• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Дәстүр 29 Желтоқсан, 2022

Дәстүрлі өнерді дәріптеген

428 рет
көрсетілді

Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыс­тық қазақ драма театрында «Аманат» пар­тиясының «Ерулік» жобасы аясында дәстүрлі әнші, термеші Қыдырбек Қиыс­ханның шығармашылық кеші өтті. Аталған жоба ата жұртқа әр жылдары қоныс аударып, түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген қандастарға қолдау көрсетуді, олар­дың өнері мен шығармашылығын дәріптеуді көздейді.

Қыдырбек Қиысхан Моңғолияның Бай-Өлке аймағында дүниеге келген. 1991 жылы ата-анасына ілесіп Қамысты ауданының Қарабатыр ауылына көшіп келген шынашақтай бала бүгінде – өңірге белгілі өнерпаз. Мектеп қабырғасында жүріп облыстық «Жас тұлпар» оқушылар айтысының 3 дүркін жеңімпазы атанды, халықаралық «Мен қазақпын» мегажобасының облыстық іріктеу са­йысын­да дара шығып, Нұржан Наушабайұлының тарих тасасында қалып, ұмытылып бара жатқан «Көкен-ай» әнін тұңғыш рет көгілдір экран арқылы республика жұртшылығына танытты.

Шығармашылық кеш барысында өнерпаз Арқаның дәстүрлі әндері мен «Жорғатай» сынды сазында салқар сағыныш жатқан Алтайдың әндерін шырқады.

Қыдырбек – Тобыл-Торғай өңірінде қобызбен жыр орындап жүрген жалғыз өнерпаз. Кеш қонақ­тары әншінің орындауында Тәтіқара жырау­дың толғауларын тұңғыш рет тыңдады. Көпшілік көрер­мен алдында өнер көрсеткен «Ақжелең» фоль­клор­лық-этнографиялық ансамблі, облыстық филар­мо­нияның әншілері мен театр әртістері де шы­ғармашылық кештің мазмұнды өтуіне атсалысты.

Кеш соңында өңір зиялылары мен мәдениет саласының басшысы өнерпазға жылы лебіздерін білдірді.

– Осыдан отыз жыл бұрын атамекенге оралып, елмен етене араласып, осы Тобыл өңірінің бел баласы болып кеткен Қыдырбектей азаматымызды сіздер бүгін тағы да сан қырынан танып, өнеріне тәнті болдыңыздар. Әлі талай қаптың түбінде жатқан халық қазынасын жарыққа шығарып, көп­шілікке жарқыратып көрсететініне кәміл сене­міз. Мысалы, осы өңірде кіндік қаны тамған, сөзі түгілі, өзін ұмытылып бара жатқан Тәтіқара жыраудың тол­ғауларын заманға икемдеп, дәріптеп жүр. Сон­дай-ақ Ыбырай атамыздың замандасы, қазақ­тың тақ-тақ ақыны Нұржан Наушабайұлының да назымдары мен әндерін орындап, насихаттап жүр, – деді облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов.