• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Президент 01 Қаңтар, 2023

Мемлекет басшысы қазақстандықтарды Жаңа жылмен құттықтады

320 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Жаңа жылмен құттықтады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Міне, біз қазір бір ел болып, Жаңа жылды қарсы аламыз. Оны бәріміз ізгі ниетпен күтіп отырмыз. Осы сәтте мерекелік көңіл-күймен бір-бірімізге ақ тілек айтамыз. Болашаққа сеніммен қарап, жоспар құрамыз. Миллиондаған азаматтарымыз сияқты мен жаңа жыл жарылқасын деп келешекке үмітпен қараймын. Өтіп бара жатқан жыл еліміз үшін оңай болған жоқ, күрделі болды. Қаңтар айында тәуелсіздік тарихындағы зор сын-қатерге тап болдық. Бірақ халқымыздың мызғымас бірлігінің арқасында біз осы қатердің бетін қайтардық. Елдігімізді сақтап қалдық. Төл тарихымызға қарасақ, жұртымыз көптеген сындардан шыңдалып шыққан. Біз де қиындықтарды артқа тастап, алға қарай нық қадам бастық. Жалпы, осы жыл Қазақстан үшін түбегейлі бетбұрыс жылына айналды. Біз мемлекеттігімізді нығайтып, жаңару және жаңғыру жолына түстік. Жалпыхалықтық референдум өткізіп, шын мәнінде жаңа Конституциямызды қабылдадық. Онда нағыз әділдік рухы көрініс тапты. Енді Президент 7 жылдық мерзімге бір рет қана сайланатын болды. Парламент жүйесінің реформасын бастадық. Халқымыз ауқымды өзгерістерге қолдау білдірді. Сайлау жүйесіне жаңа ережелер енгізілді. Президент сайлауы ашық және әділ өтті. Мұның бәрі еліміздің саяси жүйесін жан-жақты жаңғырта түсті. Әкімшілік-аумақтық реформа жасадық. Абай, Ұлытау және Жетісу облыстары құрылды. Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы өтті. Ең өзекті мәселелерді ауқымды диалог арқылы шешетін болдық. «Республика күніне» ұлттық мереке мәртебесі берілді.

Биыл еліміз үшін несібелі жыл болды. 400 мыңға жуық сәби дүниеге келіп, көптеген отбасының шаңырағы бақытқа толды. Біз балалар жылында «Ұлттық қор – балаларға» бастамасын көтердік. Бұл – өскелең ұрпақтың жарқын болашағы үшін жасалған өте маңызды қадам. Диқандарымыз 23 миллион тонна астық жинады. Бос жатқан 5 миллион гектар жер мемлекетке қайтарылды.Бірнеше ірі өндіріс іске қосылды. Мыңдаған жаңа жұмыс орындары ашылды. «Қазақстан халқына» қоры құрылды, соның арқасында көптеген азаматқа нақты көмек көрсетіліп жатыр. Спортшыларымыз әлемдік жарыстарда көк туымызды желбіретті. Күрделі геосаяси жағдайда Қазақстанның халықаралық беделін арттырдық, бірқатар алпауыт елдердің сенімді серіктесі атандық. Осылайша, Барыс жылы ауқымды өзгерістер мен жаңа дәуірдің бастауы болды. Өтіп бара жатқан 2022 жыл тарихта еңсеру жылы ретінде қалады. Еліміз алапат сынаққа төтеп берді. Қиындықпен бетпе-бет келген қазақстандықтар жарқын болашақ үшін біріге білді. Біз шыңдала түстік.

Түбегейлі реформаларды жалғастыруымызға ешбір сын-қатер кедергі бола алмады. Әділетті Қазақстанды құру үшін берік негіз қаланды. Саяси өзгерістер дәйекті түрде жүзеге асырылып жатыр. Конституциялық референдум мен Президент сайлауы негізгі билік институттарын жаңғыртуға жол ашты.

Келесі жылы Сенат, Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы өтеді. Тұрғындар аудан әкімдерін де тікелей сайлайды. Бұл қадам елімізде жаңа демократиялық дәстүрді қалыптастыруға, саяси мәдениетті арттыруға жол ашатынына сенімдімін.

Адам құқығын қорғау саласында едәуір табысқа жеттік. Экономикамызды монополиядан арылтып, оның құрылымын қайта құру үдерісін бастадық. Біз мұнымен шектелмейміз.

Жаңа жылда сапалы жолдар, қолжетімді тұрғын-үйлер, заманауи мектептер мен ауруханалар саламыз. Билік кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай жасайды. Инфляцияны ауыздықтап, халықтың нақты табысын арттыру және өндірісті жолға қою Үкіметтің басты міндеті болып қала береді. Мен Президент лауазымына қайта сайланғаннан кейін, ең алдымен, ауылды көркейтуге, ауылдық аумақтарды дамытуға бағытталған кешенді жұмыстарды бастау туралы Жарлыққа қол қойдым.

Біз өзі ісіне адал, Отанымыздың нағыз патриоттары мен кәсіби мамандарға жан-жақты қолдау көрсетеміз. Кәсіпорындарда еңбек ететін жұмысшылар және шаруалар, ғалымдар мен мәдениет қайраткерлері, әскерилер мен құқық қорғау жүйесінің қызметкерлері, инженерлер мен құрылысшылар, кәсіпкерлер мен спортшылар, меценаттар мен волонтерлер, журналистер мен медиа саласының мамандары, сондай-ақ мұғалімдер, тәрбиешілер, дәрігерлер, медицина және әлеуметтік сала қызметкерлері – халқымыздың ерен ерлері. Біз келе жатқан Жаңа жылдан зор үміт күтеміз. Баршаңызға мәлім, әлемдегі ахуал аса күрделі. Соған қарамастан, келесі жыл еліміз үшін жемісті жыл болады деп сенеміз. Алдымызда ауқымды жұмыс тұр, көптеген жоспарымызды жүзеге асыруымыз керек. Негізгі мақсат – мемлекетімізді нығайту және халқымыздың әл-ауқатын арттыру. Мен Президент ретінде осы мақсаттарға жету үшін барлық күш-жігерімді саламын. Алдағы жылы ұлттың рухын көтеретін маңызды іс-шаралар өтеді. Біз бір ел болып, бір халық болып, бірлесе еңбек етіп, Жаңа жылда жаңа табысқа жетеміз. Мен бұған кәміл сенемін. Биылғы қиындықтарға қарамастан, біз келешекке үлкен үмітпен қараймыз. Алдағы 2023 жыл тың мүмкіндіктерге қол жеткізіп, биік белестерді бағындыратын жыл болады деп сенемін. Алдағы жолымыз оңай болмайды. Алайда күдік пен күмәннен арылып, көздеген мақсатқа жету үшін батыл қадам жасау керек. Сонда ғана мұратымызға жетеміз.

«Жақсылық бар жерде тапшылық болмайды» дейді халқымыз. Жаңа жылда баршамыз жақсылыққа ұмтылайық. Бір-бірімізге жанашыр, қамқор болайық. Ең бастысы, табанды еңбек етіп, елімізді бірге дамытайық. Жаңа жыл халқымыз үшін берекелі жыл болсын! Әр шаңырақ шаттыққа, қуанышқа толсын!Баршаңызға зор денсаулық, мол табыс тілеймін! Жаңа жыл құтты болсын, ағайын!