• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 01 Қаңтар, 2023

Бақтықожа Ізмұхамбетов: Әкім атқарушы емес, бастамашы болуы керек

1196 рет
көрсетілді

Мемлекет және қоғам қайраткері Бақтықожа Ізмұхамбетовтің есімі мен еңбегі жалпақ жұртқа жақсы таныс. Әр жылдары Батыс Қазақстан және Атырау облыстарын басқарған, еліміздің Энергетика министрлігіне жетекшілік еткен, екі мәрте Парламент Мәжілісінің депутаты әрі Мәжіліс төрағасы болған ол, қазір республикалық Ардагерлер ұйымын ұйыстырып отыр. Тәжірибесі таудай қайраткер тұлғаның айтары да көп. Көргені көп болған соң көшелі сөз айтатын Бақтықожа Ізмұхамбетовпен әңгімелескен едік.

Жақсы жоба – жалпыға ортақ

– Бақтықожа Салахатдинұлы, кейінгі жылдары елімізде жаңа реформалар жүзеге асырылып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында да тың бағыттар қамтылған. Оның бәрі өзі­ңізге аян. Дегенмен, әкім, министр әрі де­путат болып жемісті еңбек еткен қай­рат­кер ретінде дәл қазір қандай сала­ның дамуына басымдық берер едіңіз?

– Иә, елімізде көптеген өзгеріс болып жатыр. Жақында ел Президентіне өз ұсыныстарымды жолдадым. Мемлекет басшысы ұсыныстарды тиісті органдарға жіберді. Солардың кейбіріне егжей-тегжей тоқталғым келіп отыр.

Индустрияландырудың екі бесжыл­дығын артқа тастадық. Соның нәти­жесінде өңірлерде индустриялық-инно­ва­циялық бағытта түрлі жобалар іске қосылды. Оның ішінде үлгі ретінде тұтас елге жаяр озық жобалар бар. Орта жолда тоқырап қалғандарын да көрдік. Десе де, жұмысын ойдағыдай жалғастырып жатқандары көп. Міне, осындай жемісті жобаларды жинақтап, тұтас елге тарату керек. Оларды жинақтаудың арнайы формасы да әзір. Онда жоба туралы жалпы мәліметтер қамтылады. Яғни қай өңірде жүзеге асқаны, бағасы, қаржыландыру көзі, салынған қаржының өтелуі, алынатын өнім, жұмыс орындарының саны, төленетін орташа жалақы секілді ма­ңызды мәліметтерді жинақтаймыз. Осы­лайша, жақсы жобаларды іріктеп алып, әрбір өңірде жүзеге асыруға болады.

Қазір Президент ауылдың дамуы­на ерекше назар аударып отыр. Жасыра­тыны жоқ, ауылдықтардың көбі әлі күнге жұмыссыз жүр. Бірақ ауылда жер мен су жеткілікті. Демек мал өсіріп, егін­шілікпен немесе диқаншылықпен айна­лысуға болады. Түрлі бағытта шағын бизнес ашуға мүмкіндік бар. Алайда адамдар қолдан келетін қара­пайым дүниелердің өзін жасай алмай отыр. Бір ғана Түркістан мен Атырау облыс­тарының өзінен ауылда қолға алуға тұрарлық талай тамаша жобаны кезік­тіруге болады. Өзге өңірлерде де үлгі етерлік жобалар жетерлік. Міне, осылар­дың бәрін барынша жинақтап, өңір-өңірге тарату маңызды.

Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйы­мының мүшесі болғандықтан, ұйымның шарттарын толық сақтауы керек. Сон­дықтан Президент атап көрсеткендей, ендігі жерде сан емес, сапа айқындаушы көрсеткіш ретінде қаралуға тиіс. Бұрын барынша арзан өнім іздесек, енді сапалы­сына қол жеткізуге тырысатын болдық. Сол себепті бұдан былай отан­дық тауарлар мен қызметтердің дұрыс бағалануына жол ашылуы қажет. Ол үшін «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңға табиғи өнімді, экологиялық таза өнімді айқындаушы көрсеткіш ретінде енгізу маңызды. Яғни табиғи өнімдерге басымдық беретін уақыт келді.

 

Шетелдік өнімдермен бәсекелесе аламыз

– Бізде халықаралық талаптарға сай келетін қандай табиғи өнімдер шығаруға болады? Мысал келтіре аласыз ба?

– Әлбетте. Мысал өте көп. Мәселен, Атырау облысында әкім болған уақытта 300 тонна қойдың, 100 тонна түйенің жүнін пайдаланып, италиялық технологиямен жамылғы көрпе шығаратын өндіріс ашқанымыз бар. Тамаша жоба болды. Біраз жыл жұмыс істеді. Бірақ қазір айналым қаражатының жоқтығына байланысты қиындықты бастан кешіріп жатыр. Отандық өндірістің тығырыққа тірелуінің бірден-бір себебі біздегі теміржол, балабақша, аурухана, интернат секілді жамылғы көрпелерді тұтынатын мекемелердің барлығы дерлік шетелдің арзанқол синтетикалық өнімін сатып алады. Біріншіден, синтетикалық жамылғының бағасы арзан. Екіншіден, мұндай жерде белгілі бір топтардың мүддесі жатады, яғни сыбайлас жемқорлық белгілері бар. Олар өзімізде бар өнімді ысырып тастап, сырттан алдыру арқылы пайда табуға тырысады. Жоғарыда сапаға көңіл бөлетін уақыт жетті деуімнің бірден бір себебі де сол. Түптеп келгенде, балабақшадағы балалар мен ауруханадағы науқастар, теміржол жолаушылары сапалы жамылғыны тұтынуға тиіс. Заңға табиғи өнімді, экологиялық таза өнімді айқындаушы көрсеткіш ретінде енгізу арқылы отандық өндірісті қолдауға жол ашамыз әрі Дүниежүзілік сауда ұйымының талаптарына сәйкес келетін сапалы өнім шығаруға көшеміз. Импорттық тауарды алып, шетелдің өнімін қолдағаннан ұтарымыз шамалы екенін ұғынатын уақыт әлдеқашан жетті ғой.

Мен бір ғана өндірісті мысалға келтірдім. Осы секілді тамаша жобалар барлық салада бар. Соларды тұтас елге жайып, көбейте беру керек. Тағы бір мысал. Кезінде Атырауда лимон өсіретін шаруашылық аштық. Сол шаруашылық былтыр 29 тонна, биыл 35 тонна өнім алды. Тамаша емес пе?! Оның иесіне болашақта лимоннан түрлі сусын шығару жағын қарастыру керегін айтқаным бар. Қазір германиялық технологияның көмегімен сусын шығаруды қолға алды. Бұған қоса дәл осы шаруашылық алма да өсіре бастады. Биыл 800 тонна өнім жинады. Атыраудың жерінен осыншама көлемде алма жинау деген бір қарасаңыз ақылға қонымсыз дүние секілді. Міне, қазіргідей технология дамыған уақытта кез келген жобаны өзімізде жүзеге асыруға мүмкіндік бар. Былай қарасаң, жері құмдақ, мұнайлы Атырауда лимон, алма өсіріледі дегенді көпшіліктің санасы қабылдай қоймайды. Осындай қасаң стереотиптерді бұзу керек.

Энергетика министрі болып тұрғанда Италияға іссапармен бардық. Сонда сүтті ешкі шаруашылығын көріп, таң қалдым. «Мынадай жобаны Қазақстанда да қолға алуға болады ғой» деп қатты қызығып едім. Ақыры Атырау облысының әкімі болған жылдары осы жобаны жүзеге асырдық. Шетелден әкелінген заанен ешкілері шетінен сүтті. Бұлардың әрқайсысы күніне 5-7 литр сүт береді. Бүгінде біз ашқан шаруашылық ешкі санын 900-ге жеткізді. Қазір ешкі сүтінен 10-нан аса өнім түрін шығарып отыр. Оның ішінде денсаулыққа өте пайдалы кашкавал ірімшігін де өндіреді. Ірімшіктің бір бөлігін Ресейдің Орынбор өңіріне экспорттайды. Ешкі сүтінің құрамы жақсы. Ана сүтін алмастыра алатыны баршаға мәлім.

Сол секілді Атырауда талшықты-оптикалық кабель өндірісін жолға қойғанымыз бар. Отандық зауыт кезінде «Қазақтелеком» компаниясының 30 пайыздық қажеттілігін өтеп тұрды. Қазір бұдан да көбейген болуы мүмкін. Міне, дәл осындай неге тағы бір зауыт ашпасқа?! Қыруар қаржы Қытай мен АҚШ-тың өніміне кетіп жатыр. Демек біз мүмкіндігіміз бола тұра шетелдік нарықтарға жұмыс істеп келеміз. Осы бір тенденцияны доғару қажет.

 

Жер – халықтың меншігі

– Азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін ақсатып алып отырғанымыз да ше­телдік өнімге иек артып алуымыздың салдары ғой.

– Азық-түлік қауіпсіздігі – біздің ел­дегі ең үлкен мәселе. Оның қаншалықты маңызды екенін кешегі коронавирус пандемиясы кезінде көрдік. Өкінішке қарай, әрбір аймақ бұл бағыттағы мүмкіндіктерін толық пайдаланбай отыр. Жоғарыда айтылған ойларымның желісі де негізінен азық-түлік қауіпсіздігіне келіп тіреледі. Мұнайшылар елінде лимон мен алма өсіріп, ешкі бағуға болатынын, жеңіл өнеркәсіппен айналысуға мүмкіндік барын меңзегенім де сондықтан. Әр аймақта осындай керемет жобалар бар. Әсіресе, оңтүстік өңірлерде түрлі жобалар қолға алынып жатады. Қайталап айтамын, соларды республиканың түкпір-түкпіріне тарату керек. Атырауда өскен лимон Өскеменде шықпайды деп ойлайсыз ба? Шығады, әлбетте.

Азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін реттеудегі маңызды бағыттың бірі – суармалы егістік. Біздің ел тамшылатып суару технологиясын кеңінен пайдалануы керек. Президенттің сайлауалды бағ­дарламасында 25 су қоймасы салы­нады, 16 су қоймасы қайтадан жөн­деледі деп жазылған екен. Бұл да керек, әрине. Бірақ қазір су тапшылығымен бет­пе-бет келіп отырған жайымыз бар. Сон­дықтан суды барынша үнемдеу керек. Үнемдеудің жолы – тамшылатып суару. Осыны шаруаларға заң­мен міндеттеу керек. Мұндай техно­логия­ға қажетті жабдықтардың дені өзімізде шы­­ға­рылады. Сондай-ақ аталған техно­логия­ның нәтижесінде адамдар­дың жұмыс жүктемесі де азаяр еді. Бұ­рынғыдай бір гектар жерді суару үшін 20-30 адамды жұ­мыл­дырудың қажеті болмайды. 3-4 адам ғана суару жұмыстарын ойдағы­дай атқарып шығады. Бұған қоса тыңайт­қышты шашу жұмыстары да біркелкі орындалады. Сонда су да, тыңайтқыш та әрбір түпке біркелкі шашылады. Оның үстіне тамшылатып суармаса жер жыл­дам тозады, тұзы шығып кетеді. Ме­ніңше, әлемде кең таралған бұл технологияны дұрыс пайдалана білгеніміз абзал.

Сонымен қатар бізде әлі күнге дейін ұн, сүт, ет, көкөніс, жеміс-жидектерді қай­та өңдеу дұрыс жолға қойылмаған. Осы­ған көбірек көңіл бөлінсе екен. Бұл ретте дәл осы бағытта жұмысын енді баста­ған өндірістерді қолдап, ынталандыру маңызды.

Қазір біршама ауылға ауызсумен қатар шаруашылыққа қажетті жазғы су да жүр­гізілді. Ауылдағы әр тұрғынның иелігін­де кем дегенде 10 сотық жер бар. Айтпа­ғым, ендігі жерде әркім өзінің ауласында көкөніс, жеміс-жидек өсіруді қолға алуы керек. Іргеге келіп тұрған судың игілігін осындайда көрмегенде, қашан көреміз?! Мұны да ойдан шығарып айтып отырған жоқпын. Кезінде туған ауылыма жазғы су тартылған соң, жерлестерімді қал-қадерінше шарбақ ішінде көкөніс, жеміс-жидек өсіруге шақырғаным бар. Сол бастама өз жемісін берді. Бүгінде ауыл адамдары қажетті азық-түлігін өз ауласынан жинап алып отыр. Былай қарасаңыз, қарапайым ғана дүние секілді. Ал пайдасы шашетектен.

Жер демекші, мыңдаған гектар жерді иеленсе де, түк бітірмейтін кәсіпкерлер бар. Олар үлкен аумақты алғанымен қой­май, оны өзгелерге жалға беріп қояды. Сөйтіп, бір дән екпей-ақ өзгелерден ақ­ша жи­найды. Меніңше, жерді алғаннан кейін әркім өзі пайдалануы керек. Пайда­ланбайды екен, мемлекеттің меншігіне кері қайтарсын. Неліктен нақты жұмыс іс­­тей­­тін шаруашылықтар өзгелердің же­рін жалға алуы керек? Неліктен олар мем­ле­кетке емес, басқа біреуге ақша төлеуі қажет? Олай болса, жерді де нақты жұмыс іс­тейтін шаруашылықтарға берейік. Осы мәселені ұзақ жылдар бойы көтеріп келемін. Рас, кішігірім шаруашы­лықтарда қажетті техника болмауы мүмкін. Ен­деше жерді жалға беруші жердің емес, техниканың қожайыны ретінде табыс тапсын. Себебі жер мем­лекеттің емес, ха­лықтың меншігі. Халыққа тиесілі жер­ді тамыр-таныстықпен иеленіп алып, сау­сағын қимылдатпай-ақ халықтың өзіне жалға беру ақылға сыймайтын дүние. Мұндай бассыздықты тоқтату керек. Ауылдарда жайылымдық жерлер тары­лып барады. Өйткені мыңдаған гектар жерді иеленіп отырған кәсіпкерлер жайылымдық жерлерді қоршап алған. Бұл мәселені де біржақты етпей болмайды. Ауыл адамдары ауылда отырып мал басын көбейте алмаса, қасірет қой.

 

Әр өңірдің әлеуеті жоғары

– Әңгіме ауаны ауыл шаруашылы­ғы төңірегінде өрбіп отыр ғой. Біздегі жемқорлық жайлаған саланың бірі – субсидия жайлы не айтар едіңіз?

– Субсидия беру тәртібін қайта қарау керек. Ол үшін шаруа қожалықтары өкілдерінен ұсыныстар жинақтау қажет деп ойлаймын. Соның нәтижесінде тиімді тетіктерді іске қосуға болады. Парламентте отырған депутаттардың ішінде де бұл мәселені жақсы білетін адамдар бар. Олардың да пікірін ескеру маңызды. Бұл жерде екі мәселеге назар аудару керек. Бірінші – субсидияның шаруаларға тиімділігін айқындау, екінші – заңдылығын реттеу. Қалай десек те, бұл шаруашылық иелеріне пайдалы құрал болуға тиіс. Шет елдерді көп ара­ладым. Нидерланд, Дания, Канада секілді әлемнің алдыңғы қатарлы елдері­нің өзі субсидияның көмегімен ауыл ша­руа­шылығын алға бастырып отыр. Бұл елдерде салаға берілетін субсидияның көлемі де жоғары. Демек ауыл шаруашылығын субсидиясыз дамыту мүмкін емес. Біз де тиімді тетігін табуға тиіспіз. Бұл бағытта жұмыс мүлдем жүргізілмей жатыр деуден аулақпын. Біршама шаруа тындырылды. Бірақ субсидия мәселесін қайта қарау қажет. Бүгінгі кезең бізден осыны талап етіп отыр.

Тыңайтқыш мәселесі де өзекті. Мәселен, бидайдың өзіндік құнындағы тыңайт­қыштардың үлесі Канадамен салыс­тырғанда бізде бірнеше есе төмен. Үйең­кі жапырақтылар елінде жердің бонитет балы жоғары бола тұра, шаруалар ты­ңайтқыштарды көп қолданады. Қазақ­станда керісінше жердің бонитет балы әлдеқайда төмен. Тиісінше, біз тыңайт­қыштарды Канадаға қарағанда барынша көп қолдануымыз керек. Бірақ нақты жағ­дай олай болмай тұр. Сондықтан отандық тыңайтқыш өндірушілерді қолдаудың тиімді тетіктерін енгізу маңызды.

Әр өңірдің ауыл шаруашылығы сала­сындағы мүмкіндіктерін қайта қарайтын уақыт туды деп ойлаймын. Рас, солтүстікте егін шаруашылығын, оңтүстікте мақта шаруашылығы мен диқаншылықты, шығыста мал шаруашылығын, батыста балық шаруашылығын дамыту әлеуеті жоғары екенін бәрі біледі. Бірақ бұл – бұрынғы көзқарас. Сондықтан әр өңірдің әлеуетін жаңаша зерделеу керек. Мәселен, балық шаруашылығын батыста ғана емес, еліміздің кез келген түкпірінде дамытуға болады. Әлемнің кейбір елдері балық шаруашылығын теңіз бен көлсіз, өзенсіз-ақ ілгерілетіп отыр ғой. Қазір тоғандардың өзінде балықтың түр-түрін өсіруге болады және бұл өте тиімді. Өкінішке қарай, соны дұрыс пайдалана алмай келеміз.

Қысқасы, әр аймақтың әлеуеті мен мүмкіндігін толық қамтитын арнайы құжат әзірленуі керек. Сол құжат еліміздің экономикалық дамуының нақты стратегиялық бағдары болуға тиіс.

Мен жаңалық ашып отырған жоқпын. Жоғарыда айтқан дүниелерді барша жұрт білуі мүмкін. Бірақ бәрі білсе, неге ешкім істемейді деп те ойлаймын кейде. Соған қарағанда қарапайым дүниелердің өзін білмейтін секілдіміз ғой. Сол себепті ақылымның асқанынан емес, көргенімнің көптігінен айтамын. 

– Түптеп келгенде, кез келген жобаны жүзеге асыру үшін жауапкершілік алдымен әкімдерге түседі ғой.

– Жауапкершілік бір бөлек. Ең алдымен мұндай жобалардың бәріне әкімдердің өзі бастамашы болуға тиіс. Артық айтсам кешірім сұраймын, бірақ қазіргі әкімдер атқарушының ғана қызметін орындап жүр. Әкім атқарушы емес, бастамашы болуы керек. Ағымдағы шаруа ешқашан бітпейді. Әр әкімнің соңында жақсы із қалуы керек. Өзімді мақтағаным емес, әңгіменің ретіне қарай бір мысал келтірейін. Атырау облысына әкім болып барғанда таң қалғаным, жергілікті халық тұтастай шекараның арғы бетіндегі Астрахань өңірінің жұмыртқасын тұтынады екен. Шетелдің өніміне бұлайша иек артуға болмайды ғой. Сондықтан бірден құс фабрикасын салуды қолға алдық. Мен қызметтен кеткенде аталған фабрикада жылына 60 млн жұмыртқа өндірілетін. Қазір бұл көрсеткіш 100 млн-ға жетті. Міне, жүйелі жұмыстың нәтижесінде бүгінде бір ғана фабрика тұтас өңірдің қажеттілігін қиналмай-ақ өтеп отыр. Сол секілді бөдененің 2 млн жұмыртқасын өндіретін өндірісті де іске қостық. Бұл бір ғана мысал. Айтпағым, әкімдер әр облыстың мүмкіндігін барынша пайдалануға тиіс.

 

Газды сыртқа сату тиімсіз

– Әлемдегі геосаяси жағдайларға байланысты қазір газ мәселесі алдыңғы орынға шықты. Еліміздің бұл бағыттағы мүмкіндігі туралы пікіріңізді білгіміз келеді.

– Еліміз газ экспортын біртіндеп азайтып келеді. Дұрыс. Газдың игілігін алдымен өзіміз көруіміз керек. Оның үстіне газды экспорттау тиімсіз. Оның мультипликативті әсері мол. Біріншіден, халық көмірмен салыстырғанда газға ақшаны әлдеқайда аз төлейді. Екіншіден, адамдар көмірдің бейнетінен арылады. Үшіншіден, ауа ластанбайды. Газ экологиялық тұрғыдан тиімді. Төртіншіден, экономиканың түрлі салаларына серпіліс береді. Мәселен, газ тартылған жерде жылыжай ашу ешқандай қиындық тудырмайды. Сондай-ақ газ өндірістік орындардағы жылыту мәселесін жеңілдетеді.

Мына бір оқиға ойға оралып отыр. 2003 жылы Энергетика министрінің бірінші орынбасары болып жүргенде Мемлекет басшысына оңтүстік өңірлерді газдандыру туралы жоба ұсындым. Өйткені оңтүстікті газбен жабдықтау қыста үлкен мәселеге айналатын. Қысқасы, өңірге керек газды «Орталық Азия – Орталық» газ құбырынан алып, сонша газды Қарашығанақтан берейік деген ұсыныс айттым. Ол үшін «Орталық Азия – Орталық» және «Бұхара – Орал» газ құбырының арасын қосып, оңтүстікке Шымкент арқылы Талдықорғанға дейін газ құбырын тарту керек. Бұл жобаның екінші бір тиімді тұсы бар еді. Ол – Каспий теңізіндегі Қашаған кен орнын игеріп, газдың көлемін көбейту және әбден тазартылған газды Қытайға экспорттау. Жоба біршама кедергілерге ұшырады. Бірақ бәрібір жүзеге асты. Міне, қазір соның нәтижесінде Астанаға газ жетті.

– Астанаға келген газ әрі қарай солтүстік өңірлерге жетуі керек еді ғой. Алайда жоба тоқтап қалған сыңайлы. Сол себепті еліміздің солтүстігі мен шығысын газдандыру өзекті болып тұр. Бұл мәселені қалай шешеміз? Ресейдің газын тұтынған дұрыс па? Әлде өзіміздің инфрақұрылымды тартқан тиімді ме?

– Әрине, отандық газды тартқан тиімді болар еді. Алайда оған елдегі газдың қоры жеткіліксіз. Міне, мәселе қайда жатыр. Оның үстіне газ құбырын солтүстік өңірге дейін тартуға қыруар қаржы керек. Ресейден газ алу да тығырықтан шығар жол емес. Себебін түсіндірейін. Біріншіден, тариф жоғары болады, яғни қымбатқа түседі. Екіншіден, өзге мемлекетке жалтақтап, солардың ойын ережесімен жүруге тура келеді. Бұған Каспий құбыр консорциумына қатысты жағдай жарқын мысал бола алады деп ойлаймын. Сондықтан өз басым Ресейдің газын тұтынуды құптамаймын.

– Сонда тығырықтан шығар жол қайсы?

– Геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу керек. Өкінішке қарай, бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға менің көңілім толмайды. Қазақстанда барлау жүргізілуге тиіс аумақ өте көп. Бәлкім, газдың да мол қоры табылып қалар.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Фархат ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»