• RUB:
    5.43
  • USD:
    472.62
  • EUR:
    513.22
Басты сайтқа өту
Қазақстан 05 Қаңтар, 2023

Тасқа қашалған тарих

380 рет
көрсетілді

Әу бастан тағдыры тасқа қашалған ха­лықпыз. Қасиетті қоныс Өтүкенде туын тіккен көне түр­кі жұртынан қалған Білге қаған, Тоныкөк, Күлтегін жазба ескерт­кіштері соны айғақтайды. Бай­кал­дан Балқанға дейінгі ұлан-ғайыр кеңістіктің өне бойында еңсе тіктеген балбалдар мен құлама жартаста бедерленген суреттер де байырғы дәуірлердің құпиясын арқалаған хабаршылар іспетті.

Оларда бәдізделген киелі сөздер, жұмбақ таңбалар, тылсым бейнелер бабаларымыздың тіршілігі мен танымы, ерлігі мен елдігі туралы мағлұмат беріп қана қоймай, сан ықылым заманалар көшіндегі қилы шақтарда олардың рухы мойымауына, туы жығылмауына зор септігін тигізіп отырды. Әріге бармағанның өзінде, «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама», «қайың сауған», «ауа көшу», «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» секілді сөз тіркестерінде таңбаланған зобалаң кезеңдердің де тасқа түскен белгілері бар. Ондай кепиетті орындарға зиярат ету әсте де пұтқа табынушылықты білдірмейді, «өліге иман, тіріге береке бере гөр» деген дұға-тілектің дұрыстығын ишаралайды. Адамзаттың жүріп өткен жолына үңілсек, кез келген халықтың тарихи тағдыр-талайында жарқын сәттермен бірге, тауқыметті тұстар, ойранды оқиғалар кездесетінін көреміз. Ондай сын сағат біздің басымызға да мықтап төнді.

Қаңтар қырғыны – тілмен айтып жеткісіз ауыр, азалы қасірет. Елдігімізге қаскөй күштердің жосықсыз жауыздығынан қан төгілді, дүние бүлінді, жұрт қайғырды. 1986 жылғы Желтоқсан сілкінісінің куәсі болған, егемендігіміздің елесі кезген Республика алаңында енді «Бармыз ба, жоқпыз ба?» деген гамлеттік сауал мемлекеттігімізге қатысты қойылды. Сондай қысылтаяңда ұлттың ұйысып, бейбастақ бұзақыларға жұмыла тойтарыс бергендігінің арқасында тыныштық орнады. Ақ пен қара түстер ұштастырылып, қараңғыдан жарыққа қарайғы ұмтылысты меңзейтін «Тағзым» мемориалы жазықсыз құрбандарды еске алатын, сондай-ақ тарихымыздың ащы сабағынан тағылым түйетін орынға айналатыны анық. Мұнда ел шежіресінде елеулі із қалдырған билеріміз бен батырларымыздың, абыздарымыз бен ақындарымыздың қашап жазылған өнегелі пайымдары келешек ұрпақтың мұндай ауыртпалықты бастан кешірмеуіне түзу бағдар сілтейді.

Ел еңсесінің биік болуы – баршамыздың ізгі ниетімізге байланыс­­ты. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген тұжырымды сөзі әрбіріміздің көкейімізде тұрғаны абзал. Өйткені сол қастерлі құндылығымызды тосын қауіп-қатерден сақтай отырып, қоғамдық ымыра мен ынтымақты нығайтқанымызда ғана Президентіміз мұрат тұтқан әділетті Қазақстанға бірлесіп қол жеткізе аламыз. 

 

Ерлан СЫДЫҚОВ,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, академик