Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында ауыл медицинасының ахуалын жақсарту жөнінде тапсырма бергені белгілі. Ауылдағы ағайын бұл оң өзгерісті биылдан бастап сезіне бастайды. Жыл басталысымен медицина саласын дамытуға 460 млрд теңге жоспарланып, оның 40%-ы ауыл-аймақтарға бөлінеді.
30 жылда отандық денсаулық сақтау саласында аз жұмыс атқарылған жоқ. Әсіресе, пандемия кезінде еліміздегі медицина саласына ерекше назар аударылды. Жылдағыдай емес, биыл мемлекеттен бөлінетін қаржы да көбейді. Бұрыннан келе жатқан түйткілді мәселенің түйінін тарқатуда Президент тапсырмасының ықпалы артты.
«Мен келесі жылдан бастап еліміздің ауыл тұрғындарының қажеттіліктеріне бағытталған ұлттық жобаны іске асыруды бастау туралы шешім қабылдадым. Екі жыл ішінде бүгінде медициналық мекемелері жоқ 650 ауылда медициналық және фельдшерлік-акушерлік пункттер салынып, толық жарақтандырылады. Осылайша, мемлекет миллионнан аса азаматтың алғашқы медициналық-санитарлық көмекке қол жеткізуін қамтамасыз етеді. Ұлттық жоба аясында 32 аудандық аурухана жаңғыртылып, ауданаралық көпсалалы мекемелер болып қайта құрылмақ. Оларда инсульт орталықтары, хирургия, реанимация және оңалту бөлімшелері пайда болады. Бұл төрт миллионнан аса азамат үшін медициналық қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, телемедицина дамытылады, ол шалғай аудандардың тұрғындарына білікті көмек көрсетуге жол ашады», делінген Президенттің қыркүйектегі Жолдауында.
Содан бері ілкімді іс шаралар дереу қолға алына бастады. Өйткені шалғай жатқан кейбір ауылдарда аурухана түгілі стационар да жоқ екені, дәрігер де тапшы екені ашық айтыла бастады. Берілген тапсырмадан бірден шешім шығарған Денсаулық сақтау министрлігі ендігі екі жылда емдеу орталықтары жоқ елді мекендерге медициналық бөлімшелер салынып, қажетті құралдармен толық қамтамасыз етілетінін, кейбір аймақтардағы жұмыс істеп тұрған ауруханаларды көпбейінді етіп жабдықтап, жаңа бөлімдер ашу арқылы қызмет сапасы артатынын мәлімдеді.
Расында, көп ауылдағы медициналық инфрақұрылымның тозығы жеткен. Тексеру нәтижесінде 200-ден аса тұрғылықты жерде медициналық көмек беретін мекеменің жоқтығы, 400-ге жуық объекті жалға алынғаны және кейбірі апаттық ғимаратта шоғырланғаны анықталған. Десе де бір қуантатыны, жаңадан қабылданған ұлттық жоба жоспарында 32 аудандық аурухана жаңартылып, көпбейінді мекемелерге айналдыру ісі биыл жүзеге асырыла бастайды. Бұл ретте Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновтің төрағалығымен өткен кеңесте ауылдық елді мекендерді медициналық объектілермен қамтамасыз ету мәселелері ашық талқыланды. Яғни «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2023-2025 жылдар аралығында өңірлер мен шалғай ауылдарда салынатын 655 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысандарының ішінде 253 медициналық пункт, 160 дәрігерлік амбулатория, 242 фельдшерлік-акушерлік пункт бар. Мәселен, Қарағанды облысында 92 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысаны, Абай облысында 65 нысан, Жетісу облысында 59 нысан, Ақмола және Алматы облыстарында 38 нысаннан салу жоспарланып отыр.
«Ауылдар мен шалғай аудандардың тұрғындары облыс орталықтары мен қалаларға барып, медициналық көмек алу үшін шақырымдап жол жүруге мәжбүр. Бұл жерде уақтылы медициналық көмек көрсету мәселесі жайына қалып отыр. Ауылдар мен шалғай аудандар тұрғындарының сапалы медициналық көмек алуын, оның ішінде «алтын сағат» ішінде көмек көрсетілуін қамтамасыз ету қажет. Осыған байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы әзірленді. Жоспарланған 655 жаңа нысанның 20-сы медициналық нысаны мүлдем жоқ ауылдарда салынбақ. Осы уақытқа дейін медициналық нысандарға арналған арнайы ғимараттары болмаған ауылдарда және шалғай аудандарда тағы 208 медициналық нысан салынады. Қазірдің өзінде апатты жағдайда тұрған қолданыстағы нысандардың орнына 420-ға жуық нысан тұрғызылмақ», деді А.Көлгінов.
Енді ауыл-аймақпен қатар аудандағы ауруханалардың да ахуалы әжептәуір жақсара түседі. Яғни биыл инсульттен емдеу орталықтары, хирургия, жансақтау және оңалту бөлімдері ашылып, телемедицина бағытын дамыту жолға қойылып, шалғайда тұратын халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетіле бастайды.
Жалпы Денсаулық сақтау министрлігінің берген мәліметіне сүйенсек, отандық медицина жұмысының биылғы жоспары мынадай: денсаулық сақтау саласындағы қызметкерлердің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесін енгізу; 2023-2025 жылдарға арналған онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі жоспарды бекіту және іске асыру; халыққа жұқпалы емес аурулар бойынша кәсіби тексеру бағдарламаларын кеңейту; 2026 жылға дейінгі ана мен бала денсаулығын сақтау тұжырымдамасын бекіту және іске асыру; медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеру, оның ішінде дәрігерлерге 30%-ға (531 мың теңгеге дейін), орта медициналық персоналға 20%-ға (250 мың теңгеге дейін) дейін жалақысын арттыру; Астана және Алматы қалаларында 2 ғылыми-инновациялық көпсалалы клиниканы пайдалануға беру; «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 309 МСАК объектісін пайдалануға беру (131 медициналық пункт, 99 ФАП, 79 дәрігерлік амбулатория); ауданаралық орталық аудандық ауруханаларды заманауи медициналық жабдықтармен жарақтандыру.
Иә, жетістіктер мен кемшіліктер әр кез қатар жүреді. Десе де заман талабына лайықты өмір сүру үшін ауылдықтарға ғана емес, жалпы жұртқа сапалы медициналық инфрақұрылым ауадай қажет. Ауыл-аймақты айтпағанда, кейбір қалалардың да медициналық ахуалы мәз емес. Сондықтан биыл Президент тапсырмасымен елімізде оң өзгерістер орын алады деп сенеміз. Мемлекет басшысы айтқандай, мұның бәрі ұлт саулығын сөз жүзінде емес, іс жүзінде жақсартуға бастайды.