойылатын талаптарды жеңілдету, кредит алу рәсімдерін оңайлату сияқты біршама жеңілдік беретін уақытша, бірақ тиімді шаралар енгізіліп жатыр. Олардың барлығы 2024 жылға дейін қолданыста болады. Сондай-ақ экономиканың басым салаларында «Қарапайым зат­тар экономикасы» бағдарламасы аясын­да берілетін несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидия­лау мерзімін 7 жылға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Қазіргі күні біз, мүдделі мемлекеттік органдардың барлығы, ұсынылған тетіктерді іске асыру бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз.

Жалпы алғанда, қазіргі қиын­дықтарға қарамастан, банктер эко­но­ми­каға беріп жатқан несиелер көлемі де артып келеді. Биылғы қарашаның соңында екінші деңгейлі банктердің несие портфелі 22,2 трлн теңгені құрады. Яғни банктер осыншама кредит берді деген сөз. Жыл басынан бергі өсім – 20,1%. Заңды тұлғаларға берілген несиелер де 7,3%-ға, яғни 8,3 трлн теңгеге дейін өсті, оның ішінде шағын кәсіпкерлік субъектілеріне берілген несиелер 20,7%-ға немесе 4,5 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Демек экономикадағы ақша айналымының қарқыны бәсеңдеген жоқ. Жағдай қалыпты деуге болады.

 – Осы жылы ел азамат­тарының зейнетақы жинағының 50 па­­­­йы­зына дейінгі бөлігін жеке бас­қаруға беру мүмкіндігі туралы мә­­лім­делген болатын. Бұл жаңа­лық­тың қазақстандықтарға берері не болмақ?

– Бұл шара БЖЗҚ салымшыларына өздерінің тәуекелі мен табыстылығы критерийлеріне сәйкес келетін ин­вес­тициялық стра­тегия­ларды таң­дау құқығын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Осы бастаманы іске асыру арқылы зейнетақы активтерін басқару нарығында институттық бәсекелестік ортаны қа­лыптастыруға жағдай жасалып, салымшылардың болашақ зейнет­ақыларын қалыптастыруда сенімдеріне ие болуға және оларды көбірек тартуға жол ашылады. Өз кезегінде, зейнетақы активтерін басқарудағы бәсекелестік позицияларды нығайту ішкі құнды қағаздар нарығына оң әсер етеді және оның өтімділігі мен тиімділігін арттырады. Яғни шынайы нарықтық орта қалыптасады. Шынайы нарықтық ортада табыс та ұлғаяды.

Сонымен қатар салымшылардың жинақтары жеке басқарушы ком­пания­ларға аударылған кезде бұл жинақтар зейнетақы жүйесінде сақ­талатынын және зейнет жасына жеткенде төлемдерді жүзеге асыруға жұм­салатынын ескерген жөн.

– Қазақстандықтар «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы туралы жаңалықты қуана қабылдағаны рас. Осы бағдарламаны жүзеге асыру тетіктері бекітілді ме? Балаларға арналған шотты ашу тәртібі мен негізгі шарттары және мерзімдері туралы айтып берсеңіз?

– Мемлекет басшысының Жол­дауына сәйкес, Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50%-ын балалардың шотына олар 18 жасқа толғанға дейін алдын ала алу құқығынсыз аударып отыру ұсынылды. Бала кәмелет жасына толғаннан кейін жинақталған сома оның баспана немесе білім алуына жұмсалатын болады.

Бұл ауқымды істі жан-жақты зерделеу қажеттілігі ескеріліп, жобаны 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосу тапсырылды. Осыған орай бұл жұмыстың барлық тетігі мен ережесін Үкімет пен Ұлттық банктің мамандары сарапшылармен бірлесе әзірлеп жатыр. Нақты механизмдер бекітіліп, барлық қажетті рәсімдерден өткеннен кейін бұл туралы қалың жұртшылыққа міндетті түрде жарияланатын болады.

– Қазақстан Ұлттық банкі үшін 2022 жыл түрлі оқиғаларға толы болды. Соның бірі – «Цифрлық теңге» қанатқақты жобасының тұсау­кесері. Қазір цифрлық ұлттық ва­лю­таны енгізу бастамасы қалай жү­зеге асырылып жатыр?

– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ұлттық банк 2022 жылы ұлттық цифрлық валютаны енгізу қажеттігі жөнінде кешенді зерттеу жүргізді. Осы жылдың қазан айында цифрлық теңгенің технологиялық платформасын нақты тұтынушылар мен бизнес өкілдері сынақтан өткізді. Сынақ сәтті өтті деуге негіз бар.

Цифрлық теңгені енгізу 2025 жылдың соңына дейін 3 кезеңде жүзеге асырылады. Бірінші кезең аясында – 2023 жылдың соңына қарай әлеуметтік төлемдер мен мемле­кеттік сатып алу үшін цифрлық тең­гені пайдалану мүмкіндігі жүзеге асырылмақшы, трансшекаралық есеп айырысу сценарийлері мен цифрлық активтер мен орталықтандырылмаған қаржы саласындағы есеп айырысулар сынақтан өтеді және тиісті нормативтік-құқықтық база дайындалады. 2024 жылы интернетке қол жеткізусіз цифрлық теңгемен есеп айырысу бойынша функциялық механизмдер енгізілетін болады. Ал 2025 жылға қарай цифрлық теңгені толық өндірістік пайдалануға енгізу жоспарланып отыр.

Бұл жаңашылдық отандас­та­ры­мыз­ға мол мүмкіндік ашады. Ең бастысы, қаржы нарығында инновациялық бастамаларға жағдай жасалып, отан­дастарымызға қаржы сервис­терінің қол­жетімділігін арттыруға септігін тигізеді деп ойлаймыз.

– Монетарлық реттеуші алдағы жылға және орта мерзімді кезеңге өз алдына қандай негізгі міндеттерді қойып отыр?

– Алдағы жылы әлемнің көптеген орталық банктері сияқты, біздің де басты міндетіміз – инфляцияны тұрақтандыру. Оған қол жеткізу үшін 2030 жылға дейінгі ақша-несие стратегиясын жүзеге асыру аясындағы жұмысты жалғастырамыз. Ол ақ­ша-несие саясатының негіздерін нығайтуды, қаржы нарығын дамытуды және жалпы макроэкономикалық саясатты күшейтуді көздейді. Мо­нетарлық негіздерді нығайту, қар­жы нарығын дамыту және жалпы макроэкономикалық саясатты кү­шейту шаралары қарастырылып отыр.

Сонымен қатар икемді бағам саясаты жалғасады. Яғни валюта нарығының тиімділігін арттыруға, экономикадағы теңгерімсіздіктердің жинақ­талуына жол бермеуге және халықаралық резервтерді сақ­тауға ықпал ететін шараларды жалғас­ты­ратын боламыз.

Сондай-ақ Ұлттық банк мемле­кет­тік құнды қағаздардың ішкі на­рығын дамыту және теңге мен теңгедегі активтерді жаһандандыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмысты жалғастыратын болады. Өйткені тиімді және өтімді мемлекеттік борыш нарығын құру ақша-несие саясатының тиімділігін қамтамасыз етудің маңызды құрамдас бөлігі болып саналады.

Мемлекеттік қарыз нарығын да­мытудың қазіргі басым бағыт­та­ры­ның бірі – қайталама нарықтың өтімділігін арттыру. Біздің бастамаларымыз мемлекеттік об­лигациялардың өтімділігін арт­тыруға және мемле­кеттік бағалы қағаздарды халықаралық индекс­терге қосуға, нарықтық баға бел­гілеуді жетілдіруге және жалпы нарықтағы бәсекелестікті арттыруға бағытталатын болады.

– Сіз 2022 жылдан бастап қар­жылық реттеуші қызметін бас­қарып келесіз. Ұлттық банктің басшысы ретінде өтіп бара жатқан жылдың қорытындысын қалай бағалар едіңіз?

– Орынды сұрақ. Жеке өзім үшін 2022 жылдың маңызы жоғары: ол жаңа мүмкіндіктер мен міндеттерге жол ашты. Иә, міндеттер әлі де азаймайды, жоспар да жетерлік, елімізде және жалпы жаһанда болып жатқан оқиғаларға байланысты ол әрдайым өзгеріп отырады. Алайда біздің барлық шешіміміз азаматтардың әл-ауқатын көтеруге және еліміздің қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталады. Рет­теуші ретінде қабылдаған барлық макроэкономикалық шешімнің нә­ти­жесі әдетте бірден сол мезетте емес, орта мерзімді кезеңде көріне бастайды.

Ұлттық банктің қолында Қазақ­станда қаржы және баға тұрақты­лығын қамтамасыз ету үшін дұрыс шешім қабылдауға қажетті барлық құрал мен ресурс жеткілікті. Мұнда біліктілігі аса жоғары кәсіби мамандар командасы еңбек етеді.

Біздің жұмысымыз қалың көп­шілік пен нарықтың кәсіби қатысу­шылары үшін түсінікті болуы үшін ашық коммуникациялық саясат жүр­гізуіміздің маңызы да жоғары. Біз осы бағыттағы жұмысымызды жал­ғастыратын боламыз.

– Сұхбатымызды сіздің оқыр­ман­дарымызға деген келер жылға тілегіңізбен қорытындыласақ.

– Ұлттық банктің басты міндеті – халықтың әл-ауқатын арттыру және теңгемізді құнсызданудан сақтау. Келе жатқан Жаңа жыл қазақ­стан­дықтарға амандық, қар­жылық тұрақ­тылық, жаңа мүмкін­діктер сыйласын деп тілеймін. Сондай-ақ 2023 жылы қазақ­стандықтарды тағы бір маңызды мереке күтіп тұр – төл теңгеміздің қолданысқа енгізілгеніне 30 жыл толады. Теңге – еліміздің қаржылық егемендігінің негізі әрі нышаны.

Әр шаңыраққа шаттық, мол табыс және қойған мақсаттарының жүзеге асуын тілегім келеді. Келіп қалған Жаңа жыл құтты болсын!

 

Әңгімелескен

Кәрібай МҰСЫРМАН,

«Egemen Qazaqstan»