Панфилов ауданында 3 жаңа нысан пайдалануға берілді. Атап айтсақ, 110 орынды модульді мектеп, 284 орынды балабақша, 50 адамға арналған спортзал елге есігін ашты. Жаңа нысандардың іске қосылуы нәтижесінде 75 жаңа жұмыс орны ашылды.
Жаңа білім ордасы Бөрібай би ауылында бой көтерді. Модульді конструкцияларды қолданудың көмегімен мектеп 6 айда тұрғызылған. Ғимараттың жалпы алаңы 1 440 шаршы метрден асады, 13 кабинет қажетті құралдармен жабдықталған. Жобаның жалпы құны – 1,4 млрд теңге. Мұндағы футбол алаңы, спортзал ауыл балаларының тұрақты түрде спортпен айналысуына мүмкіндік туғызбақ.
«Жаңа мектеп маған қатты ұнады, іші жарық, жылы. Бұрынғы ескі мектепте кабинеттер тар еді, әсіресе үзіліс кезінде қолайсыз болатын», дейді Ә.Бөкейхан атындағы мектептің оқушысы Ажар Әлімова.
Жаркент қаласында 284 орынды балабақша ашылды. Жеке кәсіпкер оған шамамен 300 млн теңгедей инвестиция салған. Жаңа нысанда 30 адам жұмыспен қамтылады. Кәсіпкер Мұратжан Зубаршаевтың айтуынша, бұл – Балалар жылы аясында ашып отырған алғашқы нысаны. Панфилов ауданының әкімі Марат Сағымбектің сөзіне сүйенсек, биыл Жаркент өңірінде бірнеше нысан іске қосылған екен.
«Былтыр меценаттардың көмегімен ауылдарда 4 спорт кешені ашылды. Енді бесіншісін ашамыз. Бұл халықтың денсаулығын нығайтуға, бұқаралық спортты дамытуға мүмкіндік береді», дейді М.Сағымбек.
Жаңа спорт залының жалпы алаңы – 250 шаршы метр. Оған 150 млн теңге инвестиция тартылған. 15 жаңа жұмыс орны ашылды. Кәсіпкер Арман Мұратжан өзіне көрсетілген қолдауға ризашылығын жеткізіп, қоғамға пайдалы іс атқару ортақ міндет екенін атап өтті.
Жетісу облысы