Астана полицейлері есірткі сатумен айналысқан жергілікті тұрғынды ұстады, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Елордалық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері елорда аумағында есірткі өндірумен айналысатын адамды ұстау бойынша арнайы операция жүргізді.
Жедел іс-шараларды өткізу барысында бұрын бірнеше рет сотталған елорданың 53 жастағы тұрғыны қамауға алынды. Ұсталған адамды тұрғылықты жері бойынша тінту кезінде есірткі құралдарын дайындауға және қолдануға арналған құрылғылар тәркіленді.
Тергеу барысында оның ірі мөлшердегі «экстракциялық апиын» есірткі затын өткізуге қатысы бар екені анықталды. Ұсталған адам өз кінәсін мойындады.
ҚР ҚК 297-бабының 2-бөлігі бойынша «Есірткі, психотроптық заттарды ірі мөлшерде заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау немесе өткізу» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті Астана қаласы полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды.